"Мектептегі кездерімді сағындым"

"Мектептегі кездерімді сағындым"
жеке
блог

Қайран балалық шақ десеңші, ешбір күйбенсіз, ешбір уайым-қайғысыз өткен күндерім. "Қолда бардың қадірі жоқ" дегенді енді түсінген болсам керек. Қазіргі таңда студент атанып, ата-анамның қадірін түсініп отырмын. Қиналған шағымда үйімді, мектеп қабырғасында өткен қызықты кездерімді еске алып, күрсініп аламын. Кейін, осы қалаға арман қуып, оқимын деп келген өзім емес пе?неменесіне өкінемін?- деп жұбатып қоямын. Арман қуып, ҚазҰУ-ға өз қалауыммен түскенім рас. Оған еш өкінбеймін. Тек мектептегі кездерімді есіме алсам, сағынышпен артқа оралғым келіп кетеді-ау. Сыныптастарыммен әзілдесіп, қалжыңдасып тегін күлкіге шомылатын күндерім-ай деп те қаламын. Қазір барлығымыз өз еркімізбен, қалаған мамандықтарымызды таңдап, әр қалаға кеттік. 9-10 сыныпта оқып жүргенімде мектептен кетуге қатты асыққаным әлі есімде. Үлкен қаланы аңсап, бостандықты қалап, уақыт өткізе алмай  жүрген күндерім де болды. Ал, 11 сыныптың 1 қыркүйегінде басыма бантик тағылған кезде балалық шағыммен соңғы рет қоштасып түрғанымды сезіндім. Тіпті уақыттың тоқтап қалуын қаладым. Бірақ бұл 9 ай да алды-артына қарамастан ұшқан құстай зымырап өте шықты. 25 мамырды айтсаңшы, тіпті қатал мұғалімдеріңе де қимастықпен қарап тұрасың. Сыныптастарымның барлығы көздеріне жас алып, күрсініп тұрғандай. Сол кезде бойыңды бір от өртеп жібереді. Мектеп қабырғасында өткен әр жылы, әр күні, әр сағаты, тіпті әр минуты мен секундының да қымбат екенін түсіндім. Мен бұл ойыммен өз сағынышымды білдіргелі отырмын. Мектеп оқушыларына айтарым, үйден кетіп, тез есеюге асықпаңдар, қазіргі кездерің ең бақытты да ең асыл күндерің. Қолда барды бағалай біліңдер...