Көңіл күнделігі. 22-ші жазба

Көңіл күнделігі. 22-ші жазба
жеке
блог

Әлқисса – екі оқиғаны жалғастыру үшін сөз басында келетін қыстырма сөз; «сөйтіп», «сонымен» деген сөздердің орнына жүреді. Менің әлқиссам – «Әбекем» ғой ). Расында, «Әбеке» деп сөз тартсам айтар ойым, жазар жазбам жүйеленіп кететін тәрізді. Сол Әбекем хат жазыпты («Бекболат Тілеухан ағаға хат»). Жазғанда да, әдеттегі «Ғашық» хаты – «Ғ» - сы түсіп, «Ашыққа» айналыпты. Бұл енді жетілгеннің, махаббатқа тойынып, келесі кемелдену кезеңіне өтудің бастамасы болар. Не десек те, ашығы – «Ашық». Сол, «Ашықты» қызықтап, бірнеше рет ашып та көрдім, жауып та көрдім. Қызығы – шыжығы! ) Әбекем айтарын айтқанмен, мен оның бұл ісін құп көрмедім. Өйткені, Әбекем әлі ысылмаған жас кадр; келешегі алда, болашағынан үміт күттірер тұлғалы азамат. Ал, саяси биліктің бұлтарыс-қалтарысы көп, ішкі қыртысы қалың келетіні анық қой. Сондай-ақ, билікке, көсемдікке ұмтылғанның қарсы келгенді аяусыз басып жаншитыны бесенеден белгілі болғандықтан, көріп-біліп тұрып қайтіп «жә» дерсің. Әбекемнің ісін - от болып тұрып, шоқ басып қала ма деп, құп көрсем де, жорта көргім келмей отырғаны сондықтан. Әр адам әдетте, көз жанарын қозғалтпастан айнала дүниені 270 градусқа дейін көріп, бағамдай алады екен. Ал, кей жандар (іс басында отырған арнайы, кәсіби мамандар) оны ақыл көзімен бірнеше есе қуаттандыра, әжетіне жарата алады екен. Бұл деген сөз, «олар залда отырса да, кабинетте отырса да сыртта не болып жатқанынан толық хабардар», - деген сөз. Сен қала, қалама, олар солай қалаған екен, демек, солай болуға тиіс. Қала берді дәл сол мезет Сіз бен Біздің көңілімізді көтерерлік шаруаның ретін көріп тұрғаным шамалы. Бәрі де жоспарлы тірлік, жоспарлы іс-шара. Алдарында үлкен мақсат, миссия бар. Түптеп келгенде осының өзі – Біздің, Халықтың мүддесі, «қара қазан, сары баланың қамы үшін» емес пе?. Айтпа демеймін – айт, көрме демеймін – көр. Бірақ, аттың жалы, түйенің қомында кетіп, арандап қалма. Мәселе сонда. Дүниені көзбен көре білу керек. Қазақта, «атасы бөлек аттан түс», - деген сөз бар. Маған, ер қымбат, жолдас қымбат, дос қымбат. Шындығына келгенде мен Сіз боларсыз, басқа болар, кім болса да қазақтың ұл-қыздарының бұндай мәселемен айналысуына, алаулатып, жалаулатып «ашық хат» жазу, митинг ұйымдастыру, аламан тірліктермен әуестену істеріне үзілді-кесілді қарсымын. Алсаң ақылмен ал. Ақылмен алсаң бұны Бекболат ағаңсыз да шешуге болады. Ақиқатында біз өзі қызық халықпыз, өзіміз дұрыс жүріп-тұрмай, қолымыздан келер істі атқармай өтеуін әрдайым өзгеден талап етіп жүреміз. Сөйтеміз де, «ой біздің аталарымыз андай болған, бабаларымыз мұндай болған, өнері де дәстүрі де, елі де, жері де бізге аманат, аманатқа қиянат жүрмейді», - деп, тақ-тақ еткенде ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейміз. Ал, қане сол аманатқа, антқа адалдығымыз?. Біздің қолдан келері - бастан сөз асырмау, сөз асса - тістібақадай жабысса да есе жібермеу; сотқа сүйреу, отқа сүйреу, ату, асу, өшіру, жоқ қылу. Болды, бітті. Бабалар аманаты дегеннен шығады: осы аттас кітаптың жарық көргенінен де, авторы – Зейнеп Ахметова екенінен де хабарымыз бар. Массагет арқылы кейбір беттері, жазбаларымен таныспын да. Ал, осыны мен қанша құмартсам да Астананың белді кітап дүкендері, не кітапханаларынан кезіктіре алмай-ақ қойдым. Әрине, ол кітапты тікелей сатып алуға менің мүмкіндігім, қауқарым жетерлік, кординаттары да белгілі. Ал, осыны нарық заңдылығы осы екен деп қол жеткендер ғана оқып, қалғаны тамсанып жүре бергені, не махұрым қалғаны дұрыс па? Менің білуімше, жарық көрген баспа материалдарының міндетті данасы республикалық басты кітапханалар мен оқу залдарына жеткізілуі, берілуі тиіс. Одан ешкім кем, не кедей болып қалмас. Ұтпаса, ұтылмас та. Түптеп келгенде, қол жетімділік – бұл, біздің қолдан келетін шаруа, әйтсе де менеджердің қателігі не кезекті қателіктері екендігіне дау жоқ. Қазақта, «бермесіңді қызартпа» деген сөз бар. Сөз өту, қол жету, ықпал, тәуелділік дегеннің жарқын мысалы осы болса керек.

Ойлан, қазақ! Ойлан, дос!