"Менің атым Қожаның" түсірілу тарихынан бірер сөз

"Менің атым Қожаның" түсірілу тарихынан бірер сөз
жеке
блог

Қазақ балалар киносындағы классикалық туынды «Менің атым – Қожа» – бірнеше ұрпақтың сүйікті картинасы ретінде жүрегімізден өз орнын алған. Фильм экранға шыққалы бері талай жылдар өтсе де онымен тең келіп, көрерменін дәл солай баураған көркем фильм әлі  жоқ деуге болады. Десе де сол картинаның түсірілімінде бастан-аяқ еңбек сіңірген екінші режиссер театр және кино режиссері, КСРО кино үздігі Тұрар Дүйсебайұлы еді. Жуырда ғана 82 жаста өмірден қайтты. Осыдан біраз уақыт бұрын ол кісімен атақты фильмнің түсірілімі туралы әңгіме шерткен едік. 

Тұрар Дүйсебайұлы «Менің атым – Қожаның» актерлер құрамын іріктеп, олармен тікелей жұмыс істеген адам. Режиссер артта қалған қимас жылдарды былай деп еске алады:

- Бұл 1963 жыл болатын. Мен Ташкентте жоғары оқу орнын бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясында режиссер-документалист болып жұмыс істеп жүргем. М.Әуезов туралы тұңғыш деректі фильм түсірілетін болып, соның жұмысымен Семей облысына жол жүріп кеткен кезім еді. Киностудиядан «шұғыл Алматыға жет» деген хабар келді. Алып-ұшып жетсем, режиссер Абдолла Қарсақбаев жазушы Бердібек Соқпақбаевтың повесі негізінде жазылған сценарииді ұнатып, фильм түсіруге ниеттеніп отыр екен. Маған екінші режиссер бол деді. Алдымен сценарийді оқып шықтым. Ұнағаны сондай, бірден келістім. Шығарманың тақырыбы мен сюжеті, балалар әлемін өз тілдерінде шебер жеткізуі мен ондағы шиеленіскен қым-қуыт оқиғалар желісінен бұл фильмнің өміршең туындыға айналатыны аңғарылып тұр еді. Тек жақсылап түсіру керек. Ендігі шаруа – актер іріктеуге құлшына кірісіп кеттік. Бала Қожа мен Сұлтаннан басқа кейіпкерлерді табу қиынға түскен жоқ. Ал Қожа... оның мінезін бірқалыпты деу қиындау, ойнақы, сотқар әрі ақылды тентек болуы тиіс еді. Ондай баланы табу оңай болмады. Алматы, Жамбыл облыстары, Бішкек қаласындағы мектептерді аралап, кастинг өткіздік – нәтиже жоқ. Режиссерлер негізінен психолог болып келеді ғой. Баланың қабілетін көзінен көре біледі. Бірде қызметтесім, фильмнің бас операторы Михаил Аранышев екеуміз киностудияға қарсы беттегі дәмханаға бара жаттық. Алдымыздан екі оқушы қыз жүгіріп өтті (жанымызда №33 орыс мектебі орналасқан еді). Олардың соңынан бір ұл бала қуып келеді екен. Көзіме оттай басылды. Әлгі бала... көзінде бір ұшқын бардай көрінгені. Ішімнен «жер-көктен іздеген Қожамыз осы» деп түйдім. Екеулеп жүріп шап беріп ұстап алдық. «Жібер, жібер мені» деп қояр емес. «Мен режиссермін, киноға түсетін бала іздеп жүр едім, сенің түр-келбетің соның роліне лайық екен, атың кім өзіңнің» деп жөнімізді айттық. «Не надо, я не хочу сниматься в кино» деп азар да безер. Аты мен мекенжайын сұрап қанша әлектенсек те тіс жармады. Қырсық екен өзі. Әлгінде қашып бара жатқан қыздар бізге таңдана қарап тұр екен. Аты-жөні Нұрлан Сегізбаев екенін, әкесінің қызмет орнын сол қыздар айтып берді. Тез арада хабарластық. Әкесі министрлер кабинетінде жұмыс істейтін қартаң кісі екен. «Ой, балам көнбейді, өте бұзық, одан көршілер де, мұғалімдер де әбден зәрезап болып біткен, бекер ұятқа қалдырып жүрер мені, қойыңдар» деп болар емес. Мекен-жайын сұрап алып, кешкісін үйіне бардық. Бала перденің ар жағынан жылтың-жылтың етіп біз жаққа сығалап қарап жүр. Кенже баласы болған соң тым еркелетіп жіберген екен. Ата-анасы «өзіңіз біліңіз, ұятқа қалдырса бізді кінәламаңыз» дегендей ыңғай білдірді. Ақыры отбасымен көндіріп, кинопробаға шақырдық. Алғашқы фототүсірілімдер тамаша шықты. А.Қарсақбаевқа, көркемдік кеңеске көрсетіп, Қожа ролін Н.Сегізбаев ойнайтын болып жоғары жақпен бекітілді. Ал Сұлтан роліндегі Марат Кәкеновты моншадан таптым. Сыриған арық балаң жігіт дөрекі мінезімен, шарт-шұрт қимылымен көзіме ерекше көрінген еді. Оны сынайын деп «арқамды езіп берші, балам» деп өтіндім. «Арқаңды езетін мен саған моншашымын ба?» деп өзіме дүрсе қоя бергені. Айтарын айтып, көз алдымнан ғайып болды. Артынан жүгіріп шыққанымша шығып үлгеріпті. Шешесі жақын жерде балмұздақ сататынын сұрап біліп, іздеп бардым. Ол да әлгі Қожаның әкесіндей тулады. «Қыңыр, қырсық бала, денсаулығы нашар әрі жалғыз ұлымыз болған соң бетінен қақпаушы ек, көне қоймас» деді. Әйтеуір бәріміз жабылып көндірдік. Түйсігім алдамапты, екеуі де сенімімді ақтап, өте жақсы ойнады.     

Тұрар аға түсірілім кезінде Нұрланның өз ролін тез меңгеріп, сәтті алып шыққанын айтады. Қожаның көп қылығы өзіне ұқсағасын болар, айтылған тапсырмаларды лезде қағып алып, қандай кейіпке болмасын оңай енеді екен. Мәселен, Жанарға ғашық болып, балалық сезіммен Жантастан қызғанатын тұста кәдімгідей беріле ойнап, режиссерді таң қалдырыпты. Қожаның айнаға қарап өзімен-өзі сөйлесетін дублінде екі адамның рөлін қатар беру керек болды. Біреуі салмақты Қожа, екіншісі тәртіпсіз, мәймөңке Қожа. Сонда ол даусын барынша құбылтып, өзін-өзі жерден алып, жерге салғанда түсіру тобындағылар ішек-сілелері қатып күлген екен. Фильмдегі малды ауыл Талғар ауданындағы Сталин колхозының жекелеген көріністері, ал жайлаудағы ұлан-асыр той Үшқоңыр жайлауында түсіріліпті. Дыбыстау жұмыстары киностудияның мүмкіндіктері жетпеген соң Мәскеуде жасалған. 

- Бала көңілі әрдайым таза, пәк. Алдағанды жаны сүймейді. Балалық аңғалдықпен, сүйкімділікпен өз роліне енгенде оның аядай көздерінен-ақ шынайылықты, ақтарылған адалдықты көресің. Сонысымен көрерменін сендіре біледі. Балалармен жұмыс істеу үлкен шығармашылық ләззат сыйлады. Кейіннен қайтадан өз арнама түсіп, режиссер-документалист болдым, сосын осындағы облыстық қазақ драма театрына бас режиссер болып ауысып келдім. Дегенмен, сол қымбат жылдарды ештеңеге айырбастамаймын. Рас, бір мәрте балалар фильмін түсіріп көрдім, бірақ ол «Менің атым Қожа» секілді резонанс тудырған жоқ. Ал атақты Канн фестивалінен мықты режиссурасы үшін бас жүлдені жеңіп алуы – біздің кино саласындағы ірі жетістіктердің бірі болған еді. Қазір кейбір кейіпкерлеріммен араласып тұрамын. Нұрлан Сегізбаев одан кейін киноға көп түскен жоқ, университетте ұстаздық етеді, ал Майқанова апай роліндегі Рая Мұхамедиярова – атақты актриса, қазір зейнетте. Жанар роліндегі актриса да жоғары оқу орнында мұғалім. Режиссер Абдолла Қарсақбаев пен түсіру тобындағылардың көпшілігі қазір арамызда жоқ. Сұлтан роліндегі Марат сол бала кездегі науқасынан көз жұмыпты, - дейді аға күрсініп.

Атақты фильмнің көзі тірі куәлары санаулы ғана. Бірақ оның ішінде Таразда күн кешіп жатқан Тұрар Дүйсебаевтың орны ерекше еді. Енді ол кісі де озды өмірден. Дегенмен, фильмге еңбегі сіңгендердің көбі өмірден өтсе де, «Менің атым Қожа» – қазақ кино өнерінің нағыз шедеврі болып қала бермек.