Мөлдір мұң...

 

Қайтейін бес күн кешер өмір жалған,

Гөзөшім, ботам деген сөзің арман,

Сағыныш құшағында балаша өксіп

Қиналсам шығардайсың өзің алдан,- деп басталад бұл мұң. Мектеп қабырғасынан ұшып шығып , өзімді еркін сезініп  «рахат өмір басталды» деп ойлаушы едім алғашында. Студенттік шақтың дәмін татып бастағанымда бұл оңай нәрсе емес, үлкен өмірге бастама «өз қотырыңды өзің қасының»  кебі екенін ұға бастадым. Қасымда күш-күштеп бар тәттісін аузыма тосар, маңдайымнан иіскейтін  жақыным жоқ. Ақ атам,осы бір қиын кездерде саған арқа сүйедім, рухани жақынымның бар екенін сезіндім. Үлкен қаланың қатал қағидаларына төтеп беруді де сен берген тәрбиемен ұштастырдым. Ес білгелі ата- апама еркелеп, мойындарына асылып өскен мен үшін атамның тәрбиесі мүлде бөлек , енді «атам  жоқ» деген оймен санасу өте  қиын. Былдырлап әр нәрсені бір сұрайтын менің сөйлегенімді   қызық көріп, апам екеуі 5 жасымда мектеп табалдырығын аттатқан-ды. Сол мезеттен бастап ақылшым уақыттың қадірін  санама сіңіре бастады. Сабақтан келе қабырғада ілулі тұрған кестеге қарап, ойынға да уақытпен кететінмін. Ораза кезінде атам мен апамның ауызашардан келгенін ұйықтамай күтіп отырушы едім. Бір қызығы, апам әкелген тәттілер бөлек, атам  әкелген тәтті кәмпиттерді алғанша асығатынмын. Сенсеңіз, сол қалталардағы кәмпиттер зауыттан шығып жатқандай бітпейтін, шетінен алып жей беретінмін. Алғаш өлең жаза бастағаным да сол 7 жас шамасы болса керек. Тісім түсті деп басталатын 1 шумақ шала өлеңімнен  кейін атам менің шығармашылыққа бейім екенімді аңғарады. Тақырып беріп бір бөлмеге кіргізіп жіберетін. Ондағы мақсаты сары қызым бір нәрсе жазса дейді ғой. Мен де азды көпті құрамамды алып шығатынмын. Сол кезден бастау алатын шығармашылығым кейде сусап қалып жатады. Тіпті қалам ұстауға зауқым соқпайтын сәттер болады. Жол сілтейтін адамға сонда зәрумін. Өз – өзіммен әлек болып, қалың ойға жиі шомамын. Сондай сәттерде «Сен шығармашылық адамысың. Тұр!» деген дауыс құлағыма сыбырлағандай болады.  Осы  бір мені қозғаушы күш, алып дауыс иесі сен деп білем, Аташым. Әрбір айтқан ақылың  үлкен олжа, алтын қазына еді маған. Сол теп- тегін  қазынаны игеріп, халқыма паш етуге  кеш қалғаныма қынжыламын іштей. «Досы көппен сыйлас»,- демей ме дана қазақ. Атаммен көше бойлап шыға қалсам «Ассалаумағалейкум» , «Қалқам, амансың ба?» деген сөздерден құлағымның құрышы қанатын. Менің атам ортасына  сыйлы, біреу көңіліне келсе жас балаша ыстықтап қалатын, ұнамаған нәрсесі болса «ей, ты, слушай» деп әңгімесін бастайтын. Қайтымы тез оның бойындағы ақкөңілділігі адам баласына қатты сөйлемеуге тырысатындығынан байқалатын...

Қысқы демалысқа шыққан кезім, ауылға асыға жеттім. Атам ауырыңқырап укол салдырып жүр екен.  Кешкісін  «біздің тамға» ( атам мен апамның бөлмесі) кіріп арқа-жарқа әңгімеге кірістік. Бұрынғыдай емес атам салмақты көзқараспен сөз бастады. Маған қарап, қызым, сабағың жақсы ма?-деп сұрады. Мен бар ынта- шынтаммен ия, ата, барлығы  бес деп қоямын. Атам кенеттен, төрт алсаң кешпеймін, қызым деді.  Сол сәттен бастап атамның сөзі мен үшін  ұлы мақсатқа айналды. Өзіме берілген жауапкершілікті сезінуге бір табан болса да жақындай түстім. Менен кейінгі інім Ынтымыққа қарап, балам, армияға барма дейді.  Інім болса қызбаланып   «барамынына» салып қоя берді. Атам бір сөзбен ғана  « менің тілімді алсаң барма!» - деді де қойды. Кіші інім Нұршуақты ерекше жақсы көретін . Саңғыл баба рухына арнап жазылған өлеңін де өз балам орындасын деп қолынан жетектеп жүріп үйреткен немересі ғой. Нұршуаққа қарап  үлкен үміт күткендей «Осы баламның ақылы көп. Менің атымды шығаратын сен»деді.   Маған қайта қарап, «Гөзөш, осы демалыста апаңның қасында бол,  апаң шаршайды, көмектес!» дегенде де ештеңе ойламаппын. «Жарайдымды» келістіріп, әңгімеге кірісіп отыра кеттім. Сол мезеттен арада екі күн өтпей «аталарыңнан айырылып қалдық»деген суық хабар  келгенде  үстіме  мұздай су құйып жібергендей болды. Өзімді қоярға жер таппадым. Түсім болып, шошып оянсам екен дедім. «Өтірік, атам қазір келеді» деген оймен жылай бердім, жылай бердім. Әлі  де сенбеймін...

Мен қаладан келгенде алдымнан шығып, кең көсіліп  ақылын айтып менің таусылмайтын әңгімемді тыңдаса деймін. Бірақ амал жоқ. Атамсыз өткен әр сағат, тіпті минуттар мені соңы жоқ, сансыз ойларға жетелейді. Ендігі жерде атамның орындалмаған армандарын жүзеге асыратын біздер боламыз. Атам баратын жерде қос қанаты- ұлдары, сара жолын жалғайтын немерелері жүреді.. Өмірімнің бөлшегі, ізгілік пен тәрбиемнің  бастауы болған жан атам, апамның қара шалы - орныңның ойсырап қалғанын-ай! Төрдегі орның, үйдегі үйіліп  жатқан газеттер мен том-томдаған кітаптар оқырман қариясын  күтіп тұрғандай сезіледі маған.   Ауылды аңсап, алып-ұшып барғанда алдымнан шығар қамқоршым ,  қолынан қағаз-қаламы, көзінен көзілдірігі түспей кітап оқып «Гөзөшім, келдің бе , ей?» деп жататын аташымды сағындым...



Бөлісу: