Жаңа технология жаңалықтары

 

 

Ірі қуат өндіргіш іске қосылды

 

Мохава сахарасында күн жылуынан қуат өндіретін электрстанция іске қосылды. Ол әлемдегі ең ірі электрқуатын өндіретін тұрақтардың бірі. Ivanpah Solar Electric Generating System деп аталатын қуат өндіргіштің алар орны 14 квадрат км. Мұндай қуат өндіргіш Google, BrightSource Energy және Bechtel сияқты белгілі корпорациялардың көмегімен салынған.

Ivanpah 300 мың айна мен үш ғимараттан құралған. Күн сәулесі айнаға түсу арқылы ғимараттағы суды жылытады, осылайша буланып қуат көзі пайда болады.

Қазірдің өзінде Ivanpah-тың бірінші ғимараты қуат өндіріп үлгерді. Болашақта барлық бөлік іске қосылса, 392 мегаватт қуат көзі пайдалануға беріледі. Мұның өзі 140 мың үйді қуаттандырады деген болжам. Яғни, одан 400 мың тонна көмірді үнемдеуге болады. Чарли Камертонның айтуы бойынша бұл адамзаттың жеткен жетістіктерінің ең жоғарғысы.

 

Android-қа бес жыл

 

Осыдан бес жыл бұрын Google компаниясы өзінің төл туындысы Android-ты ойлап тапқан болатын. Ол алғаш T-Mobile G1 ұялысынан орын алған еді. Осылайша T-Mobile G1 Android бағдарламасын алғаш қолданған қаржылы сатылым ретінде тарихта қалды. Linux базасы бойынша, әрине.

Міне, 5 жылдың ішінде Android әлемдегі ең танымал бағдарлама жүйесіне айналды. Мұны 2013 жылдың наурыз айындағы нарықтағы 64 % көрсеткіші дәлелдейді. Ал 2013 жылдың шілде айы қарсаңында аталмыш бағдарламаны орнатқан 11868 дана ұялы тіркелген.

Мамыр айында Google Play жүйесі бойынша онлайн-дүкендерде 48 миллиард бағдарлама көшірілген болса, қыркүйек айында оның саны миллиардқа келіп жығылған.

Бұл бес жылдық бағдарлама үшін үлкен жетістік. Ал, келесі бір бес жылдықта не болар екен?

 

Әлемдегі алғашқы «интернет-кондиционер»

 

Енді сіз ауа арқылы мұздай аласыз. Ия, Қытайлық Hisense компаниясы мұндайды да ойлап тапты. Бұл қалай дейсіз бе? Ауа мұздатқышын ғаламторға қосу арқылы. Жаңа құрылғыны күнделікті өмірде қолдануға әбден болады.

Hisense қызметкерлерінің айтуы бойынша ғаламтор жүйесіндегі хат алмасу барысында кеңсені мұздатып, температура мен ауа ылғалдылығын реттеп отырады. Тек ол үшін ақылды мұздатқышты вертуалды достарыңыздың қатарына енгізіңіз.

Аталмыш құрылғыны ойлап табуға Hisense бұрынырақта жасалған ақылды теледидар мен тоңазытқыштың әсер еткендігін тілге тиек етеді. Бір өкініштісі жасалған туынды сатылымға әлі ене қойған жоқ. Күтіңіз, болашақта мүмкін, үйіңізден орын алып қалар.

 

Ғаламтордағы ең ызалы орын

  Пекин университетінің қызметкерлері ғаламтордағы ең ызалы орын деп - Twitter-ді көрсетті. Бұл жайдан жай айтылған сөз емес, зерттелген дүние. Өйткені, сараптама нәтижесі бойынша ашу мен ыза смайлдары көп қолданылған мұнда. Яғни, Twitter-ліктер ызаға бейім жандар болғаны. Әдетте мұндай адамдар күйзеліске өте бейім келеді. Сондықтан ашудан алшақ болайық.

Amazon ұсынған жаңа планшеттер

Amazon смартфондарды шығаруға асықпаса да, өз планшеттерін шығарды. Kindle Fire HDX атты жаңа планшеттер көпшілікке таныстырылды. Мұндағы өзгешелік, жылдақтық артып, көлем кішірейген.

Дисплейі 7 және 8,9 дюймдік үлгілер алдыңғы буын планшеттерге қарағанда, түрлі-түсті суреттерге бай. Ал, пиксел тұрғысынан соңғы iPad үлгісінен әлдеқайда сапалы. 7-дюймдік үлгі 1920 х 1200 пикселді экран көлеміне ие болса, 8,9-дюймдік үлгі 2560-1600 көлемін алады.

Жаңа үйренушілерге арнап «Mayday» қызметі қосылған, онда көпшілітен видео-чат арқылы көмек сұрай аласыз. Бұл да сіз үшін жасалаған жаңа жұмыстардың бірі.

Amazon компаниясының бас директоры Джефф Безос шығарылған өнімге «бірегей керемет» деген атақ берді. Осыдан болар, компанияның тұтынушылармен жұмыс істеуі ілтипатқа молынан ие.

Айтқандай, компания планшет бағасын төмендетті, яғни, 60 долларға арзандады. Енді сіз оны 139 долларға сатып ала аласыз.

 

Coca-Cola көштен қалды

 

Interbrand кеңес беруші компаниясы жаңадан тізім жасады. Ол қандай дейсіз бе? Ең қымбат брендтер тізімі. Көштің басы Apple компаниясына бұйырды. Яғни, ол әлемдегі ең қымбат бренд атағына ие болды. 2012 жылы ол екінші орында болатын, ал 2011 жылы тіпті, сегізінші орынды қанағат тұтқан еді. Биыл оның бағы жанды.

13 жыл бойы осы көштің тізгінін бермей келген Coca-Cola сусыны бірінші рет көштен қалды. Тарихи сәт. Осылайша бірден үшінші орынды қанағат тұтты. Екінші орынды Google еншілесе, IBM оның өткен жылғы орнын басты. Естеріңізде болса, өткен жылы  Google 4-ші орынды еншілеген болатын.

Microsoft сол баяғы 5-ші орынды сақтап тұр. Қажырлы еңбек. Біле жүріңіз, сонымен қатар мұндай бір қалыпты тізгінді ұстап тұрғандар қатарында, General Motors, Toyota сынды компаниялар да бар.

Құлпынай жинайтын робот

Құлпынайды тездетіп жинау әдісін жапондықтар ойлап тапты. Shibuya Seiki компаниясының инженерлері піскен құлпынайды өзі тауып, үзе қоятын роботты шығарды. Биіктігі 2 метрге жететін робот егістік қатарын аралап, піскен құлпынайды өзі ажыратады. Ажыратып қоймай, арнайы себетке тездетіп теріп, уақытты үнемдейді. Бір құлпынайды үзуге небәрі 8 секунд уақыт кетеді.

Үш бейнекамерасы жұмыс жасайтын, бұл құрылғының механикалық қолдары да бар. Олар  жемісті үзуге арналған.

Аталмыш туындыны жасауға Жапонияда жиналатын құлпынай процессі әсер еткен. Өйткені, бұл елде оған ұзақ уақыт жұмсалған алғашқыда. Ал, роботты жасаушылар енді мұны жеңіл жұмысқа айналдыруға әбден болады деп отыр.



Бөлісу: