Қашан отбасын құрғыңыз келеді?

Кеш үйлену: Сән бе, әлде мәжбүрлік пе?

Үйлену, үй болу – адамға парыз етілген дүние. Ал, парызды орындау – мына біздің мойнымызда. Осы міндетті біз қаншалықты орындап жүрміз?

Алдымен, себебін анықтаған жөн. Расымен де, кеш үйлену неге өсіп барады? Оған не әсер етеді? Еш нәрсені біржақты қарауға болмайды. Яғни, еріккен адам ерте үйленеді деп жүріп алуды немесе «болдым», «толдым»  деп тұрмыс құруды. Менің ойымша, үй болуға ең қолайлы кезең – жоғарғы оқу орныңды аяқтаған кез. Ерте де емес, кеш те емес.

Ерте үйленудің салдары:

Отбасын асырауға шамаңның жетпеуі (көп жағдайларда ата-анасының мойнына жүк болады). Отбасылық өмірге әлі дайын емес болу. Кикілжіңдердің көбеюі (әрине, екеуі екі үйдің еркесі болуы мүмкін ғой). Аздаған уақыттан соң ажырасып кету (статистикалық мәліметтер бойынша, ажырасудың алдыңғы себептерінің бірі). Балалықпен жасалған шалалықтардың саны өте көп (ата-енеңіз жақсы болса, бұл бола қоймас).

Тізбелей берсең, мұнан да көп шығады себеп-салдарлар. Ал, енді кеш үйленудің салдары:

Қатарыңның соңы болу (өзгенің балалары мектепке барып жатырса, сенде сәби енді болғалы жатады). Таңдаған тазға жолығады (бағыңа орай жақсы жар табылса, құба-құп). Жалынды жастық шақ өтіп кеткен соң, бірден отбасылық күрделі кезеңге кіріп кету (сіз жас емессіз, сондықтан, сізге көп нәрсе ұнай бермейді). Салқындық (әбден «қасқыр» болып алғансыз, таң қалдыру қиын) Осы жасқа дейін бекер жүрмеген шығарсыз? Ендеше, сіздің не үйіңіз не машинаңыз бар болуы тиіс. Соған бола қызыққан бойжеткенді кезіктіруіңіз мүмкін. Немесе, оңай пайда тапқысы келетін ер жігітті жолықтырып, алданыпта қалуыңыз ықтимал.

Мұнан нендей қорытынды шығарсақ болады? Әр нәрседе «алтын аралық» деген ұғым болады деп ойлаймын. Сол аралықты ұстанған адам адаса қоймас. Ерте үйленіп, кейде бармақ тістегенше, не кеш үйленіп, мазақ болғанша орта жаста отбасын құрған жақсы емес пе? Сондықтан, асықпаңыз да, кешікпеңіз де. Дей тұрғанмен, адамның емес, Алланың дегені болатындығын естеріңізге сала кетейін. Өмір емтиханында жолыңыз болсын!

Жадыра Аққайыр



Бөлісу: