Қазақтың күмбірлеген күйі мен мың бұралған биі

Қазақтың күмбірлеген күйі мен мың бұралған биі
жеке
блог

Сәлем, достар!

Құрбан айт мерекесі баршаңызға қабыл болсын!

Алдағы мерекелік демалыс күндеріңіз қызықты өтсін!

Өткен жазбаларымызда хабарлағандай, енді "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" бағдарламасы аптасына екі мәрте эфирге шығады. Әр бағдарлама қазақтың дәстүріне, мәдениетіне, өнеріне арналмақшы. 

Бүгін, 12 қазан, сағат 21:00-де өтетін бағдарламада қазақтың күй өнері жайлы сөз қозғалады.

Күй – халқымыздың ұланғайыр музыкалық қазынасының ең бір мол саласы, құрылымы, мазмұны, басқа да көп сипаттары жөнінен кемел дамып, биік өреге жеткен жанрдың бірі.

«Күй» сөзі түркі халықтарының біразында этно-музыкалық термин ретінде пайдаланылады. Түпкі, төркін мағынасы «хал, жағдай, көңіл ауаны» сияқты психо-эмоциялық ұғымды білдіреді. Осы атаудың өзінен-ақ күйдің табиғатына жан толқынысының әуендік баламасы бар. Күй – құрылымы жағынан шағын болғанмен, мазмұны терең, ойлы, сырлы, әуендік бітімі күрделі, музыкалық формасы кемел, жанрлық заңдылық, белгілері әбден тәптіштелген аспаптық пьеса.

Күйдің қай заманнан бері тартылып келе жатқандығының нақты дерегі жоқ. Бірқатар зерттеушілер күй бағзының бағзысында, ежелгі ғұн, түркі дәуірінде пайда болған деп пайымдайды. Ал орта ғасырларда Қарақорым мен Еділ дария арасын жайлаған жалпақ жұртқа жаппай түсінікті, етене музыка тіліне айналған сияқты деген де пікір бар. Күйлер негізінен, үш аспапта – домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Әр аспапқа лайықтап жазылған күйлер әуен ырғақтығымен, тарту тәсілімен ерекшеленеді. 


Бағдарламаға Талғат Мұқыш, Әбдіманап Жұмабекұлы, Әділов Қайырбек, Нұржан Тәжікенов және т.б. елімізге белгілі күйшілер мен орындаушылар қатысады.

Ал сейсенбі, 15 қазан, сағат 22:00-де өтетін бағдарламада қазақ халқының би өнері жайлы айтылады. 

Қазақ биі – бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін, ұлттық сахна өнері. Қазақтың халықтық би өнері ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы болып табылады. Қазақ халқы ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазынасымен ұштастыра отырып, ғасырлар бойы дамытқан. Қазақ биі халықтың тіршілік-тынысын, адамның табиғатқа көзқарасын,  дүниетанымын айшықтайтын өнер ретінде өркендеуде. Қазақ биінің кейбір қимыл қозғалыстары, бақсы-балгерлердің ойындары арқылы қалыптасқан. Олар қобыз аспабымен бірге соқпалы музыкалық аспаптардың көмегімен де өздерінің бақсылық, балгерлік үрдістерін күшейтіп отырған.


Бағдарламаға қазақтың би өнерінің негізін қалаған аңыз адам Шара Жиенқұлованың шәкірттері Ғайникамал Бисенова мен Гүлдариға Тайлақбаевамен бірге "Гүлдер" мен "Жас өркен" би ансамблінің бишілері қатысады. 

Суреттер: azattyq.org, thenews.kz