"Ел арнада" - "Бәрі де мүмкін"

"Ел арнада" - "Бәрі де мүмкін"
жеке
блог

Қоғам неге безбүйрек? Адам неге қатыгез? Бүгінгі қоғамда жақынын ренжітіп, жатты жағалағандарды, баласын тастап, ата-анасынан безген безбүйректерді жиі кездестіруімізге не себеп? Кім кінәлі? Неге бұлай болды және әрі қарай не істемек керек? Адам етін жеген айуандардың, адам жанын ойыншыққа айналдырған қаныпезерлердің қатары неге көбейіп барады? Түсініксіз.Таңданасыз. Сенбейсіз... Бірақ өмірде «Бәрі де мүмкін».  Бұл өмірдің қызығы мен шыжығы, қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Ал тағдыр жолы тығырыққа тіресе не істемек керек? «Бәрі де мүмкін». Кез келген бөгетті бұзуға болады. Кез келген кедергіні жеңуге болады. Жұдырық болып жұмылсақ, «Бәрі де мүмкін». 

Оған көз жеткізгіңіз келсе, әр жексенбі сағат 19.50-де «Ел арнаны» қосыңыздар. Әлеуметтік ток-шоудың тізгінін ұстайтын – талантты журналист Саламат Омаш және өткір сюжеттерімен ел ықыласына бөленген Нартай Аралбайұлы.

– Бәрі де мүмкін! Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, бұл тағдырдың тұтқиылдан соққан толқындарында омалып қалған қандастардың оңалуына жәрдем жасауға тырысатын ток-шоу. Құрғақ сөзбен қойыртпақ қылмай, қоғамның "қотырын" қаситын, өзекті мәселелерді қозғайтын бағдарлама дәл осы "Бәрі де мүмкін" ток-шоуы. Өз басым телевизия саласында азды-көпті қызмет қылып келемін, тәжірибеме сүйенсем дәл осы ток-шоудың бастамасы қатты ұнады. Және еңбекқор әрі әр адамның тағдырына шынайы ниетпен, адал жүрекпен қарайтын шығармашылық топпен қызмет қылып бағдарламаның жүргізушісі болғаныма қуаныштымын! Біздің ток-шоу, айтарын айтып, тақырыбын талқан қып талқылайтын жоғарғы деңгейлі телетуынды. Және бағдарламадан жәрдем сұрап келген кез келген отандасымыздың тілегін жерге қалдырмай, көтерілген мәселеге жауапты  мамандарды бағдарламаға шақырып, түйіннің түйткілін тарқатамыз. "Бәрі де мүмкін", үмітіңізді үзбеңіз және бізді көріңіз...айтарымыз айқын!", – дейді жүргізушілердің бірі Нартай Аралбайұлы жаңа жоба жайында.

Бағдарламаның алғаш түсірілімдері жалғызбасты әкелер, түрмеден шыққан жандардың қоғамға бейімделуі, жетім балалардың әлеуметтік қорғалуы мәселелері тақырыптарын қозғады. Ең алғашқы бағдарламаның тақырыбы жалғызбасты әкелердің  тағдыры, ал кейіпкері – 3 баланы бағып-қағып отырған шымкенттік Алға Асанов болды. Сізге өтірік, бізге шын, Алға Асанов айтып берген оқиғаның студия қонақтарына әсер еткені соншалық, бағдарлама барысында сарапшыларымыздың бірі оған үй әперемін деп уәде берді. Бұл тек бір мысал ғана. Алда атқарар жұмыс көп, ең өзекті, ең өткір мәселелер біздің назарымызда!