БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН АҒАҒА ХАТ!
блог
БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН АҒАҒА ХАТ
Құрметті Бекболат аға!
Осы хатпен өзіңізге кеше ғана Астанда өткен (қазанның 6-cы)«Кіл жүйріктен кім жүйрік» атты ақындардың аламан бәйгесінде, ақындар айтысы уақытында сахнадан тыс болған жағдайды баяндап бермекпін. Менің ғана емес, қаны мен жаны қазақ деп соққан, қарасы 150-200 адамдай (шартты 150) шамасындағы айтыс жанкүйерлерінен деп білерсіз. Болған жайттың шындығын, шындықты тек қана шындықты жазуға ант етемін!
Республикалық деңгейде атышулы ақындардың қатысуымен өтетін атаулы айтысты көзімен көріп рақаттанып, рухи азық алмаққа, өзінің сөзін айтатын ақындарға шапалақ соғып қайтуды талай қазақ армандады. Сол арман мен ыстық тілектердің жетегімен келген 150 қазақ сол күні Конгресс холлдың есігінен ара аса алмады. Есік алдына «орнатылған» күзетшілер жасағы өз жұмысын қалтқысыз атқарып шықты. Айтысқа кіре алмағандың ащы зары мен күйігі, өкініші, назы мен өкпесін орап ап соққан халық «толқыны» Конгесс холл есігіне қададай қадалған тасбауыр, безбүйрек 2 (екі) Ішкі істер қызметкерлерінің кеудесін соға-соға, еш нәтижеге жете алмады. Басшылыққа хабарлау, ұйымдастырушыны шақыру сияқты ең қарапайым адами әрекетттерге де бармады. Құлқынсыз. Кейіннен оның себебі де анықталды: ұйымдастырушылардың бағына қарай әлгі екі «батырымыздың» мұрнына айтыстың иісі де бармайтыны, дәл қазір болып жатқан айтыстың құрамында кімдер бар, атын атағанда олардың кімдер екенінен де бейхабарлығы мәлім болды. Есіктің ішкі жағында билет жыртқыш ұйымдастырушылардың да жырқ-жырқ күлгені ананша халықтың қанын қарайтты да тұрды. Соншама зар илеп өтінген өтінішіміздің қайда кетіп жатқаны белгілі болғандай. Кешігіп не басқа шаруамен бөгеліп айтысқа кеш келген, кірген-шыққан әрбір жанға хабарлама айтып жатқан халықтың әрекеті де текке кетті. Қатарда тұрғандардың дені жастар, арасында бесіктегі сәбиін құшақтаған жас ана да болды... Барлығының көңілі басыңқы, көздері мөлдіреп жылауға шақ тұрды. Меккедегі Қасиетті қағбаға тәу етіп, бір ризықтан дәм етіп оны айналғандай, үмітіміздің соңғы қарқынымен Конгресс холлды 7 рет айналып та шықтық. Бірақ барлық есіктер тарс жабық еді. Қынжылтқаны сол, әлгі күзетшілердің топ басында тұрған 10 шақты ақжаулықты аналармен айтысып, кекетіп, арасында мырс күліп «Бірібір кіре алмайсыңдар, мен білемін ғой»-ынан артық ешбір әрекетке бара алмағаны. «Бәрібір кіре алмайтынымызды» біліп тұрғаны, күнара осы Конгресс холлды дарылдатып өткізіп жатқан небір дарылдақтардың, ең соңғысы орыстың боқауыз «Слава» атты әншісінің берген концертінен алған әсері болса керек.
Құдай-ау, бұл батырларға кінәнің қара күйесін батпандай қып жаға беруден аулақпыз. Кінә мен күнәнің барлығын осы шараны ұйымдастыруды мойнына алып, билет бағасын 500-1000 теңге етіп бекітіп, «вип зал» жақта зыр жүгірген «НұрОтан» партиясы артсын. Кейіннен білгеніміз, әлгі күзетшілер мен есік алдындағы билет жыртқышбектердің табаны жерге тимей ұшып-қонып жүргені, аталған партия төрағасының (Бауыржан Байбек) осы айтысқа қатысуы екен. Сол кісіден ұят болады деді ма, ұрсады деді ма ол жағы мүлдем белгісіз. Халық - ол азаматты да, «почеркісі өзгерген», Нұр үстіне нұр болғыр «НұрОтан» партиясын да жіліктеп, біраз жерге апарып тастады.
НұрОтанның «ұйымдастырушылық қабілетіне» де сол халық бағасын беріп тұрды. 500 теңгелік билетті билет жыртқышбектерінің жыртпай сақтап қалып, оны сыртқа шығып ашынған халыққа 5000 теңгеден қайта сатуды ұйымдастыру – сірә ол да бір биік деңгей шығар.
Кеудесіне бэйджик таққан, егде тартқан әйелі бар, аузынан сораптап аққан сілекейін жеңімен сүртуді енді меңгерген жас ұйымдастырушылардың жасағаны осы. Қазақтың айтысына құлақ құрышы қанбаған, бойы дуылдамаған, ақындардың отты орамдары мен жалынды ұйқастарына бас иіп көрмеген, айтысты сағынып, шөлдеп көрмеген КҮЗЕТШІЛЕР мен ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАРдың «дуеті» марапаттауға лайық қызмет атқарды.
Республикалық референдум, облыстық съездерді, қала ауқымындағы түрлі шараларлы ұйымдастырып жүрген НұрОтан үйымдастырушылары - бар-жоғы 1600 ғана адамды қабылдай алатын шағын концерт залына айтыс жанкүйерлерін толтыра алмай қаламыз деген қорқыныш не үрейі болды ма екен, әлде «қанат белгісін» қоюға сол шама да жеткілікті болды ма, әйтеуір айтыссүйер қауымға «Конгресс холл есігінің алдындағы айтыс» мүлдем ұнамады. Бүкіл Астанада айтыс дегенде еміреніп, «ішкен асын дерге қояр» 1600 ғана адам бар деп ойлағаны ма сонда? Анық сол есік ашық қалған күнде топырлаған халықтың аурасы айтыскер ақындарымызға тек рух пен шабыттың сарқылмас қуатын береріне сеніміміз мол еді. Біз жай ғана айтыс тамашалағымыз келді.
Ең құрығанда, Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Астана Опера» Мемлекеттік Опера және Балет театрында, одан қалса Астана Арена стадионында неге өткізбеске деген әңгіме халықтың аузынан кетпей қойды. Себебі дәл сол күні, бір күн бұрын қар жауған Астанаға ұқсамайтын, күн шуақ шашып, ауа-райы ерекше құлпырып тұрды.
Жадыға мәңгілікке ұмытылмастай етіп сақтайтын осындай сәттерді сурет, видеоға түсіру мүмкіндігі де болды. Дегенмен қазақылықың қасиетті ұйытқысы, мүшкілдеу тілімізді тіреп тұрған үш немесе төрт тағанның бірі - айтыс болып жатқан cахнаның жанынан, оған қосымша цирк қойылымын ұйымдастырудың қажеттілігі жоқ деп таптық. Бастысы, осындай кикілжің, алауыздыққа алып келердей біртүрлі жағдайдың орын алғаны рас.
Сол айтыстан өз басым сағат 17-30 дар шамасында қайттым. Мен кетіп бара жатқанда бағанағы баласын құшақтаған жас ана әлі де сол жерде тұрған.
Құрметті Бекболат аға!
Бұл хаттың осы жазба арқылы, тікелей халық атынан Сізге бағытталуының да себебі бар. Себебі, айтысқа кіре алмаған бұқара халық - құдды бір Титаник бел ортасынан жарылып, құлықсыздықтың суық суына батып бара жатқанда, араша болар жан деп Сізді іздеді. Дәл бір жанымыздан алып кемемен Сіз келіп, бәрімізді құтқарып алардай сезімде, сенімде, үмітте тұрдық. Рухани жаншылып, жанымыз қиналып тұрғанда халық жаппай Сіздің атыңызды атаумен болды. Біз Сізді қатты іздедік.
Тоқсан ауыз сөздің түйіні, Бекболат аға, айтыс көруге барған біршама қазақтың бір сәттік тағдыры осылай өрбіді. Бұлқан-тақан болып қайта-қайта тулаған халықтың толқыны «Ұйымдастырушылардың» танауынан шыққан демінен көк мұз қатып қалған Конгресс холлдың «қақпасын» бұзып жара алмады. Халық айтысқа кіре алмады. Халықтың бұл тұрысы – оған айтыстың бағасы емес, оның берері маңызды екенін тағы бір дәлелдеді. Сізге болған жайттан хабардар ету міндетін мойныма ала келе, жалпы көпшіліктің атынан сұранарымыз да сол – осындай жағдайды бір ретке келтіруге ықпал етсеңіз екен. Көкпардың жайын да қалай ұйымдастырғаныңызды көрдік, ол бірақ басқа әңгіме. Халық айтысты көрсін, қасынан отырып көрсін. Кімнен нені аясақ та, халықтан айтысты аямайықшы. Қалайда, бұлай өтетін айтыстың алыдын алып, жоғарғы деңгейде өткізуге болады ғой?
Бұл хат көпшіліктің атынан болғандықтан, қалған көпшілік оны оқып, көкейіне ой түйсін деген мақсатта әдейі «ашық» қалдырылды!