Бүршігін жармаған гүлім

Қалғып кетіппін. Қатарынан ұйықтамаған түндердің әсері болу керек, кірпіктерім біріне бірі құштарлана жабысқан күйі  денем дел-сал болып ұйықтап отырғанмын. Өзім ұйықтап отырғаныммен, миым мен отырған орындықтың жанындағы палатаны торуылдап, қорып отыр. Ол палатада бір апта бұрын туылған ұлым жатыр. Туылған соң 4 күннен  кейін дем алысы қиындап,  беті-аузы көгеріп, қиналды. Бірден дәрігерлерге көрсеткен едім, олар да салғырттық танытып-"нәресте осылай дем алады" деумен шектелген еді,  енді кеше тіптен денесі тырысқанда бірақ "кислородқа" жатқыздық балапанымды.Енді міне Алладан шипасын сұрап отырмын.

Тәтті ұйқымды  кардиограмманың үздіксіз шыққан дауысы бұзды. Аласұрып, жаным қоярға жер таппай, кеудемнен шығайын деп тұр.Бірден  жанталасып дәрігер іздедім.Жан-дүнием бұлқан-талқан болды. Жылап жүрмін сора-сора болып.Бар үмітім бір Алла мен дәрігерлерде.    Жүгіріп келген олар білмеймін, дәрі екті ма екен әлде оттегісін қалыпқа келтірді ма, жүрегі қайта қалыпты соға бастағанын естідім. Қанша өтінгеніммен  балапанымнын жанына баруға дәрігерлер рұқсат етпейді . Тек түс кезінде бәрінің кеткенін аңдып тұрып, палатаға кіремін де, әйнектің сыртынан қарап, еркелетіп:"балам, балапаным, сен батырсың ғой, маманды ренжітпейсің ғой, жылатпайсың ғой" деп кетемін. Терезеден қарап тұрып, терең күрсіндім де, міне, енді бір қиындықтан аман қалды, енді бәрі жақсы болады деген оймен бөлмеме беттедім. Палатаға кіргенім есімде де, жастыққа қалай басым тигені есімде жоқ. Ұйқы деген тәтті ғой шіркін. Сөйтіп жатып түс көріппін. Түсімде жолдасымның қызыл көлгі бар еді, сол көлікпен келе жатыр екенбіз. Бір кезде артымыздан бір камаз соғып кетіпті деймін . Қарасам жолдасымның бауыры  көліктің ішіне түсіп қалыпты. Екеуіміз  еңкейіп алып бауырын іздеп таппай әлекпіз. Сөйтіп жатқанда "Құсайынова тұр, бас дәрігер шақырып жатыр" деген медбикенің даусынан оянып кеттіп. Атып тұрып дәрігердің кабинетіне қарай тарттым. Кеудемде бір қорқыныш бар, үрей бар. Үмітсіз-шайтан дейді, мүмкін балапанымды оттегіден шығаратын шығар деп те ойлап қоям. Кабинетке кіріп едім, біраз дәрігерлер жиналып қалыпты. Қабақтары  түсінкі, маған аяушылық сезіммен қарап қояды. Ішімнен бір жамандықты сезіне бастадым. Көзіме жас ұялап, шығып кетуге сәл тұр. Бірер минуттан соң тыныштықты бас дәрігер бұзып, балапанымның мені тастап ұшып кеткенін айтты. Сол кездегі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Отыра кеттім.  Аспан айналып жерге түсті дәл сол кезде мен үшйн. Өмірдің мәні бір-ақ сәтте жоғалды. Ішім оттай өртеніп, жүрегім кеңірдегіме келіп тұрып қалды. Бағанағы түсім де осыны меңзеген шығар. "Бала- бауыр етің" деген бар емес пе. Содан күні-түні жасым да бір құрғамады. Бірақ үлкен кісілердің айтуы бойынша шақалаққа көп жыламайды дейді, өз-өзіме әзер келдім. Балапаным, Айтжаным, кішкентай ғана періштем, бізді күтіп аларсың жұмақтың есігінен. Ал қызыл көлігімізді бір аптадан соң артынан камаз қақты да кетті.Аллаға шүкір жолдасым аман қалды. Енді Аллах Тағалам екі қызыма ұзақ өмір берсін.



Бөлісу: