ӨЛІМДІ ӨЗІҢ ІЗДЕМЕ...
блог
Кейбір мемлекеттерде белгілі бір қылмыс жасап, жазасын өтеушілердің қай күні, қандай баппен қамалғаны жөнінде ақпаратты денесіне жазатын болған. Қай кезеңде де, қай жерде болмасын денеге сурет салу немесе жазуда белгілі бір мағына бар. Қазіргі уақытта еш мағынасыз жастардың ермегіне айналған сән түрі болып қалыптасуда. Қазіргі тілмен айтқанда «бодимодификация» стилі.
Бодимодификация ағылшын тілінен аударғанда «body» дене, «модификация» – өзгерту деген мағынаға ие. Яғни денені әртүрлі бояулармен немесе темір-терсектермен әшекейлеу арқылы тәнді өзгерту. Қазақстанға бодимодификация соңғы 5 жылдың көлемінде келе бастады. Алғашқыда мұрын, қас, тіл, еріннің айналасына түрлі формадағы сырға тағу және әртүрлі шағын формадағы суреттер салумен басталды. Қазір жыланның тіліне ұқсатып тілін кесу, көздің ағын басқа түске бояту сынды түрлері бар. Бұл стиль түрі қазақ мәдениетіне қайшы нәрсе. Дегенмен қазақ жастары денеге сурет салу мен сырға тағуда өзгелерден қалыс қалып жатқан жоқ. Бүгінгі кейіпкеріміз, Дәурен де бодимодификацияны өзіндік мәдениет деп қабылдайтын жастардың бірі.
Дәурен ЖАҚЫП:
– Бодимодификацияға деген қызығушылық ең алғаш құлағымды тесуден басталды. Ол кезде он алты жаста болдым. Үйге сырға тағып келгенімде әкем қатты ренжіді. Сол себепті сырғамды алып тастадым. Кейіннен оң жақ қолыма «Му soul» (менің жаным) деп жаздырдым. Өзіме қатты ұнады. Үйдегілер байқамады. Осылай жасырын тағы да «Инь» және «Янь» деген екі сөзді жаздырдым. Менің жазуларыма достарым қатты қызығады. «Енді неге жаздырмайсыңдар?» деп сұрасаң «Әке-шешем рұқсат бермейді» деп жауап береді. Біз неге өзіміз қалағандай өмір сүруге талпынбаймыз?! Ата-анамыз қалайтын образбен өмір сүреміз. Меніңше, бұл дұрыс емес. Мен өмірді өзім қалағандай сүргім келеді. Тек ешкімге қиянатым тимесе болғаны. Менің денеме салынған суреттерден ешкім жапа шекпейді ғой. Қазіргі уақытта желкемде қыранның суреті бар. Қыран – жер бетіндегі құстардың ең асылы. Мен үшін қайсарлықтың символы. Бесінші жазуым бар. Бірақ ол құпия. Болашақта жүрек тұсыма «Алла жалғыз» деген жазуды жаздырамын және анамның суретін салдырамын. Денеге сурет салуда аса жоғары талғам керек. Себебі дене сурет дәптері емес. Оны жыртып тастай алмайсың. Бір күні әкем мен анам жазуларымды байқап қойып, қатты ренжіді. Уақыт өте реніші басылды. Бодимодификация – өзінше бір мәдениет. Бұл мәдениетті түсіне білу керек. Түсіне алмайтындар, белгілі бір өмір сүру шеңберінен шыға алмайтын қорқақтар. Бұл – менің ойым. Уақыт өте жастардың 80 пайызы бұл мәдениетті қабылдайды. Ең алғаш сызған жазудан бері алты жыл өтті. Еш өкінген емеспін. Қазір университетте 4 курста заң мамандығы бойынша білім алудамын. Болашақта жақсы қорғаушы болуды армандаймын. Мақсатым да сол. Денесіне сурет салатындардың өзге әлемі бар деген қате түсінік. Бірақ солай ойлайтын жастар да жоқ емес.
Дерек пен дәйек:
Елімізде осы кәсіппен айналысатын салондар Алматы, Астана, Павлодар, Қарағанды, Атырау, Ақтау қалаларында кең таралған. Жастардың есі кетіп еліктеп жүрген ермегі Алматы қаласындағы салондарда аса арзанға түспейді. Денеге сурет салдырудың бағасы суреттің көлеміне, бояуда қанша түс пайдаланылатынына байланысты. Ең арзан сурет салдыру 12000 теңгеден басталып, 70 мың теңгеге дейін барады.
