"Ауыл - алаштың анасы"

Ауыл десе менің ойыма ең алдымен кең жазиралы жасыл дала түседі...Мен кейде қазақтың бар байлығы – даласы деп мақтанышпен айқай салғым келеді. Көк аспанның астында көк түріктің ұрпағы қазақ деген ұлыс та осы ұшан-теңіз даланың майлы топырағында маңқиып  дүниеге келіпті. Содан бері осы киелі далада кемел ғұмыр кешіп келеді. Сондықтан да кіндік кесіп, туып өскен туған жеріміз, бабаларымыздың ата қонысы, алтын бесігі дала – өз үйіміз.

Иә, қазақтың сәйгүліктері жер тарпыған аламан бәйгелеріне, ит жүгіртіп, құс салған текті саятшылық, аңшылық, т.б. ұлттық өнеріне қырмызыдай қыздарын желмен жарысқан жігіттері қуып жүріп сүйетін жаз – дәурен қызығына - бәрі – бәріне де кәрі даланың « қу көңілі куә ». Ауыл осындай әдет – ғұрып, салт – дәстүріміздің салтанатын сақтады.  Ауыл  сөйтіп « ата салтымызды – халықтық қалпымызға айналдырды ». Иә, қазақтың генофонды – ауыл. Ауыл – алаштың анасы, әрі панасы. Бүкіл қазақтың « қаймағы » ауылдан шықты. Ауыл оларды өсірді. Олар да ауылды көтерді. Енді, жастар да ауылды көркейтуі тиіс. Жалындаған жастарға сеніп отырғанда, олар да кей жағдайда кем тұстарын байқатып қалады. Мәселен, ауылға нағыз маман иесі керек кезде олар дипломдарын алып, мақтанышпен ауылға аттанудың орнына ауылды менсінбейді. Ауылға барып жұмыс істеуге көп жастар қымсынады. « Дипломмен ауылға » жобасы қолға алынғанымен әлі де болса мамандар жетіспей жатыр. Маманданған жастарға ауыл қазір мұқтаж болып отыр. Медициналық көмекке зәру. Медицина ауылда дамымағанының салдарынан дәрігерлік қателіктер де аз емес. Сондай-ақ ауыл жастарына саналы тәрбие мен сапалы білім беруде қазіргі заманғы озық үлгідегі жаңа технологиялар мен, осы талапқа сай білім беру саласындағы мамандардың да толық қанды жетіспеушілігі көзге ұрады.  Ауылда жас мамандарды тұрақтандыру барысында әлі де болса көптеген мемлекеттік маңызы бар істерді жандандыру қажет деп білемін. Өзіміз туып өскен мекенге, алтын аймағымызға қол ұшын беріп, даму жолында біз, яғни өскелең ұрпақ ат салысуымызды үлкен парыз санаймын.Ауылдың көркейуі – еліміздің өрістеуі екенін естен шығармағанымыз абзал.



Бөлісу: