Адам және мезгіл

"Адам табиғаттың бөлшегі", "Адам мен табиғаттың арасындағы гармония" деген сөздерді көп еститінмін. Ойлап қарасам адам табиғатқа ұқсайды екен:

 Адам жарық дүние есігін ашады.   Бүршігін жаңа ашып, күннің жарығы мен жылуына бой үйретіп келе жатқан табиғаттай.Яғни көктеменің алғашқы айларына ұқсайды.Содан алаңсыз, уайымсыз бала өсе бастайды туылғаннан-7,8 жасқа дейін. Ары қарай жаз басталады. Жазда табиғат жасыл желегін жайып, жан-жануар, жәндіктер қыбырлай бастайды, болашағының жағдайын жасап, қамдана бастайды. "Қыстың қамын жаз ойла" деген бар ғой. Баланың мектепке жаңадан аяқ басып, жасөспірімдік кезін бастан өткізуіне ұқсайды. Дәл осы кезде баланың болашақ іргетасының қалануы басталады. Одан сон жаздың соңғы айлары, адмның жасымен 17-35 жас аралығы деп ойлаймын.Еңбек жемісінің дәмін алғаш татып,болашаққа сеніммен қарайтын уақыт. Табиғат та осы кезде жомарттығын танытып жатады емес пе.

  Күз де келеді.Жаздың жалындаған, желіктірген, еліктірген күндері жоқ. Көңілде байсалдылық, ісінде салмақтылық бар күз. Нағыз сабантойдың уақыты. Жаздай іргетасын берік қалап, еңбектеніп, адал термен істеген әр бір іс- өзінің жемісін, жеңісін көріп жатады. Адамдар да үйленіп, үй болып, бала шағасының қызығын енді көріп келе жатқан кез.  Күздің айлары 35-70 жас деп шамалаймын. Бұл аралықта тіршілік қыстың ызғарын сезіне бастайды. Кәріліктің  көкжиегі байқалады.Жаздай тыным таппағандар бұл кезде еш қорқынышсыз, уайымсыз күй кешеді. Ал "шырылдауық шегіртке" үшін ең қиын уақыт.

 Сонымен ақ қылышын суйреткен қыс та келеді.  Қозғалса сүйегі сықырлап, аяқ қолы жансызданып қалатын қариялар секілді тіршілік қатып, қимылсыз қалған. Ақ қары адамдардың шашынан байқалады.

Содан кейін тағы көктем келеді.Әрине бұл көктемге жету көбіне бұйырмасы анық. Адам баласы қартайып, қайтадан жас балаша күй кешетін уақыты. Аузында бір тісі қалмаған, еңбектеп жүретін қариялар осы көктемге жеткені ғой.

Ал содан кейінгі жаз- бәріміз үшін "Жұмақтың жазы" болғай.




Бөлісу: