Босанудың өзгеше әдістері

Босанудың өзгеше әдістері
жеке
блог


Құдай берген екі перзентім бар. Жалпы босану процесін бастан өткерген арулар түсінеді (әлі ана атанбағандар түсіне алмайды, өйткені, құр естігендерің арқылы оны сезіну мүмкін емес, өзімнің көзім жетті соған)))), бұл оңай емес. Расымен де бір аяғың көрде, бір аяғың жерде, дем жетпейді, бір жұтым ауаға зар боласың. Әлі де құдайдан үміттімін. Сондықтан, жеңілірек босанудың жолдарын іздеп жүрем. Соңғы жылдары босанудың түрлі әдіс-тәсілдері өмірімізге еніп жатыр. Бұрыннан қалыптасып қалған әдістермен қатар әйелдің өмірге сәби әкелу процесін аздап жеңілдететін әдістер жалпақ жұртқа біршама танылып қалды. Оны жүкті әйелдің патша көңілі біледі. Таңдау жасайтын сол. Әрине, мұның ішінде ең қауіпсізі – перзентханада босану. Жаныңда арнайы мамандар, жабдықталған босанатын және реанимация кабинеттері бар, ешқандай қорқыныш жоқ. Мұндағы жаңалық - жұлынға арналған анестезия. Оны салдырсаң, толғақтың ауырлығы сезілмейді. Қиналмайсың. Мәселен, Израильде барлық әйел түгелімен солай босанады. Оны сонда оқып қайтқан дәрігерден естідім. Ал, бізде бұл анестезия тегін болғанымен, акушерлер оны қолданғысы келмейді. Естуімше, мұнда анестезиологтар қорқады. Қанша дегенмен, жұлын ғой, дұрыс салмаса, әйел сал болып қалады екен. Бір рет босанған әйелдер екінші ретінде сөзсіз осы бір препаратты қолданғысы келеді. Себебін өздеріңіз де білесіздер)) Бір аудандық ауруханада болғанымда, дәрігерлер қиналып жатқан әйелге қанша жалынса да әлгі анестезияны қолданбады. Бір жағы тегіннен тегін салғысы келмеді, екінші жағынан ауыл әйелінің сауатсыздығын пайдаланып, "Ондай препарат бізде жоқ, оны қайдан естідің? " деді. Ал соның алдында ғана журналистерге оны басқаша әңгімелеп берген етін. 

Сондай-ақ, кейінгі кездері Қазақстанда үйдегі тыныш та жайлы атмосферада, сүйіктісі мен балаларының ортасында босанып, сәбиін ең алдымен күйеуінің көйлегіне орап, иісін сіңдіруді әдетке айналдырып жатқандар да бар. Мәселен, 37 жасар шымкенттік Сабина Омар өзінің екі кенже қызын осылай босаныпты. Оның төрт қызы бар. Екі жоғары оқу орнын бітіріп, ірі мұнай компаниясында жұмыс істеген Сабина соның бәрін тастап, отбасын гүлге ораған отанасы, балаларының аяулы анасы ғана болуды қалапты. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол өзінің «Махаббатпен жаралған» атты кітабын жазып шығарды. Онда үйде босанудың қыр-сыры кең көлемде баяндалған. Толғағы басталған кезде Сабина жеті шелпек пісіріп, құран оқытады екен. Қайта-қайта дұға оқып, Алладан толғағын жеңілдетуін сұрайды. Сосын ванна бөлмесіне айналдырып майшам жағылады. Сол әсем аурада, ваннадағы судың ішінде бала дүниеге келеді. Әрине, міндетті түрде акушер-дәрігер бәрін бақылап отыруы тиіс. Бірақ босанғаннан кейін болмаса, оған дейін акушер «табиғи босану үрдісіне» араласпауы керек. «Өмірге адам әкелуді біз үнемі жағымсыз естелік ретінде еске алып отырамыз. Бірақ ол да біздің өміріміздің маңызды бір сәті. Оны ұмытылмастай етіп өткізуге болады. Өзің жазған «сценарий» бойынша босану үлкен бақыт. Тағы да құдай бұйыртып жүкті болсам, ол сәбиімді теңіздің жағасында туғым келеді», - дейді С.Омар. Ескерте кететіні, бұл әдістер Ресейде және шетелдерде кәдімгідей танымал. Бірақ, қорқынышты Frown

Осындай ыңғайлы жағдай жасап, аялап босандыру әрбір отбасының қолынан келе бермейді. Әйелдер де мұндай тәуекелге барғысы жоқ. Сондықтан аяғы ауыр әйелдің жақындары осындай сын сағатта оның жанында болудың өзін місе тұтады. Мұны біз «серігімен бірге босану» (партнерские роды) дейміз. Жасырып қайтеміз, соның өзі адам психикасына жағымсыз әсер етеді.. Ащы толғаққа төзе алмай шыңғырған әйелдің жанында шыдап тұрудың өзі қиын. Көмегіңді берейін десең – қолыңнан келер жәрдем жоқ. Уақыты келмей бала шықпайды. Тіпті тән қиналысының өшін сенен алып, өзіңе тап беруі де ғажап емес. Оның жанына демеу болудың орнына өзіңнің палатадан жанұшыра қашып шығуың мүмкін. Бұл тек толғақ кезеңі. Ал босану кезеңі одан да қиын. Қолтығынан немесе иығынан сүйеп, әйелдің тоқтаусыз айғайы мен ойбайын естіп, аққан терін әлсін-әлсін сүртіп тұрасың. Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде тұрған әйелмен бірге өзің де екі дүниенің ортасында жүргендейсің. Акушерлік әркеттердің өзі бірінші көрген адамға оғаш көрінеді)))

Әзірге өзім естіп, білген босану әдістері осындай. Сіздер басқа қандай түрлерін қосар едіңіздер?