Баланы жастан...

Баланы жастан...
жеке
блог

Мен жақында халқымыздың қарымды қаламгері Ілияс Есенберлиннің «Көш-пенділер» трилогиясының үшінші бөлімі «Қаһар» романын оқып бітірдім. Айтарға сөзім жоқ, керемет роман! Мына үзінді оқиға маған қатты ұнады:
«Бұл үшеуі қара шұғадай майлы топы-рақты сайдың жағасындағы бір адырдың үстіне кеп тоқтады. Кенесары кейінірек қалған Қараүлекті қолын бұлғап шақырып алды да, беліндегі күміс кездігін суырып:
— Ұшын жоғары қаратып мынаны ана жерге көм, — деді.
Құл айтқанындай етіп алмас кездіктің ұшын ғана қылқитып кездікті тегіс топы-раққа көмді.
Кенесары енді баласына бұрылып:
— Батыр болғың келе ме, Сыздық? — деді. Баланың жүзі жайнап кетті.
— Наурызбай көкемнен де (Кенесары-ның інісі) асқан батыр болам.
— Онда жүгіріп келіп, мына өткір кез-діктің үстіне кеудеңді төсей құла! Егер қорықпасаң батыр боласың.
Бала көзінде сәл сескенгендік белгі жарқ етті де, заматта сөне қалды.
— Кеудеме кіріп кетпей ме кездік?
— Батыр болар адам кеудеме кездік кіреді деп қорқа ма?
Сыздық теріс бұрылды да, жүгіріп келетін жерге қарай жүре берді. Жүсіп (қазақтар «Жүсіп» деп атап кеткен – Иосиф Гербурт – Польшадағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқаны үшін Қазақстанға жер аударылған поляк. Кенесары жасағында осындай башқұрт, орыс т.б. кеңесші өзге ұлт өкілдері де болған) терлеп кетті. «Япырмай, мұндай да тасжүрек әке болады екен-ау! Бес жасар баланың батырлығын жалаңаш кездікке құлатып сынай ма екен кісі? Жазым болcа қайтеді?.. Жоқ, баланың көңілі дауаламас!»
Сыздықтың жүрісі сылбыр, әлі жерден басын бір көтерместен кетіп барады. Кенесары кенет тез қимылдап кездікті суырып алды да, орнын кездік тұрғандай томпайта қойды. Жүсіп енді ғана «үф» деп демін алды. «Бәсе, неше бүгін тасбауыр болса да, әке деген көрер көзге өз баласын пышаққа жығар ма! Енді түсінікті. Әйтсе де балаға бұл үлкен сын екен. Әкенің қатыгез мінезін біледі, расымен жүрегі дауалап кездікке құлар ма екен? Құламаса, әрине, Кенесарыға бұл баланың еш қадірі қалмайды. Ондай баланы ол балам деп санамауы мүмкін. Сұлтан тұқымы қасқыр тектес деп жұрт неге айтатынын енді ұқтым. Бұлар қатарларында тек күштілерін сақтайды екен…»
— Жетеді, Сыздық, — деді дауыстап Кенесары. – Кәне, жүгір!
Бала дереу бұрылды да, жүгіре жөнелді. Тоқтар емес, жайшылықта серіктерімен жарысқандай ағып келеді. Жүсіп байқап тұр, тек таяй беріп, кездік шаншылған томпиған жерді мөлшерлеп қараған кезде ғана көзінде сескенгендік бір сезім пайда болып сәл жұмылып кетті де, өзінің осы бір болмашы қорқақтығына ызаланғандай, екі көзі шоқтай жанып алға қарай атыла түсті. Сол жүгірген бетінен тоқтамастан томпайған жердің үстіне дәлме-дәл жетіп көкірегін төсей құлады. Құлағаны аз болғандай бір-екі рет аунап-аунап жіберді де түрегелді. Кенесары баласының ерлігіне риза болғанын жасыра алмай, жанына барды. Бірақ сүйген жоқ, тек ұзын саусақтарымен маңдайынан бір-екі мәрте сипап:
— Апаңа бара ғой, — деді.
