Ана - ардақты есім...

   Жұмақтың кілті ананың аяғының астында

                                                                                   Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с)

         Табиғат-құдіреттің тіршілікке тарту еткен ең үлкен сыйлығы – ана. Жер бетінде қыбыр еткен жан атаулы анадан туады,  ананың махаббатына бөленеді. Он сегіз мың  ғаламның  мызғымайтын бір заңы болса, ол - ананың перзентіне  деген махаббаты.

            Бала кезімнен ынтыға тыңдайтын бір ертегіде “кірпі баласын жұмсағым дер, қарға баласын аппағым дер ”  деп келетін ғажап сөз бар еді.

 “ Ішінен шыққаны шұбар жылан ”  болса да, сүйюден, аялаудан танбайтын ана жүрегі қандай жомарт, мәрт, нағыз асыл десеңші?!

            Ойлап көріңізші, анадан не қымбатты, ә? Зор күнә ғой  ана жайлы  тіл қатпау?! Талай ана сәбиі үшін ұйқысыз,  тал  бесікті таянумен түн қатты-ау. Ана жайлы тіл қатпау - зор  күнә болса, “ ана жайлы жан-жүрегіңмен құлай беріліп, сезініп, сүйіп, сүйсініп тіл қату - зор ерлік” дер едім.

           Осы ерлікті істеуге санасында сәулесі бар әр адам баласы міндетті деп ойлаймын, ендеше, тәуекел! Мен де өз көңілімнен ардақты жан анаға деген жүрек сырымды ақтарып көрейін.

            Ана! Осы үш әріптен құралған сөзге қаншама мағына ұялаған. Ана – ыстық от, жылы жүрек. Ана – сенімім, үмітім. Ана  – бауырым елжіреп, сарыла күтетін сағынышым.  Ана – асқарым, биігім, мұратым, мақтанышым. Мен үшін ана – осының бәрі, әсіресе, айтарым – ол бүкіл саналы ғұмырымның мән-мағынасы.

            “Шешесін көріп қызын ал” деген халқымыз, менің анам – менің болашағымның айнасы. “Жұмақтың кілті ананың аяғының астында ”  деген екен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с), ал қазақ халқы әйел затын ерекше қадір тұтқан. Өмірдің ащы-тұщысын көріп ысыла берсін, тұяғы тасқа салса, кетілер, суға салса, жетілер деген оймен ұлын жел өтінде ұстаса, қызын аз күндік қонағым, алтынның сынығы, шұғаның қиығы деп, бөркінің төбесіне үкі қадап, үлпілдетіп өсірген.

    “Қарлығаш әулие” атанған Төле бабамыз шаңырығына ұялаған қарлығаштың балапаны жетілгенше, көшпей отырыпты. Бұл да құс екеш ана-құстың балапанына деген махаббатын аялаған, халқымыздың даналарының үлгілі істерінің бірі. Обал мен сауапқа аса сақ қарайтын халқымыздың тұлпар туған биені соймайтын жақсы дәстүрі болған. Бұл  – адамның анасын былай қойып, малдың да анасын қасиет тұту. Анаға деген қазақы құрметтің қаншалықты дәрежеде биік екені осыдан-ақ байқалмай ма? Халық арасында  “Анаңды меккеге үш рет арқалап апарсаң да,  қарызын өтей алмайсың” дейтін қанатты сөз ананың қадірін адамзатқа   ұғындыру үшін айтылса керек. Сондықтан бұл сөздің мәнін ананың қабағына кірбің түсірмей, аялап ғұмыр  кешу деп ұғамын.  Адам баласы,  ең бірінші,  анаға қарыздар. Өйткені  адамгершілікке тәрбиелеп, жақсылыққа үйрететін алғашқы ұстазың – анаң. Ананың балаға, баланың анаға деген махаббаты – мәңгілік ұлы сезім. Өнерде  өлмейтін екі тақырып болса, соның бірі  -  ана, бірі – махаббат. Шығармашылық өмірінде бір туындысын анаға, әйел затына  арнамаған өнер иесі жоқ деуге болады. Сонау Леонардо да Винчиден бастап, күні кешегі Ғабит Мүсіреповтер, одан кейінгі, осы күнгі классиктердің ұлылығы да  олардың ананы, әйел затын терең түсініп, көркем суреттеп,  классикалық ғажап деңгейде  өнер өзегі етіп алуында,  бір ғана мысал,  Шәмшінің “Ана туралы жыр ” әнін алайықшы.  Керемет дүние емес пе? Бұл әнге балқымаған, елжіремеген жүрек жоқ шығар. Өйткені ол ән адам жүрегінің жалғыз жебеушісі, өзіне өмір сыйлаған ардақтысына арналған емес пе? Шәмшінің бұл әні – Ана туралы әнұран.     “Жігіттің жақсысы нағашыдан” дейді дана халқымыз. Жақсы адамның анасы туралы “жатыры асыл ”  деп жатады. Мұның бәрі адамның адамдық қасиеттері ана сүтінен сіңетінін тағы бір дәлелдеп өтетін мысалдар. Сөз  басында мен : “ Ана туралы тіл қату – тілдің зор ерлігі”, -  деп айтқан едім. Оның себебі, ана жүрегінің өзі ерлік жасауға құмар құдірет иесі. Ананың ерлігі – баласын өз жанынан артық сүюі. Ел аузында  жүрген аңыз - ана  жүрегінің осы ерлігін паш етеді. Аңыз былай дейді: “ Баяғыда бір жігіт көркі елден асқан сұлу қызға есі кете ғашық болыпты. Қол жеткізбес сұлу күндердің күнінде өзіне ғашық жігітке  “ Алам десең аруды, анаңның ап кел жүрегін” деп шарт қояды.  Сезімнің соқыр жетегіне ерген жігіт есі ауып, анасын өлтіруге мәжбүр болады. Шешесінің дірілдеген ет жүрегін жұмырына жұма салып, ғашығына қарай асықса керек . Бір сәтте аты сүрініп, жігіт жерге құлап түседі. Дәл сол кезде анадайға ұшып кеткен анасының жүрегі: “Бір жеріңді ауыртып алмадың ба , құлыным”, - деп бүлкілдепті”. 
            Ана жүрегі деген, міне, осы! Нағыз махаббат, аналық махаббат, нағыз ерлік! 

 



Бөлісу: