...Айта алмаймын...жазамын...

*** Азалы көңілім абдырып қалған шақта, жалт еткен бір үмітті демеу етіп, сенім мені қорғағандай, алыстағы армандарға қиялды желеу етіп, өйдөйт, ой-орманның түйсік-ағаштарынан әзірленген шұғылалы нәзіктігіне мінгесіп алып,  самғағым-ақ келеді, сезім қытықтаған жүректі алып-ұшып сағыныштың бозғылт тартқан бақшаларына...

 *** Өмір-орман. Біз-орман тұрғындары. Ағаштарымыз, апандарымыз, бірінен бірі озған, саңылаулары бар бетон жәшіктер. Ал, біздің нағыз орман тұрғындарынан айырмашылығымыз: кейіпіміз екі-ақ түрлі. Бәріміздің кигеніміз бір маска. Әр масканың астында бір-бір аң, құс... Кімнің түлкі, кімнің барыс, бүркіт, жылан, қасқыр, қоян...екенін біле бермейтініміз содан. Сыртын білгенімен ішін білу бір жұмбақ. Орманның қай жерінде қандай қасқыр шауып, қандай түлкі алдап кетері уақыт тізгініндегі дүние. Тек әркім өз кейпінде дұрыс ойнай білсе...

 *** Бақыттан басым айналып, қуаныштан қалықтап ұшар, Күнім, қайдасың?! Сағындыру қолыңнан келген екен, сол сағынышты басу да қолыңнан келетін болсын! Олай ете алмасаң, сағындырма!

 *** Күндерім менің! Сендерден бір белгі қалса етті... Таңның атқанынан батқаны тез. Бір күнім бір күніме тым ұқсас болып кетті. Өмірден ұтылып жатқандығымнан болар...

 *** ...бас басына би болған өңкей...! Құдды аспаннан осы күйлерінде салбырап түскендей! Кеуделерін кезбездене керіп, жер-көкке сыймай, өзінен төмен, әлсіз деп ойлайтындарды барынша пайдаланып қалуды місе тұтатын әлдекімдердің арманы, енді біреудің қас жауы, өзгенің досы-ай, мен үшін сіздердің құндарыңыз бес тиын!

 ***     ... «қара сөздің» кеудесінен жұлып алып, өзге сынды «тарс-тарс» етіп сөйлей алмаймын. Өзге алдында өз ойымды «мөлдір», «күмпіл»  сөздермен жеткізіп айту деген-мен үшін бір ерлік! Ол ерлік тек қағаз бетінде бағаланады...

 ***  ...мүсәпір ойларым-ай, өз ішімде өліп кетер ме екенсіңдер... Өзімнің мынау қарбалас дүниедегі ұшып бара жатқан құс үстіндегі адамдарға керегім шамалы болып тұрғанда, сендерді қайтсін...

 ***   ...ойыңды айт дейді. Айта алмаймын. Жаза аламын. Қызыққан жан оқып алар...

 ***    ...бәз біреулер «теңселіп» «маңызды» «ақпарат» оқып тұр. «Жазылған» сөздер. Өзінікіндей. Иесі басқа. Әрине, кім шешен дейсіз?

 ***    ...дым да бітірмеппін осы жасқа келгенше... Ал, өзгелер тауға шықпаса да, талпынып жүр... Маған қажеті қанша?  Үлгі ал дейді. Кімнен? Неге?

 ***    Қазіргі махаббат - қардай аппақ, пәк, тым нәзік, үлпілдегені сондай, бетіне қарап үрлеуге қорқасың. Бірақ тез ерігіш. Таңғы шықтай...

 ***    Бұл біздің асқардай асуға шығып өскен жеріміз бе, әлде, тұтанбай жатып өшкен жеріміз бе? Көптің аузын ауамен толтырып, бөскен жеріміз бе? Шындықты шыңғыртып тұрып шырылдататын бір өжеттің қалмағаны ма? Әр жерден бір төбе болғанша, біріксек қайтер екен?!



Бөлісу: