Жанарымнан жас сырғытқан қойылым

Жанарымнан жас сырғытқан қойылым
жеке
блог

Мен негізі оңайлықпен жылай қоймайтын қызбын. Дұрысы жылай қоймайтын едім. Еңсемді езген егіз мұңды да қаймықпай қайтаратын қытымыр мінезім тағы бар. Кеудемді қысқан ащы өксік кеңірдегіме келіп тығылса да, көзіме жас үйірмеуге тырысатынмын. Жалпы өзім қатты қайғылы жағдай болмаса, ұсақ-түйекке бола жылау дұрыс емес деп есептейтінмін. Мүмкін менің бұлай ойлауым дұрыс емес шығар, бірақ, қайтейін – сондай адаммын. Болмашы нәрсеге жылай салатын құрбыма да, сериал көріп отырып көзіне жас алатын жан анама да, сүйген жігіті тастап кетіп, үнемі жанарынан мөлдір моншақ үзіліп жүретін сұлу сыныптасыма да, жасырмаймын, жекіп тастаған сәттерім болған. (Осындай болғаным үшін Құдайдан кешірім сұраймын) 

Бірақ... бірақ... Мен бүгін жыладым... Егіліп тұрып... Неге екенін білмеймін, жанарыма толған жасты іркілте алмадым. Тоқтамай жылай бергім келді. 

Осындай мінезді қыздың жүрегіне жан бітіріп, іші бауырын ерітіп, елжіреткен не дейсіз ғой? Ол – Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынары».        

  

Бұл драманы көрген кездегі ішкі жан дүниемдегі алай-дүлейді жеткізе алмаймын. Сана сезімімен беріліп қараған соң ба, айналамдағының бәрі ұмыт болып, қиял әлеміне еніп кеткендей болдым. Сол қиялдың елесінен арыла алмай тағы жүрдім. Бұл қойылымның не туралы екенін айтып жатудың өзі артықтық етер. Басты кейіпкер Әселдің сүйген жанына деген мәңгілік махаббаты, адалдығы, мөлдірлігі, пәктігі, шынайы саф алтындай сұлулықтың символы іспеттес. Әселдің басындағы қиындықты жауыма да тілемес едім.  

Бұл қойылымды көріп отырып, көзіне жас алмаған пенде кем де кем шығар, сірә. Қойылымды көрген соң, өмірге басқаша көзқараспен қарай бастадым, жылтырағанның бәрі алтын емес екенін де түсіндім. 


Ең басты тақырып “қолда барда алтынның қадірі жоқ” деген ойды жеткізу. Сезімді бағаламау, өз қорқынышың мен менмендігіңнің салдарынан ең қымбат жандарыңнан айырылуға болатындығы түсіндіру. Қойылымда орындалған әндер де адам жүректі шымырлататын мағынасы жоғары, сыры терең әндер. Көрерменнің жүрегіне жол тауып, театр әлемінде ойып тұрып орын алатын бұл қойылымды дайындаған режиссерге де, өз рөлдерін шынайы сомдап шыққан актерлерге де айтар алғысым шексіз!