Марат ӘМІРҰЛЫ, «Қарасай батыр» мешітінің наиб-имамы:
– Денеге сурет салу немесе салдырту сынды нәрселердің негізі ислам діні келгенге дейін болған. Яғни араб халқында ислам діні келмей тұрып, адамдық дәуірде кейбір адамдар өздерінің Құдай санаған пұттарының суретін денесіне сызып алатын болған. Пайғамбарлық келгеннен кейін, бұл нәрсеге тыйым салынды.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мынадай хадисі бар: «Денеге сурет салғанға да, салдырғанға да Алла елшісінің лағынеті болсын» дейді. Осы арқылы қатаң түрде денеге сурет салуға болмайтындығын ескерткен. Осы жерде ескеретін бір нәрсе дінде адам баласына не нәрсеге тыйым салынған болса, сол нәрсе адам баласына зиян. Адам баласына ненің зиян, ненің пайдалы екенін біз әлі зерттеп үлгерген жоқпыз. Бірақ Алла тағала бізді жаратушы, бізден артық білуші. Тыйым салынған әрбір нәрсе, бізге зиян болғаны үшін тыйым болады. Бұл – бір.
Екінші бір зияны, адам баласы суретті арқасына, қолына, кеудесіне салдырғаннан кейін, олар сурет салынған денелерін көрсетіп жүруге тиіс болып қалады. Ал ислам шариғатында кез келген кісі әурет жерлерін жауып жүруі парыз саналады. Әйел кісінің әурет жері бет-жүзі, алақаны білегіне дейін, аяғы тобығына дейінгі басқа жердің барлығы әурет жері болып саналады. Ер адамның тізесінен жоғары, кіндігінен төмен жағы әурет болып саналады. Жастар суретті осы әурет жерлеріне салады. Амал жоқ, салғаннан соң көрсетіп жүруге мәжбүр болады. Денеге сурет салып бір күнәһар болса, әурет жерлерін ашып жүріп тағы күнәға батады.
Фатима САҒЫМБЕКҚЫЗЫ, психология ғылымдарының докторы:
– Ғаламдану заманында жастардың бодимодификация сынды мәдениетке еліктеуі таңғалатын дүние емес. Яғни әртүрлі мәдениеттердің ғаламтор арқылы таралуынан жастар көргенін, өзіне ұнағанын еш ойланбастан жасайтын халге жетті. Олар денеге сурет салдырмастан бұрын, оның зардабын, салдарын ойлап бас қатырмайды. Жастар санасыз әрекетке барады. Жастардың түсінігінде бұл басқалардан өзгешелену, өзін-өзі көрсету, еркіндік болып табылады. Олар денелеріне салынған суреттердің өз мағынасы бар деп түсіндіреді. Мысалы, айдаһар, қыран, жыланның суреттерін сол тіршілік иесіне ұқсау деп түсіндірсе, гүлдер, көбелек, әртүрлі оюға ұқсас формалар нәзіктіктің белгісі. Сүйгендерінің атын жазуды махаббаттың символы деп қабылдайды. Өз тәжірибемде денесіне сурет салдырған бірнеше студент жастар болды. Соның ішінде бір қыз 7-8 жыл өткеннен кейін денесіне салған жыланның суреті үшін өкінді. Саналы түрде жасалмаған істің соңы өкінішке апарады. Денесіне сурет салдырған жастардың 90 пайызы уақыт өте сол ісі үшін өкінетінін ойлауы керек.
Сайын САДЫҚҰЛЫ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың профессоры, онколог-радиолог:
– Денеге сурет салудың салда-рынан болатын аурулардың нақты тізімі жоқ. Дегенмен, тәннің тініне сурет салудың салдары жақсылыққа апармайды. Біріншіден, суретті салған уақыттан бастап біраз күнге дейін дене қабынып тұрады. Бұл бездердің шошынуына апарады. Егер сурет салынған жерге дұрыс күтім жасалмаса, қабынып, іріңдеп қанға түсіп кетуі де ықтимал. Кейбір жағдайда онкологиялық дерттерге әкеледі. Екіншіден, әртүрлі инфекцияларды жұқтыруы мүмкін. Соның ішінде жастар арасында жиі кездесетін ЖҚТБ инфекциясын айтуға болады. Үшіншіден, сурет салатын бояулардың құрамында әртүрлі аура әкелетін зиянды заттар бар. Сол бояулардың кесірінен неше түрлі әлі зерттеліп бітпеген аурулардың пайда болуы мүмкін. Әрине, ол сурет салғаннан бастап бірнеше жылдан кейін ғана білінуі мүмкін. Егер тұқымқуалайтын түрлі аурулармен ауыратын жастар денеге сурет салдырса, жағдайы мүлдем қиын. Бұл жағдайда сурет салудың соңы өлімге де апаруы мүмкін.
Мақала "Айқын" газетінен алынды.