Сол баяғы бір жыр
блог
Үйлену оңай, үй болу қиын,-дейді қазақ халқы. Расында да, біз үйлену оңай деп ойласақ қателесеміз. Себебі отбасын құру ойыншық емес. Үйленбей тұрып адам өзіне сұрақ қоюы керек. "Мен шынында да отбасын құруға дайынмын ба? Мен ертең оны асырай аламын ба?",-деген.
Көп жастар бесіктен белі шықпай тұрып үйленіп жатыр. Жеке өз айналамда ондайлар көп. Мысалы, жақында ғана 17 жасар құрбымды алып қашып кетті. Ағамның досы 17 жасар қызға үйленді. Көршінің қызы 16 жасында үйлі болып отыр. Айналамдағы осындай жағдайларға қарасам жастар кеш емес, керісінше ерте үйленіп жатқан секілді.
Өз басым ерте үйленушілікке қарсымын. Менің ойымша, адам баласы өзін-өзі дамытып, оқып, өмірді біраз танып білген соң ғана тұрмыс құрып немесе үйленуі керек. Мүмкін жастықтың оты жалындап, махаббаттың ыстық отына мастанып жүрген қос ғашық мұндай нәрселерді елемейтін шығар. Бәлкім, мен оларды түсінбейтін шығармын. Бірақ отбасы құруға тым асығудың қажеті жоқ. "Асыққан шайтанның ісі",-демеуші ма еді. Дегенмен ерте үйленіп, өмірдің қиыншылығын бірге жеңіп,, төрт қабырғалы бір бөлмеге де риза болған ерлі-зайыптылар кездеседі. Шынайы махаббат осындай болуы керек. Сүйгеніңмен мына өмірдің тосқауылдарына қарсы тұру, көпті қажетсінбей барыңа базарлық деу де үлкен бақыт деп есептеймін.
Дәл осы секілді ерте үйленген ерлі-зайыптылардың ажырасып жатқандары да бар. Олар асығыс шешім қабылдаппыз, бір-бірімізді дұрыс танымайды екенбіз деген сылтауларды алға тартады. Демек таңдауды дұрыс жасамаған. Ажырасып жатқан жастардың көпшілігіне "алып қашу" дәстүрі кінәлі деп ойлаймын. Өйткені жігіт ұнатады-дағы алады, қыз ұялады-дағы қалады. Сүймесе де. Үлкен кісілер қыз кетемін десе алдына жатып алып "босағадан аттадың бітті, ертең сені ешкім алмайды, қарғыс атады" деген секілді сөздер айтады. Үлкендердің сөзінен қорыққан қыз амалсыздан қалады. Сонда өмірі енді басталған қыз көрерін көріп, жасарын жасап болған адамдардың сөзі үшін өз өмірін қор қылуы керек пе? Қыз балаларға айтарым, ұялмаңыздар. Сүймеген адам алып қашса қалғыңыз келмесе қалмаңыз. Бұл сіздің өміріңіз ғой. Ел не демейді? Есек не жемейді? Олардың әр сөзін көңілге ала берсеңіз өмір сүрудің де қажеті жоқ шығар. Алып қашқанда қаламай қайтып келу мен тұрмыс құрып бірге өмір сүре алмай қайтып келу екеуі мүлдем екі түрлі нәрсе. Мұны түсінетін уақыт жетті.
Енді кеш үйлену мәселесіне келсек, мен ұлдардың 26-30 жас аралығында үйленгенін құптаймын. Иә, сіздер "13-те отау иесі" деген емес па деп қарсы шығарсыздар. Бірақ тіпті Абай атамыздың өзі 17 жасында әке атанған кезде бір жерге тығылып жылап "Әке болғым келмейді" деген екен. "13-те отау иесі" деп мақалдатып жүрген заманда Абай атамыздың өзінің жағдайды осылай қабылдаса, қазіргі 13 жасар баладан не күтесіздер? 26-30 жас аралығындағы жігіттердің үйленгендігін құптаймын деуіме себеп, бұл кезде ер адам жұмыс істейді, есін жияды, отбасын бірінші кезекке қояды. Бастысы өз отбасын асырауға жағдайы жетеді. Жас үйленген жігіттердің достарымен қыдырып, әйелін үйде күттіріп оны елемейтіндігін көргенде қарның ашиды. Сондықтан да жігіттерге айтарым, әбден қыдырып-қыдырып болған соң үйленгендеріңіз дұрыс шығар.
Қыз балалар 21-25 жас аралығында тұрмысқа шықса болады. Себебі өз басым тұрмыс құруға аса қатты асықпаймын. Мен оқуымды бітіріп, жұмыс істеп біраз "самостоятельно" өмір көріп, содан соң тұрмыс құрғым келеді. Жұмыс істеу мен үшін маңызды болғандықтан болашақ жарымның да осы шешімімді қолдауын талап етемін.
Жалпы мына жаста үйленемін деп сол кезде үйленіп кету біздің қолымызда емес. Кім қанша жаста үйленсе де басты тілегім екі жас соны шынында да қалап, өздерінің үлкен өмірге аттанып жатқандықтарын түсініп, ыстығы мен суығына бірге төзу керек екендіктерін ұмытпаса деймін.