Қадыр ақынсыз қазақ өлеңі жетімсіреп қалғандай

Қадыр ақынсыз қазақ өлеңі жетімсіреп қалғандай
жеке
блог

ҚАДЫР ақынсыз қазақ өлеңі жетімсіреп қалғандай

   Сөз қадірін құрметтеп, сөзге қонақ берген дана халқымыздың әдебиетінде сонау жыраулар бастап берген керуен жолы ешқашан үзілген емес. ХХ ғасырддың екінші жартысында  қазақ әдебиетіне  Қадыр Мырза Әли, Тұманбай, Мұқағали, өмірден ертерек кеткен Төлеген, Жұмекен  секілді ақындар шоқ жұлдыз болып келді. Бұлардың қайсысы болмасын, қазақтың  атын айдай  әлемге танытқан, Зенолла атамыз айтқандай «қадау-қадау» тұлғалар еді. Соның ішінде өмірден өткеніне екі жылдан асқан Қадыр Мырза Әли ақынның орны бөлек. Жасыратыны жоқ  Қадыр ақынсыз  қазақ өлеңі жетімсіреп қалғандай.Сондықтан да  өлеңсүйер  қауым  ақын Қадырын сағына еске алып,елегізіп жүр.                                                                                                                                               

          Рас, Қадыр ақынның тәні қара жерге кеткенімен, рухы қазақтың ұлан- байтақ  даласында мәңгі жасай береді. Жалпы, маған  Қадыр ақынның  өлеңдерінің  аз сөзбен көп мағына беретіндігі, қатпар-қатпар өмірдің қойнауынан  шамшырақ болып жол сілтейтіндігі, көңілде көп ойды  толқытып , қас-қағым сәтте өте шығатын бес күндік  ғұмырдың  пәлсафалық ой түйінін ақтаруы ұнайды.Бұл ретте ақын  қоғамның ащы шындығын шыжғыра отырып, халқының арман-мақсатын күрсіне жырлап өтті. Сондықтан да  Қадыр ақын:

               Ақындық шығар айыпты

               Әлі де білмен себебін.

               Өлеңге айтып қойыппын

               Өмірдің айтпа дегенін, - деп ақтарыла отырып мойындаған.Қалай десек ,Қадыр ақын артында мәңгі  мұра қалдырып кетті.Сондықтан , халқы  Қадырын мәңгі  қадірлеп өтпек .Әсіресе , туған  тілін ,сөз құдыретін  қастерлейтін қазақ Қадыр поэзиясынсыз өмір сүре алмақ емес. Ал өмір жалғасы – жас ұрпақ. Ендеше ,ендігі кезде  мектептерде , жоғарғы оқу орындарында «Қадыр оқулары» дәстүрге айналса деп ойлаймын.Сонда бүгінгі жалындаған жас ұрпақ Қадыр толғаулары,афоризмдері, өшпес лирикасы арқылы рухани мөлдір бұлақтан  нәр алып өсетіндігіне  кәміл сенемін.