Сиеста уақыты немесе Реалға кім керек?

Сиеста уақыты немесе Реалға кім керек?
жеке
блог

Жаз келіп, жазғы трансфер ашылған кезде Еуропа клубтары өз сапын жаңартуды ойластыратыны белгілі. Әсіресе, топ-клубтардың спорттық директорлары мен менеджерлердің жұмысы көбейеді. Чемпиондар лигасы аяқталысымен клуб жетекшілері өз командасына мықты ойыншы алуды көздеп, жыл бойы үмітті ақтамаған ойыншыдан құтылудың жолын қарастырады. Биыл бірде-бір кубокқа қолы жетпеген мадридтік «Реалдың» маусым соңындағы көңіл-күйін сипаттап жеткізу мүмкін емес шығар.

Ла лигадағы жеңісті «Барселонаға» былтырғы жылдың желтоқсанында-ақ берген «Реал» корольдік кубокпен Чемпиондар лигасына бар күшін салған еді. Корольдік кубоктің жартылай финалында «Барселонаны» шаң қаптырып, финалдық кездесуде жерлестері «Атлетикоға» есе  жіберді. Ал Чемпиондар лигасында қаһары қатты «Манчестер Юнайтедті»   1/8 финалда жолда қалдырып, оңай беріспейтін  «Галатасарайды» екі ойын көрсеткішімен жеңді. Сөйтіп, оларды жеребе Юрган Клопп жаттықтыратын, екі рет қатар Бундеслиганы жеңген дортмундық «Боррусияға» жолықтырды. Футболдың білгіштері «Реалдың» жолы болды деп жатты. Бірақ «Боруссия» өз алаңында «Галактикосты» 4-1 есебімен талқандап, бірінші ойында-ақ бар мәселені шешіп тастады. «Сантьяго Бернабеуде» өткен жауапты кездесу «Реалдың» пайдасына 2-0-мен аяқталды. Жанкүйерлер өкінішіне орай бұл есеп корольдік клубты қанағаттандырмады. Оныншы Десиманы (Чемпиондар лигасы кубогының атауы – авт) алу тағы кейінге қалды. Осы ойыннан кейін «Реалдың» спорттық комитеті кінә неден екенін іздеумен басын қатырды. Бірі Жозе Моуринью жарақатынан айыққан команда капитаны Икер Касильясты негізгі құрамға қоймағаннан десе, тағы бірі команда ойыншыларымен бапкер арасында түсініспеушіліктер көп деп жатты.

Ал Жозе бапкердің өзі командада Криштиану Роналдудан басқа гол соғатын шабуылшы жоқ деп ақталды. Шынымен, биыл команданы жалғыз сүйреген  - португалдық супер ойыншы. Ол осы маусымда 34 ойын ойнап, 34 гол соққан  және 12 голмен Чемпиондар лигасының үздік сұр мергені атанды.  Ла лигадағы соңғы турдан кейін  Жозе Моуринью өзінің командадан кететінін хабарлады.  Моуринью бұл келісімді  екі жақ бейбіт түрде шешкенін айтты. Жазғы сиеста уақытында Флоринтино Перес командаға жаңа бапкер іздеп жүргенде, «Челсидың» иесі Роман Абрамович  Моуриньомен төрт жылдық келісімге келді. Енді Жозе бапкер тұманды Альбионға  алты жыл салып қайта оралмақшы.  Командаға жаңа бапкер келсе, көптеген өзгерістер болатыны сөзсіз. Сол сияқты «Реалға» жаңа жаттықтырушы келгенде ойыншылар өзгеретіні белгілі. «Реалды» жаттықтыруды Перес  Карло Анчелоттиға ұсынған, бірақ «ПСЖ» басшылығы Анчелоттиді жібергісі келмейді. Бірақ жақын арада осы Дон Карло «Реалға» келуі мүмкін деген ақпаратты да жоққа шығара алмаймыз. Жалпы, кім кетіп, кім қалады деген сұраққа барлық  Еуропа спорт журналистері мен футбол сүйер қауым ойланатыны рас. Ең алдымен «Реалдың» шабуыл шебі өзгеруі мүмкін. Озил мен Модричтің берген доптарын керегіне жарата  алмаған  Игуаин мен Бензема кетуі ықтимал. Оның орнына Англия премьер лигасында биыл тамаша ойын көрсеткен Луис Суарес немесе Чемпиондар лигасының жартылай финалында осы «Реалға» төрт доп соққан Роберт Левандовский келсе таң қалмаймыз. Екеуі де әлі жас, әлі тың, өз деңгейлерінде төрт-бес жыл ойнауға мүмкіндіктері бар.

Жоғарыда айтқан Гонсало Игуаин былтырғы маусымда 35 ойында 22 доп соқса, биыл 28 ойын ойнап, тек 16 доп салған екен. Оған әрине маусым басындағы алған жарақаты себеп болды. Бұл ойыншы соңғы турдағы «Осасунамен» болған матчтан кейін, жанкүйерлерімен қоштасып, келесі маусымда бұл командада болмайтынын айтқан.  Жанкүйерлер жағы қатты ренжіген болатын, себебі, «Пипито» лақап атымен белгілі бұл ойыншы «Реал» сапында 190 ойын ойнап, 107 гол соққан.   Бұл өте жоғары нәтиже.  Флоринтино Перестің қазіргі басты бас қатыруы  Криштиану Роналду, 2008 жылғы әлемнің үздік футболшысын командада қалайда сақтап қалу. «Реал» президенті Флоринтино Перес «Punto Pelota» бағдарламасының журналистеріне берген сұхбатында: «Біз оныншы Чемпиондар лигасын Криштиану Роналдумен бірге жеңеміз» — деп, жанкүйерлерін қуантқан болатын. Демек,  Роналдуды сақтап қалу үшін, Перес оны әлемдегі ең жоғарғы жалақы иесіне айландыруы тиіс.  Жақында  «Реалдың» басты қарсыласы «Барселона» жаңадан жарқырап келе жатқан жұлдыз бразилиялық Неймарды 57 миллионға сатып алған болатын. Месси мен Неймар біріксе, қандай күш болатынын  Перес мырза жақсы біледі. Месси Неймар дуэтіне Перес, Роналду Гарет Бейл дуэтімен жауап қататын тәрізді. «Тоттенхемнің» қазіргі ойыншысы Бейл биылғы маусымын керемет аяқтады. Премьер лиганың үздік ойыншысы атағымен қоса лиганың ең үздік жас ойыншысы атағын қанжығасына басты. Мұндай атақты 2007 жылы Криштиану Роналду «Манчестер Юнайтедте» ойнап жүргенде алған болатын. Жалпы Бейл биыл «Тоттенхем» сапында 33 ойын ойнап, 21 доп соққан.  «Тоттенхем» жартылай қорғаушысының трансфері, әлемдегі ең үлкен трансфер болуы әбден мүмкін.  «Реал» президенті Бейлға 100 миллион евро беруге дайын дейді көптеген басылымдар. «Реал Мадридтің»  қорғаныстағы оң  қапталы Дани Карвахальмен толысты. Кантера шәкірті былтыр леверкузендік «Байерге» ауысқан болатын, биыл Перес бұл болашағынан үлкен үміт күттіретін қорғаушыны қайтадан өз командасына алып келді. Жасы ұлғайған Рикардо Карвалио келесі маусымнан бастап француздық «Монакода» ойнайды.  «Реалдың» спорттық директоры қызметіне осы айдан бастап Зинедин Зидан кіріспекші, «Реалдың» тірі символына айналған Зидан команданы алға сүйреуге барын салары сөзсіз.