Маған қандай сыйлық ұнайды?

Маған қандай сыйлық ұнайды?
жеке
блог

   Көңіл құлазыған кезде оны марқайту үшін қандай да бір пайдалы себеп іздейсің. Жақын жанның жаныңнан табылғанының өзі – езуіңе еркіндік сыйлайды. Ал, сыйлық алу – тіптен, шексіз шаттыққа бөлейтін үлкен реакция. Жас толқын болған соң алуан құбылыстарға қызығушылық өрмегін құрамыз. Кез-келген жерде, қай қырынан болсын, ізденіс пен құлшыныс – жүйрік. Сондай-ақ, өзгенің жетістігіне екі мақсатта көзқарас білдіреміз. Әрине, бірінші – «Жарайсың» деген шынайы лебіз, ал екіншісі – «Менің де қолымнан келеді» дейтін талпыныс. Мәселен, қазір жас ғашықтар арасында бір-біріне деген сезімдерін – балауыздардан құралған жүрек пішінмен, 101 раушан гүлінде тұнып жатқан кіршіксіз сүйіспеншілікпен, от шашу секілді зор идеялық сыяпаттармен жеткізіп жатады. Жатақхана тұрғындары арасында түнгі 12-ден асқан мезетте көлікті «бипілдетіп» ғашығына деген іңкәрлігін айқайлап жататындар тағы бар. Бұл әуелде, бір адамның ойына келгеннен немесе шетел фильмдеріне үңілгендіктің әсерінен туындайды. Содан бір-бірінен «көшірілген жоспарларды» жүзеге асырады. Бір жағынан, ол да – керемет. Берілген дәуреннің қызықсыз өтуімен күрес. Дегенмен, тәкаппарлыққа мініп, сыйлықты талаппен қабылдау – саналының ісі емес. Жігітіне «Гүл алып келмесең» немесе «Көліксіз келсең» және «Қымбат дәмханаға алып бармасаң, шықпаймын» деген қыздың басынған оқиғасына өзімнің тап болғаным бар. Бір оқығанымды айтсам фактсіз болып қалар, бірақ Ислам дініне қатысты сайттан оқыған болармын. «Махаббатың кеңдігі – сыйлықтың көлеміне қарамаса керек, бастысы, шың ықыластан берілсе болды» дейді. Міне, осы сөзбен келісемін.

    Арманда жүрген дүниені өздік ниетімен өзге адам тарту етсе, сол жанға барлық алғысты жаудырасың ғой, шіркін! Мәселен, мен әлдекімнен сыйға домбыра алғым келеді. «Нағыз киелі қазаққа» әуестігімнен болар. Бірақ, айналысарға өзі болмаған соң, құлағында ойнау –  ұмыт болып барады. Бұл жазбаны «маған сыйлаңдаршы» деген тілекпен жазбадым, әрине. Кімнің де болсын, кеудесін ұшқыр армандар серпіп тұрады емес пе? Сабақ оқып отырып,  «маған қандай сыйлық ұнайды, осы?» деп бір сәттік ойға семіп кеттім. Содан, өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдім! Мүмкін, сіздің де жүрек қуысында тербеліп жатқан «Мен осындай сыйлық алғым келеді» дейтін қандай да бір арман ба, тілек пе бар шығар?!