Саябақтағы жалғыз орындық

 Саябақтағы жалғыз орындық. Күн суытып, қыстың ызғары біліне бастағаннан ақ сен жалғызсырай бастаған шығарсың. Мынадай суық күні адамдар да саған отырмайтыны белгілі.Қаншама жылдар бойы сен ғашықтардың алғашқы кездесулеріне куә болдың,  құпия сырларын тыңдадың, туыстардың бір-біріне деген мейірім-шапағатын бірге бөлістің, бүлдіршіндердің қылықтарына сүйсіндің,қаншама ыстық кездесулерді бақыладың, жалындаған жастармен қосылып гитараның үнін тыңдадың,құрбылардың қалжыңдарына күлдің немесе сарғая күткендердің мұңын естіп, жалғыздың сырласы болдың, қарттардың  шаршаңқы қабақтарын бақтың, жылағанмен бірге жылап, жабыққанмен бірге жабықтың. Қажығандар саған келіп демалып, шаршағандар сенде ентігін басты. Қанша жан сенде отырып өмірін саралап, таразылады. Сенде өткен жайлы, қазіргі күн жайлы, күйбең тіршілік жайлы, болашақ жайлы ойлар, пікірлер қалыптасты. Ақындар сенде отырып  табиғаттың аясында шабытқа беріліп, жырларын  төккен де болар. Расында сенде отырған адамның бай, әл-ауқаты тасыған ба әлде қалтасының түбі тесік жарлы ма бәрінің дәрежесі бірдей еді. Ал сен сол жақсылықтарыңа ештеңе сұрамадың. Керісінше саған ойып атын жазып кететінін, бұзықтардың  лас аяғымен таптап отыратынын кешіре білдің. Сен бәрін көрдің, қарадың, тыңдадың, тек адамдардың "рахметін" ести алмаған шығарсың.



Бөлісу: