Өлеңдер

Күліп жүрмін, тек жаным жай таппады,

Жылап жүрмін езуім байқатпады.

Жүректегі тулаған асау сезім

Аяғын кісендетіп байлатпады.

 

Ішімде асау сезім тулап жатыр

Шығамын деп кеудемді бунап жатыр

Сырт келбетім қасқайып жүргенімен

Жанымның тіректері құлап жатыр

 

Кең жүрек тар кеудемде тұншығады

Сезімімді айтам деп құлшынады

"Сүйемін" деп жүрегім айқай салса

Аузымнан естілместей үн шығады.

 

  Жүрек пен ақыл

Жүрегімді тыңдадым, "Сүйем" дейді

"Ол үшін өлем" дейді, "күйем" дейді

"Шын бақытты болғын келсе тыңда" дейді

"Бақыттың не екенін білем" дейді

 

Ақылымды тыңдадым, "ойла" дейді,

"Үлкен бір ағаттық жасап қойма" дейді

"Ақылға сал, аңдап бас, ұғын" дейді

"Жүрекке ілесіп ақымақ болма" дейді

 

Екеуі екі түрлі сайрап жатыр

Екеуі де қолымды байлап жатыр.

Жүрегім күйіп жатыр сүйіп жатыр

Ақылым болашақты ойлап жатыр.

 

            Ерке қыз /әзіл өлең/

Кейде күліп еркелейсің,

Бірде ренжіп өкпелейсің

Әуре болма текке дейсің

Жанымды неге қинайсың

Бірде нұр боп тараласың,

Бірде гүл боп жараласың,

Тікен де боп қадаласың

Сонда да маған ұнайсың

 

Кейде жаным, күнім дейсің

Қыдырайық бүгін дейсің

Қуантасың, күлімдейсің

Бақытқа бөлеп жанымды

Сосын барып "жетер" дейсің

Үйіме апар кетем дейсің

Әуре болма бекер дейсің

Білдірмей іштің қанымды



Бөлісу: