Өмір сен кереметсің

Өмір сен кереметсің
жеке
блог

Өмір сен кереметсің
Өмірді сүйсең уақытты оздырма,
Ол – тіршілік арқауы
Өмір...Қып-қысқа сөздің өзінде қанша мағына жатыр десеңізші… Бірақ әркімге әрқалай… Себебі өмір десе кей адамдар көп түсінгенімен, екіншісіне бұл сөздің еш мағынасы жоқ…
Бірі өмірді көремін, талпынамын, жетемін деп мақсат қояды, ал басқасы тек өмірге ішіп-жеп, ойын қуу үшін келдік деп ойлайды.
Ал менің ойымша, өмір деген ешкімге түсініксіз бір тылсым құбылыс, өмір – біздің іс-әркетіміздің куәгері. Дәл осы өмір адамды бірде қуантып, бірде жылатады, керек кезде көтереді, ал содан соң құлатады. Өмірдің өзі жақсылық пен жамандықтан, сағыныш пен бақыттан, мұң мен шерден, зорлық пен сүйіспеншіліктен, қиыншылық пен күрестен, жеңіс пен жеңілістен құралған. Сәтсіздік, жаманшылық атауын адам қанша ұнатпаса да, ол – заңдылық. Бұл – өмір. Бұл құбылыссыз өмірдің өзі қызықсыз.
«Асылы, адам өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді»,-деген Ғабит Мүсірепов ағамыз. Яғни, өмір адамның қолында. Кейбіреулер маңдайға жазылған тағдыр дер, ал мен онымен келіспеймін. Себебі Аллаһ Тағала құдіреті күшті және Ұлы, ол жақсылық атаулысына құмар, жаманшылыққа жаны қас. Әрі адам Аллаһтың өзі жаратып сүйген құлы. Ол өз пендесінің пешенесіне қалай ғана жаманшылықты жазбақ? Барлық адамның пешенесіне бақытты болуды жазды Аллаһ, ал өсе келе санасына ес кірмей, шайтанның жетегінде кетіп пешенесіндегі жазуды өзгерткен адам.
Аллаһ Тағала адамға сынақ жібереді, ол хақ. Ал адам оған төтеп беру керек, қасық қаны қалғанша күресіп, өмірі үшін алысуға міндетті. Себебі өмірге келген соң, оның ащысын да, тұщысын да көру керек. Ал біз ше? Солай етеміз бе? Барлығын «тағдырдың жазуына» артып қоя саламыз. Неге? Неге адамдар сәл ойланып, өздерінен кемшілік іздемейді? Неге қателерін мойындамайды? Неге оңайға жүгіреді? Бұған да « пендешілік» деп жауап берерлеріне күмәнданбаймын.
Адам өмірінің қожайыны – өзі. Аллаһ оны жаратты да, өмірінің кілтін ұстатты. Жаман жолдың не жақсы жолдың есігін ашу адам еркінде. Яғни өмірін ән мен сәнге, мәні мен қызығына толтырып өткізу де, теріс жолдың етегінде кетіп мәнсіз, өкінішке толы өмірді сүру де біздің қолымызда.
«Дүниеде үш нәрсе ғана: атқан оқ, айтылған сөз, өткен күн қайтып оралмайды»,-дейді Даумер. Яғни өмірің өтіп кеткен соң, көз жасыңды көл қылып, жаныңды жегідей жеп, айтуға ұялатын өмірің үшін өкінгеннен пайда жоқ. Өткен оралмайды. Өмір ағып жатқан өзен, ол сені күтпей, өзі қалаған бір бағытта аға береді. Уақытты таңдамайды, онда өмір сүреді. Шіркін, осы өмірдің қадірін түсініп, қолда бар алтынды бағалап, дұрыс сөйлей білсе екен адамдар. «Сөз сүйектен өтеді» демеуші ма еді атам қазақ. «Айтылған сөз – атылған оқ». Сондықтан адам жанын жараламай, ойланып сөйлеу керек. Болашақта дәл сол адам сенің жаныңнан табылар?! Өмірді болжау мүмкін емес қой. Мұқағали ағамыз:
-Сүрініп кетпе!
Сүрініп кетсең, болғаны,
Дей бергін досым, басыңа қырсық орнады
Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы-
Аңдамай басып, сүрініп кетсе болғаны,-деп жырлаған.
Қадір-қасиетіңді жоғалтып алу бір-ақ сәт, ал оны жинау үшін қаншама тер төгілді…
«Өмірдің алды — ыстық, арты – суық.Алды – ойын, арт жағы мұңға жуық»,-деген Абай атамыз. Бұл өмірдің сипаттамасы ғой. Суық пен ыстық қатар жүреді. Ал кей адам суығына шыдамай, өмірін қыршыннан қиып кетіп жатыр. Әттең… Аллаһтың сыйын бағаламағандары-ай деп ішің ашиды. Өмірдің несі қызық? Дәл осы қиындықпен күресе отырып, асыл армандарыңа қол жеткізудің өзі де бақыт емес пе?! Әр істің басы қатты, аяғы тәтті болады. Өмір осындай.
Уақыт – керуен, адам – көш. Көштен кеш қалу – өмірді бос өткізумен тең. Сондықтан өмірге байыппен қараған абзал.
Адам мәңгілік өмір сүретіндей армандап, соңғы күн өмір сүріп жатқандай өмірдің бағасын білу керек. Бәлкім, менің парақ бетіне түсірген ойыммен біреу санасар, біреуі санаспас, алайда бұл менің осы он жеті жыл бойы ойға түйген өмір жайлы түсінігім. Мен өмірді сүйемін. Ащысымен де, тұщысымен де сүйемін. Көңілді кейде құлазытып, алдыма талай тосқауыл қойып, мені қинау арқылы шыңдай түсетін өмірді сүйемін! Жаратушы Аллаһ Тағалама шексіз алғыс айтамын және өз армандарыма қол жеткізу үшін еңбек етіп, өмір сүремін.