Сыздық нағыз бір желіден босанған құлындай ауылға қарай ойнақтай жүгіре жөнелді. Кенесарының ымына түсінген Қараүлек те енді ауылға қарай беттеді. Төбе басында тек сұлтан мен хатшысы ғана қалды. Жүсіп өзін-өзі ұстай алмай:
— Нағыз көкжал болады! — деді зымырай жүгіріп бара жатқан Сыздықтың соңынан қарап…»
Келтірілген үзіндіні бір оқығаннан қазақ-тың тумысынан жаужүрек, батыр халық екенін аңғаруыңыз айдан анық. Бірақ айтпағым халқымыздың ержүректігі емес, менің айтайын дегенім – тәрбие. Қазақтың бала тәрбиесіне зор көңіл бөлуі. Алаш жұртын егеменді ел қыламын деп қолына қару алып, ту көтеріп, көтеріліс бастаған Кенесары тым жас болса да, баласын да батырлыққа баулиды. «Тәрбие тал бесіктен» деген – осы…
Иә, қазақ халқы ежелден-ақ балаға сәби күнінен бастап өнегелі тәрбие беруге тырысқан. Бүгінгі бөбек – ертеңгі ер-азамат немесе ертеңгі әйел-ана. Қазақтың текті, қонақжай, дархан, батыр, ақын халық болуының да себебі осы өнегелі бала тәрбиесінде емес пе?! Бірақ ол заманнан бері қаншама ғасыр өтті. Қазақ қаншама тар жол, тайғақ кешу мен рухани қысымды басынан өткерді. Сол себепті бүгінгі күні ұлтымыздың осы тұсы ойсырап тұрған секілді.
Философ Бэкон: «Жер бетінде қанша адам болса, сонша пікір бар», — деген екен. Әке болуға маған әлі ерте болса да, бала тәрбиесі жөнінде менің де өзіндік тұжырымым бар. Менің ойымша, болашақта үлгілі тұлға қалыптасу үшін баласына ата-ана екі нәрсені үйретуі тиіс.
Бірі — дін. Өйткені бар адамгершілік қасиеттер, бар рухани құндылықтар – дінде, атап айтқанда, дәстүрлі Ислам дінінде. Алланың разылығын ойлаған иманды бала жаман адам болмайды.
Жақында ғалымдар жеген тамақтың үш жаққа кететінін анықтапты. Бірі — түрлі дәрумендер болып қанмен бүкіл денеге тарайды, екіншісі — нәжіс болып сыртқа шығып кетеді, үшіншісі — жеген асы адамның ұрығының құрамына қосылады. Демек, ата-ана ұрлықпен тапқан ақшаға тамақтанса, онда ұл-қызының да қанында ұрлық болады. Ендеше:
Бала қыран нені көрсе қиядан,
Ұшқанда да соны ілер қиядан, — деп ортағасырлық ақын Жүсіп Баласағұни жырламақшы, ұрпағым иманды, кісілігі мол болсын деген адам алдымен өзі тура жолмен жүріп, имандылық пен адамгершіліктің үлгісін көрсете білуі керек.
Ата-ана балаға үйретуі тиіс екінші нәрсе – отаншылдық, ұлтжандылық. Қазақта «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген мақал бар. Тіпті, құмырсқа екеш құмырсқа да таңнан кешке дейін өзінің ыстық ұясы, өзінің Отаны – илеуіне дән тасып әуре болмай ма?! Мейлі, ұл болсын, мейлі қыз болсын Отанына қызмет етіп, халқының игілігіне жарау үшін туады. Бауыржан Момышұлы бабамыз: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмылып, қызмет ет», — деп тегін айтпаса керек-ті.
Менің ойымша, осы екі қасиетті, Исламның нұры мен Отанға деген ыстық махаббатты санасына қатар сіңірген бала өмірдің қай арнасында болсын – мейлі ғылым мен техника саласында, мейлі спортта, мейлі өнерде, мейлі әдебиетте, мейлі әскери қызметте, мейлі бизнесте — аянып қалмасы анық. Өйткені бұл екі қасиеті бар адам дүние-мүлік, ақша үшін емес, адамшылықтың парызы мен Отанының гүлденуі үшін қызмет етеді…