Кеш үйлену сән бе, мәжбүрлік пе?

    «Он үш жас – отау иесі» деген сөз еріксіз есіме түсіп отыр. Бұрын жастар (жастар деп отырғаным бүгінгі он үш жасар балалар) салт-дәстүр бойынша отау құрса да, бір-біріне сыйластықпен қарайтын, отбасылық өмірдің жауапкершілігін сезінетін. Ал, қазіргі таңда жиырмадан асып, отызға таяса да жігіттердің ер жеттім, қыздардың бой жеттім деуі екіталай. Бәрі емес, әрине. Өз жасында ғашық болып, отау құратын жастар көп, тіл-көзім тасқа. Ал біздің көтеретін тақырып кеш үйлену жайында болмақ.

     Қыздар ақ боз атты жігіттің сұлтанын күтеді. Біреудің көзі ұнамайды, біреудің өзі ұнамайды, біреу оқымаған, ашыған айтқанда, бірінің ақшасы жоқ, үй-күйі жоқ деп таңдап, енді бірі жұмысым, мансап-беделім деп жүргенде қарагөз қыздар жастарының келгенін де байқамай жатады. Бар мәселенің жағдайда емес, адамгершілік пен сыйластықта екенін ұмытқан-ау шамасы.

     Жігіттердікі де осыған ұқсас. «Аппақ жүзді, қырлы мұрын, жіп-жіңішке қасы айдай қиылған, құлақта әшекей сырғасы, басында кәмшат бөркі, білек толған неше білезіктері, сылдырлаған шолпысы бар, былдырлаған тілі бар, биязы, сабырлы, нәзік» Тоғжанды іздейді. Өз Тоғжанын тапқанда я жүрексініп қалады, я өзінің жағдайынан қысылады. Тағы біршама жыл жұмыс істейін, ақша табайын, жағдайымды түзейін, үй алайын деп жүргенде нағыз сұр бойдақ атанады.

      Міне, бар гәп осында ғана. «Таңдаған тазға жолығады» деп бекер айтылмаса керек. Қыздар Төлегенді, жігіттер Қыз Жібекті іздеп жүріп ақыры кеш те болса үйленуге мәжбүр болады. Осындай ырғақпен жалғасып, кеш үйлену сәнге айналып кетпесе екен деп тілейік.  Шын сұлулық жүректе емес пе? Жолдастар, қалайда нағыз сұлу Жібекке қол жеткізем десеңіздер, нағыз Төлеген болыңыздар. Менің айтарым осы.



Бөлісу: