Үштілділік: тиімді ме, жоқ па?
блог
Міне, 2013 жыл. Осыдан 16 жыл бұрын қабылданған саясат пен соған тиесілі жоспарлардың тіпті бәріне қол жеткіздік. Қазақстан бәсекеге мүмкіндігі бар 50 елдің қатарына кірді. Еліміз бар жағынан үлкен жетістіктерге жетті. Неткен керемет дерсіз, солай ма? Тіпті басқа мемлекеттер де, біз жеткен жетістіктерге таң қала қарайды. Біз өз елімізді мақтан тұтамыз.
Алайда, айтар ойым – сол жоспарлардың көбімен келісе алмаймын. Әрине, бұл мен сынайтындай мәселе емес, мен тек болашақ-журналистпін, бірақ осы мәселе нәтижесін күнде көріп жүргендіктен, бұл мені ойландырады. Бұл – үш тілді саясат, нақты айтқанда, бірінші сыныпқа барған балаға ағылшын тілін үйрету мәселесі. Алты-жеті жаста бала бірінші сыныпқа балалық шағымен қоштасып, жаңадан оқу-жазу машығын үйрену үшін барады. Онда оған өз тілімен қоса, ағылшын тілін де қосып береді. Енді ойлап қараңызшы, бала өз тілін әлі жетік меңгере алмай тұрып, басқа тілге икемі қалай келеді? «Бірінші жарты жылдықта «Әліппемен» үйренеді ғой өз тілін!» - дерсіз, бірақ бұл мүлдем олай емес.
Бұған мысал ретінде өз інімді айтайын. Қазір ол жетінші сыныпта оқиды. Бірінші сыныпқа түскен кезде оны қазақ-ағылшын тіліне бірден оқытты. Кейіннен үшінші сыныпта орыс тілін де қосты. Алайда бастауыш сыныпты бітірген кезде ол не қазақ, не орыс, не ағылшын тілін өз жасына сай жетік білмеді. Мұны байқаған ата-анам оны сол сабақтардан қосымша сабақтар мен курстарға ақылы түрде беріп, білімін көтерді. Ал мен ағылшын тілін тіпті бесінші сыныптан бастап оқыдым. Сонда да, бірде-бір қосымшаға бармай, мектеп бітірген кезімде жетік білдім деп айта аламын.
Бұл науқан сол кездері, яғни алты-жеті жыл бұрын, тек кейбір мектептерге ғана тән еді, ал қазір мұны бар мектептер ұстанады. Дегенмен, «бұл баланың өз қабілетіне де байланысты», «бұл баланың алғашқы мұғаліміне де байланысты» деген ойлар туындап жатады. Сонда да, ертеден баланың басын қатырып, кейіннен сол қатырғаннан түкте шықпаса, өкінішті болатын еді. Сол үшін де қазір екінші сыныпта оқып жүрген кіші ініме ағылшын тілін меңгеруге барынша көмектесіп жатырмын. :)
Ал сіз бұған келісесіз бе?