Тіл білмеген соң

Өзім Қытайдын келген арнайы көліктерді сататын, жалға беретін мекемеде істегендіктен, біздегі ұжымның басым көпшілігі Қытайдан келген қандастарымыз. Олардың қазақ тілін еш қоспасыз таза, әдемі сөйлейтіндігі тамсандырады. Ал орысшаға келгенде біраз ақсайтындары бар.

**** Өткенде есеп бөліміндегі есепші орыс қызға жабдықтаушы болып қызмет істейтін ағамыз барып: "Люба, мой зарплата картошка да" депті. Бұған Люба аң-таң, "какая картошка". Сөйтсе ағамыз жалақысының карточкаға түскен-түспегенін білгісі келген екен.

*** Алдынғы күні де автобөлшектер жөніндегі маман факстан бір қағаз өткізіп болып, біреуге қоңырау шалды. Сөйтті де "Денис я факс отправил платочка" деді. Ар жағындағысы "платочкасын" түсіне алмай әлек. Мен де түсінбедім алғашында, көз алдымнан факстан өткізіп жаткан беторамал кетер емес)))). Қолына қарасам платежное поручение - платежка бар екен.  Сосын ғана түсініп күлкііім келіп кетті. Бірақ күлсем ыңғайсыз болатынын түсініп, шығып кеткенше іштен тындым-ау әзер.

*** Содан жанағы жабдықтаушы ағамыз тағы қатырды. Қолындағы сатып алынған  тауарлар жазылған (наклодная) қағазына компанияның атын жазуды ұмытып кетіпті. Есеп бөліміндегілер компанияның аты міндетті түрде керек дегендіктен, ұялы телефонынан қоңырау шалып: "Ало, компания, как тебя зовут" - дегенде қыран-топан күлкіге кенеліп едік. Негізі оның орысша білмейтініне емес, айтқан сөздеріне күлдік.

Ал ұят та болса айта кетейін. Осы жасқа келгенімше әңгелектің орысшасы - колхозница екенін білмеппін. Өткенде базарда бір жігіт жакындап кеп:"әңгелек аламыз, қыз, әңгелек" деді. Мен алмайтын болған соң басымды шайқағаным сол еді, ол маған "алсайшы, колхозница" деді. Мен оған "өзіңе қарап ал" деппін. Бәсе, бір түрлі қарап  кетті. Ұят ай. Қайдан білейін мені колхозница деп жатыр екен деп..... Содан болған жағдайды жолдасыма айттым. "Еее, сен нағыз колхозница екеніңді көрсетіп қойдың ғой" дейді.



Бөлісу: