Тәрбиеге тұнған аңыздар

Тәрбиеге тұнған аңыздар
жеке
блог

Тәрбиелі орта ізде.  Тек оны сарылып,сабылып, сұрастырып іздеме.Тек өз бойыңдағы жақсы қасиеттерді арттыр.Өз бойыңнан сол тәрбиелі ортаға лайық дүниелерді тап. Сонда  тәрбиелі "орта" саған өзі ақ келеді. Біз  басқа адамдарды сынауға, төрелік айтуға құмармыз. Бірақ біз кіршіксіз, кемшіліксіз сыншы, әділ  төреші болуға лайықпыз ба? Бұл сұраққа жауап іздеп жатпаймыз. Осы орайда Сіздерге Қожанасыр бабамыздың бір оқиғасын баяндап берейін:

 Қожанасыр бабамызды біз әзілкеш, қалжыңбас ретінде танимыз. Ал негізінде ол  үлкен әулие кісі болған деседі. Оған халық жанына ғана емес тәніне, дертіне дауа іздеп келеді екен. Бірде  ол кісіге бір келіншек кішкентай ұлын алып келіпті. Баласының кесек топыраққа жаны құмар екенін айтып, дауа сұрапты. Кесек  жемесе тұра алмайды, уйдің қабырғаларын , даланың кез-келген лас жерін қазып жей береді екен. Сонда Қожанасыр атамыз біраз ойланып отырып: 

-Ұлыңызды  тура бір айдан соң әкеліңіз, сонда ғана жазып бере аламын- депті. Келіншек қуанып, алғысын айтып шығып кетіпті. Арада бір ай өтіп жаңағы келіншек атамызға тағы келіпті. Қожанасырдың алдына баласын отырғызып, емдік шараларын күтіп отырған екен, Қожанасыр балаға қарап:

-Балам кесек топырақ жеме- депті. Сонда ашуға бұлыққан келіншек:

-Бір ай бойы күттірмей ақ сол кезде осы сөзді айта салмадыңыз ба-дегенде атамыз:

-Қызым бір ай бұрын мен де кесек топырақты жейтін едім. Өзім жегенде балаға "сен жеме" деп айтуға дәтім қалай барсын.Содан сендер келген күннен бастап топырақ жеуді қойдым, бір ай бойы ағзамды соған үйрендім. Біреудің көзіндегі шөпті алмас бұрын, өзіңнің көзіңді қурайдан тазартып ал деген бар емес пе? -деген екен.

Келіншек  оның данышпан кісі екеніне көзі жетіп, кешірім сұраған екен.

 

Тағы бір аңыз.

Ертеде келіні мен енесі "ит пен мысықтай" өмір сүріпті. Келіні енесін кекетіп-мұқатып отырса, енесі келінінің істеген ісін жақтырмай, "отырса опақ, тұрса сопақ" етіп отырады екен. Бұндай жағдайға шыдамаған келіні бірде әулие кісіге барып барлық жағдайды түсіндіріпті. Бұның әңгімесін тыңдаған әулие келіншекке бір торсық ұсынып:

-Мына торсықтың ішінде у бар, енеңе күніне тамағына аз-аздан қосып беріп отыр. Бір ай бойы ішкіз. Сонда ғана енеңнен құтыла аласың. Тек  бұл удың бір шарты бар. Бір ай бойы енеңмен ұрсыспа. Тілін алып, жағдайын жаса деген екен. Бұндай айғақсыз қылмысқа  келіншек қуанып кетеді.   Енесін торсықтағы сұйықтықпен сусындата бастайды. Келінінің жылы қабағына еріген енесі оны жақын тартып, қызынан артық көретін болады. Екеуі шүйіркелесіп, күліп ойнап үйдің шаруасын тындыратын болады. Бұндай мейірімді сезінген келіні өзінің ісіне қатты өкініп,қамығады. Бір айға жетпестен сол уды берген әулиеге келеді. Кіре сала көзіне жас толып:

-Кешіріңіз уды қайтаратын зат бар ма, менің енем жаман кісі емес екен, ол да менің анамдай қамқор, қайырымды кісі екен-деп жылап жібереді. Әулие келіншектің басынан сипап:

-Қызым, ол торсықта у емес, кәдімгі бояу қосылған су болатын. Бірлік бар жерде тірліктің болатынына көзіңді жеткізейін деген едім- деп жұбатыпты. Бұны естіген келіншек:

-Рахмет сізге, екінші анамды тауып бердіңіз, үйімізге береке енгіздіңіз- деп алғысын жаудырып, енесіне түскі тамағын әзірлеуге жүгіріп кеткен екен.