Төртуылдың бұлбұлы.......

Менің атам Көкенай қашан қөрсең қолынан газет, журнал, кітіптар түспейді. Үнемі оқып отырғанын  көремін. Жуықта атам мен әжеме амандасуға бардым.  Атамның қолында оқып отырған жеті жүз бетке жуық қалың кітапты көрдім. Атам менің сәлемімді алып, маңдайыңнан сүйіп , жақсы тілегін айтты. «Ата қолыңызда оқып отырған кітап не туралы жазылған?» деп сұраған едім. «Балам, бұл кітап әжеңнің жездесі, атақты тарихщы, тарих ғылымдарының  докторы, профессор Ермұхан Бекмаханов туралы ғұмырнама. Жазған Қазақстанға белгілі  инженер- фантас жазушы Сәрсеке Медеу. Балам саған түсіндіріп айтайын» деп, атам өз әңгімесін бастады. Ермұхан Бекмахановтың жұбайы Қалима Адамбеккызы Бекмұханбетова әжең Панаттың немере апайы. Бұл кісі қазір 88 жаста. Филология ғылымының кандидаты, доцент. КазПИ, қазіргі Абай атындағы педуниверситетінде көп жылдар сабақ берген. Екі ұл, бір қызы бар, немере, шөбере сүйіп отыр. Ал енді Бекмұхамбет кім? Осы кісі туралы айтайын. Бекмұхамбет 1861 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында туған. 1884 жылдары сонау Шығыстан, Зайсаннан  Ташкентке барып, жеті жыл діни медреседе оқып, білім алады. Ташкенттен Уфа қаласына келіп , мұсылман руханиятының басшысы муфтиге жеті жыл оқыған діни білімінен  сынақ тапсырып , «указный молла» деген құжат алады. Бұл патша жарлығымен бекітілген діни лауазым тәртіп бойынша берілетін ресми құжат. Бекмұхамбет еліне келген соң , ауыл азаматтарымен ақылдаса отырып, мешіт салуды қолға алады.  Мешіт- Алланың үйі. Бекмұхамбеттің негізгі мақсаты – халықты Алла жолына, имандылыққа тәрбиелеу. Екінші халық үшін істеген еңбегі – ол ауылында мектеп салдырып, ағартушылық жолында қызмет жасайды. Болашақ жастарды ғылым-білімді меңгеріп, халқы үшін еңбек етуге тәрбиелейді. Бекмұхамбет ашқан мектепте үш жыл сабақ берген Алаштың ардақты көсемдерінің бірі- Міржақып Дулатұлы. 1904 жылдан 1907-жылға дейін Міржақып Бекмұхамбет мектебінде сабақ бере жүріп,  Алаш партиясының Зайсанда «Теңдік» бөлімшесін құрады. Бекмұхамбеттің баласы Адамбек сол Алаштың атты әскерінің командирі болып қызмет етеді. Қазіргі 88 жастағы Кәлетай анаңның  әкесі. Кеңес өкіметі Адамбекті Семейдің түрмесіне жауып, 1930 жылы сол түрмеде қайтыс болады. Бекмұхамбеттің халқы үшін істеген үшінші еңбегі Зайсан өңіріне жиі Ресейден келген қарашекпелді шаруалар қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып, елді-мекен қоныстар сала бастады.  Сол кезде Бекмұхамбет Семей губерниясына дейін барып, рұқсат алып, ағайындас, туыстас азаматтарға  елді мекен қоныс салып беріп, халықты отырықшылыққа тәрбиелеп, бау-бақша салуға үйретті. Бұл 1909 жыл болатын. Бұл ауыл –Қуаныш деп аталады. Сол ауылдағы мектепте менің атам Көкенай 1975-1977 жылдары екі жыл директорлық қызмет атқарған. Атамның айтуынша, Бекмұхамбет маған апа жағымнан нағашы бабам болып келеді. Атам Бекмұхамбетті халық "Указ молла" деп атап кеткен екен.  Бекмұхамбет Указ молла тоғыз таңбалы Найманның бір баласы Төртуыл. Төртуылдың бір бұтағы "Тұзақшы" деп аталады. Содан тараған екен. 1925 жылы қайтыс болған. Өзі туып- өскен  ата мекені «Байгекөк» деген жерде жерленген.  «Алдыңғы жылы туылғанына 150 жыл толуына байланысты  жетінші айда ас бердік. Ауылдағы мектеп қабырғасына ескерткіш тақта қоймақпыз.», деп атам өз әңгімесін аяқтады. Бекмұхамбет бабамның халыққа жасаған осындай игі істерін ести келе , жүрекжарды өлеңімді арнаған едім.

 

Тарайтұғын төртуылдан Тұзақшыдай бір ел бар,

Шешені бар, көсемі бар, ақыны да тағы бар.

Нағыз аты Байыл еді, Тұзақшы боп кеткені,

Дейді халық аңшылыққа болған екен ол құмар.

 

Бекмұхамбет асқан шешен, Сатыбалдыұлы еді,

Еркін өмір өз халқына берсем декен тілегі.

Жақсылығын аямаған туған қазақ халқынан,

Сол бір Байыл ұрпағынан шыққандардың бірі еді.

 

Отырықшылыққа жол ашып, елді мекен салғызды,

Туған жұртын қуантып, бақыт шоғын тамғызды.

Сол ауылда қызмет қылып, қолдауымен халқының,

Ризалықпен сол бір жерді Қуаныш деп жазғызды.

 

Сауат ашып, білім алсын деген пейіл тілекпен

Мектеп ашты жас ұрпаққа аппақ адал ниеттен.

Дулатұлы Міржақыптай Алаштың бір көсемі,

Сол мектепте бар білгенін оқушыға үйреткен.

 

Туған халқын шақырып Алланың хақ жолына,

Қажы атанды бабамыз, Құран ұстап қолына.

Мұсылманның бес парызын өтеуге жол ашқызып,

Мешітті де салғызды, имандықтың жолында

 

«Указ молла» есімімен халыққа аты шыққаны,

Бұл дегені Уфадағы бас мүфтидің ықпалы,

Бекмұхамбет жайында указ беріп халыққа,

Діни алған білімін жоғары деп ұққаны.

 

Білгірлігі, ақылы мен парасаты жарасқан,

Болған еді бабамыз жүзден жүйрік арыстан,

Басшы атанып, қызмет қылған төртуылдың еліне

Төртуылдың бұлбұлы боп есімі елде алысқан.

 

Қанша уақыт өтті міне содан бері арада,

150 жыл толды міне Бекмұхамбет бабама.

Жұртын қолдап , аянбастан еңбек еткен еліне,

Жақсылығын қазақ халқы түйіп ұстар санада.

Жаздым арнау бүгін міне бабатайым сізге мен,

Жүріп келем өзің салған қасиетті ізбенен.

Сіз өлмейсіз мәңгілікке жадындасыз ел-жұрттың.

Сіз тірісіз , әрқашанда бірге жүрсіз бізбенен.



Бөлісу: