Бақыт деген не?

Білесің бе мағынасын "бақыттың",

Бақыт деген жан серігі уақыттың.

Бақыт деген қымбатырақ алтыннан,

Қымбатырақ бағасынан жақұттың.

 

Бақыт деген туыстарың, достарың

Тату-тәтті қосылғанда бастарың

Бақыт деген ақыл айтса үлкендер

Сол ақылды тыңдап жатса жастарың

 

Бақыттысың еккен гүлің солмаса,

Разы болып ата-анаң қолдаса

Атағың мен байлығыңның мәні жоқ

Басыңа кеп, бақыт құсы қонбаса.

 

Бақыттысың еліңе жау шаппаса

Тәуелді етіп, құл ғып, күң ғып жатпаса

Ұлан-ғайыр жеріңе қан орнына

Қырмызы қызыл қызғалдақтар қаптаса

 

Ұлың саған қолғабысын тигізсе

Жаулық әкеп, шапа әкеп кигізсе

Бақыт құшқан тұрмыстағы қыздарың

Жиеніңді әкеп маңдайынан сүйгізсе

 

Бақыттысың отау болса басыңда

Адал жарың күліп жүрсе қасыңда

Бәрінен де бақыттардың бақыты

немере мен шөбере ғой расында

 

Кездеспегің өмірдің ащы уына

Тұншықпағың байлығыңның буына

Қартайғанда миың ашып отырсын

шөбере мен шөпшектердің шуына

Бақыттысың айың туса оңыңнан

Шаттық күлкі күтіп тұрса жолыңнан

Әке-шешең қартайғанда шаттанып

Май асаса немереңнің қолынан.

 

Игілікпен аяқталса әр ісің

Ажыратсаң оңы менен терісін

Бақыттысың зая кетпей өмірде

Көріп жатсаң еңюегіңнің жемісін



Бөлісу: