Қонақжаймыз ғой, шіркін

Тойдын болғанынан боладысы қызық дегендей, қонақтың да келгенінен келедісі қызық қой. Қонақ келгеннен бір-екі апта бұрын үйімізді ақтап, ремонт жүргізе бастаймыз.Есіктің алдын тазалап, қисығымызды түзейміз.  Бейне бір қонақ емес, тазалық жөніндегі  комиссия келетіндей.  Содан қонақтың келуіне бір-екі күн қалғанда, алысты жақынды ағайындар жиналып мал сойып, тоқаштың иісін мүңкітіп жатады. Сол ағайындардың  өзі Құдайға шүкір келетін қонақтардың санынан бірнеше есе көп. Шұбырған бала-шаға үйге бір кіріп, бір шығып жатады. Есіктің алды аяқ киімге толып, бірінікін бірі іле салып,иелері іздеу салып жататындары бар. Женгелер мен келіндер ас үйде гүбір-гүбір ыстық шайдан ұрттап қойып, бірі нан илеп жатса, бірі  етті тұздап, осып жатады. Пештен, самаурыннан шыққан түтін қонақтың келетінін, бір қуаныштың жақындағанын еске салып тұрады. Қонақ келетініне бір сағат қалғанда үйдегі ұзын үстелге ақ дастархан жайып, әйелдер қауымы жайнатып жібереді. Сөйтеді де үйде жүрген майда балаларды далаға бірін қалдырмай  "ойнап кел" деген сылтаумен қуып жібереді. Жаңа ғана шашылып жатқан киім-кешек, аяқ киімдер жердің астына кіргендей жоқ болып кетеді. Есіктің алды айнадай жарқырап тұрады. Тәттіні көрген бала-шаға ойнаушы ма еді. Гүлге қонған арадай айналып келе берген соң, қалталарына   тәттіні үйіп салып береді. "Қонақ кеткен соң жейсіңдер, осының бәрін солар арқалап кетпейді, сендерге қалады" деген сөзді әрқайсысымыз естіген болармыз кезінде. Сөйтіп қонақ келе бастайды. Ол кезде үйде аяқтың арасында оратылып жүруге болмайды кішкентайларға, көзден де таса кетпеу керек, әйтпесе "қайда кетіп қалдың, самаурынның асты өшіп қалыпты ғой" деп ұрсатындары бар. Сондықтан анандай жерде кім не бұйырар екен деп елегізіп тұрады. Үйге кіріп ешкімге көрінбей жата қалайын десең, төсектің үстінде қамырлар, орындықтардың үстінде қонақтардың киімдері. Диванда қонақтарға "қайтару" пакеттері дайын күйде тұрады.  Өйтіп-бүйтіп түнге қарай шығарып саламыз ау қонақтарды. Қонақтар кеткен соң үлкен кісінің біреуі міндетті түрде: "Әй келін, шай қой, ал енді өзіміз отырып жақсылап шай ішейік" дейді. Сосын үй иесі "Аллаға шүкір бір міндеттен құтылдық" деп айтады міндетті түрде. Қонақ күтем деп тамағына ас батпаған үлкендер, сораптап қою шайды жаны жайланып отырып ішіп алған соң, үстелді бір жаққа қарай жылжытады да, келіндер ұзыннан ұзақ төсек сала бастайды. Төсекке жатқан жастар бірден қорылға басса, үлкен кісілердің оййййй әңгімелері таң қылау бергенше жалғасады ғой. Қонақты құдайындай сыйлайтын неткен қонақжай халық едік.



Бөлісу: