8 жасынан тәттілер жасаумен айналысатын Бейбарыс

8 жасынан тәттілер жасаумен айналысатын Бейбарыс
жеке
блог

Елімізде талантты жастар саны күніге артуда. Бұл мақалада 8 жасынан тәттілер жасайтын жас кондитер Бейбарыс жайлы айтпақпын.

"Мен тәттілер жасауды "YouTube" желісінен қарап бастадым. 8 жасымнан бастап бұл іспен айналысамын. Ең басында таңғы астарды жасап үйрендім. Мысалы, құймақтар. Қазіргі таңда бананды, шоколадты құймақтардың түр-түрін пісіремін. Алғашқы тағамымның жақсы шығуы – ары қарай дамуға себеп болды. Отбасымызда болатын барлық мерекеге торттар пісіремін."

Бейбарыстың өзі үлгі тұтатын тұлғасы да бар екен:

-Бұл іске қызығушылығымды оятқан – Ресейлік танымал кондитер Ренат Агзамов. Ол кісінің жасы 40-та болса да, өз ісінің нағыз маманы. Мен де болашақта осы кісіге ұқсап, танымал болғым келеді.

Жас кондитер мектеп пен хоббилік ісін қалай бірге алып жүретінімен бөлісті:

"Шынымды айтсам, қалай үлгеретінімді өзім білмеймін. Барлығын уақытылы әрі тыңғылықты орындауға тырысамын. Мысалы, тортымның бисквиті пісіп жатқан уақытта үй жұмыстарын жасаймын. Бірақ, сабаққа ешқашан бейтарап қарамаймын."

-“Сен ұлсың ғой, неге тамақ пісіресің?” деп айтып жататындар бар ма? Және оған қалай қарайсыз?

-Әрине, ондай адамдар болды. 2-3 адам маған жазған болатын. Бірақ, мен оларға мүлдем мән бермеймін. Менің ойымша, нағыз өз ісін жақсы көретін адам – қоғамның пікіріне тәуелді болмауы керек. Әрқашан өзіңінің жүрегіңді тыңдап, алға бассаң, ісің де саған өз нәтижесін көрсетеді.

Бейбарыс тіске басардың барлығын жасай алатынын айтты.

-Қазіргі таңда ұлттық тағамдарымыз бешбармақ пен қуырдықты, мәнтіні пісіре алмаймын. Барлық тәтті мен суық тағамды, палау, лагман сияқты тамақтаы пісіру қолымнан келеді. Болашақта барлығын дайындауды үйренемін деген ойдамын.

 

Сонымен қатар, торт жасау оның хоббиі емес, кішкентай кәсібіне де айналған.

"Айтып өткенімдей, кумиріме ұқсаған кондитер әрі шеф-аспаз дай боламын. Тіпті қазіргі күннің өзінде бұл істі хобби ретінде емес, болашақ мамандығым ретінде қабылдаймын. Мысалы, ең аз дегенде күніне 3-4 торт жасаймын. Тапсырыс берушілерім қанағаттанбай қалған кездер мүлдем болмаған және болмайды да деп үміттенемін. Өз ісіме және тұтынушыларыма адал болғандықтан тұрақты адамдарым басқаларына да мені кеңес етіп жүреді."

Қазіргі кезде кондитер ісі өте кеңінен таралған. Қай жерге бармасаң да бәсекелестік болады. Бейбарыс тұратын Орал қаласында да ондай адам өте көп екен.

"Бағыма орай, қарсыластарым достарыма айналған. Біз қандай себеп болмасын бірігіп, көңіл көтереміз. Олармен жарысқан көрі, дос болған ұнайды. Бәсекелестер арасында осындай беделге қалай жетті десеңіз, ол оңай болмады деп ойлаймын. Қазіргі күні өмірдің барлығы әлеуметтік желі болып кеткендіктен оқырмандар жинауға тырысамын. Қандай сала болмасын, бұл өте маңызды деп ойлаймын."

Абай атамыз айтқандай,     

"Өзіңе сен, өзіңді алып шығар                                                                                                    Еңбегің мен ақылың екі жақтап" - деп, араларыңызда тәттілер жасауға қызығатын оқырмандар болса, сіздерге Бейбарыс өз кеңесін берді.

"Осы заманда адамдардың түр-түрі болады. Біреуі сен қолдаса, екіншісі артқа тартады. Тіпті кейбіреуі сені көре алмайды, жас болсаңда ақша тауып жатқаныңа қызығады. Екінші типтің адамдарына мүлдем мән берме. Саған осы сала ұнаса, аяғына дейін бар. Қоғамның сөзін мүлдем елеме. Барлығы сенің қолыңнан келеді"

Сіздерге арнап өзінің сүйікті құймақтарының рецебімен бөлісті:

Бананды шанышқымен ботқа тәрізді күйге дейін еземіз. Оған 1 жұмыртқа, 2 үлкен қасық ұнды және де қопсытқышты қосамыз. Барлығын біркелкі күйге дейін араластырып, біріктіреміз. Сапалы табаны қыздырып, сұйықтықты пісіреміз. 10 минутта пісетін құймақтарымыз дайын.

Сұқбат соңында Бейбарыс өзіне әрқашан қолдау көрсететін ата-анасына, достарына алғысын білдірді. Біз де жас аспазға сәттілік тілейміз!