Жынданып кететін шығармын

Жынданып кететін шығармын
жеке
блог

Ұйқысыздыққа ұшырағанда түні бойы тоқтамай ойлайсың.

Мен осы ұйықтап жатырмын ба әлде жоқ па? Ұйықтадым ба әлде жоқ па? Ұйқысыздық деген осы.

Барынша тынышталуға тырысасың. Кеуде кере ритммен демаласың. Бірақ жүректің соғысы жиілейді. Дене ысиды. Ал баста бітпейтін мыңдаған, миллиондаған шырмалған ойлар.

Ештеңе көмектесе алмайды. Медитация да.

Дәрігерлер бірнеше айға ұласқан ұйқысыздық – өте қауіпті дейді. Менде бір жылдан асты. Ол қалай басталғанын, қалай күшейгенін де білмеймін.

Қалыпты адам ретінде жатар алдында жарты сағатқа далада түтінді ауада (Алматыдамыз) демаламын. Сосын үйге келіп жылы душ қабылдаймын. Бір кесе жылы сүт не айран сіміріп аламын. Бөлме қараңғы, температурасы жайлы, жайсыз дыбыс жоқ. Таза төсекке келіп жатамын. Сағат түнгі он бір.

Сағат түнгі екі. Ары дөңбекшимін, былай аунаймын. Ұйқы келмейді. Басымда ойлар. Маған бағынбайды. Өзі келеді, өзі кетеді.

Сағат үш. Ауыр түстен оянып кетемін. Шамамен жарты сағат мызғыппын. Адам ұйықтағанда демалушы еді. Мен шаршап оянамын. Басым зілдей. Бір аунап қайта ұйықтасам деймін.

Сағат үш жарым. Мүлде бөлек ауыр түстен оянамын. Қозғалуға мұрша жоқ. Мына түстерден басым демалмайды. Зіл тартады. Қайта қалғып кетемін

Сағат төрт. Басқа шым шытырық түстен оянамын. О құдайым, бұл не деген азап. Түсті көрмеудің жолы бар ма? Бүкіл әлем ұйқы құшағында. Басым гүп боп ісіп кеткендей. Қайта аунаймын. Мен осы ұйықтап жатырмын ба әлде жоқ па?

Сағат төрт жарым. Тағы да түс. Бұрындары таңертең оянғанда осындай бір түсті көргеннің өзінде әлім құрып, шаршап, делқұлы болатынмын. Ал түніне жеті-сегізін бірден көрген жанның қандай күйде екенін елестетіп көр.

Таңғы жеті. Көрден тіріліп шыққан зомби секілдімін. Өң жоқ. Көз қып-қызыл. Күш жоқ. Ойланып отырмын: осы түні ұйықтадым ба әлде жоқ па?

Таңда тәбет жоқ. Жұмыста енжарлық. Бойда қуат жоқ. Бас мең-зең. Дене демалмаған. Күнде осылай. Аптасына жеті күн, айына отыз күн осылай. Жылына он екі ай бойы осылай өтіп келеді. Адам ит жанды деген осы болар. Қалай өліп кетпей тірі жүрмін.

Медицинада болатын бүкіл тексеруден өттім. Басыма кинодағыдай жиырма шақты токты жапсырып қойған әдемі дәрігер қыз «мүмкін сен біреуге өлердей ғашық шығарсың» дейді. «Қазірден бастап ғашық болатын секілдімін» деймін оған әзілдеп. Бүкіл нәтиже организм қалыпты, тіпті өте жақсы дегенді көрсетті.

Бірнеше мен деген жүйке дәрігеріне бардым. Барымды жайып салдым. Таста дегенін тастадым. Баста дегенін бастадым.

Бірақ нәтиже болмады. Ұйқы өзгермеді.

Димедрол іштім. Тоғыз айымдағы алғашқы қуанышым. Бірінші рет түнгі он екіден төртке дейін түс көрмей ұйықтадым. Осыған дейін күші жетті. Одан кейін әсер етпеді.

Биоритм бойынша түнгі он екіде менің организмім ұйқыға кетеді. Денем ауыр тартады. Қозғалғысы келмейді. Ал басым ояу. Басымда зыр жүгірген ойлар. Ешқайсысының мағынасы жоқ. Акуланың қанша тісі бар екендігі маған неге керек? Африкалық бала сағатына қанша ағылшынша сөз үйренетіні маған неге керек? Анабір зат неге дәл сол жерде тұр, басқа жерде тұру ықтималдығы қандай? Осындай ойлар. Ешқашан мұндай ойлар басыма келмеуші еді.

Ақыры ұйықтамасам, онда кітап оқиын деп орнымнан тұрғым келеді. Денем ұйықтап жатыр, яғни зіл тартып, қозғалуға мұршасы жоқ. Ал басым тым белсенді ояу.

Жынданып кететін шығармын. Жынданғаным дұрыс шығар. Олардың ұйқысы тыныш шығар. Физикалық түрде шаршау да, екі күн қатарынан ұйықтамай бірден ұйықтау да, режимді сақтау да көмектесе алмады.

Ұйқысыздық туралы әдеби де, психологиялық та кітаптар тауыстым. Кино да көрдім. Испанияда қонақ үйдің балконында бір рет тәтті ұйықтағаным есімде.

...Ұйқыны сағындым. Қатты сағындым.