"Думанда" пәтер жалдап жүр, талай қазақ баласы...

"Думан" ықшамауданы. Аты да әдемі, көркі де керемет бұл мекеннің тұрғындары жан-жағына жалтақтай өмір сүруде.

Үрей жол айырығында көпір салудан басталды. Жол кептелісі көп болатын бұл маңда көпір салып, көлік тығынын азайту халықты қуантты, әрине. Шүкір, көпір пайдалануға берілді. Бірақ жұмыс әлі қызу жүріп жатыр. 

«Думан» тұрғындарына тиімді қызмет көрсетіп отырған «Отау» базары ортасына түсіп, орнына спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр.Халық игілігі үшін бәрін бұзады-мыс.

Баспана деп жалдаған пәтерлер кірсе – үй, шықса –дала. Ауылдағы ағайынның тауықханасы сияқты. Бір аулада бес, алты, сегіз, тіпті он отбасы өмір сүреді.

Үй иесімен тұратын осындай да пәтерлер бар. 

«Уағында «Бақайдың» бағы тайып, «Шаңырақ» шайқалып еді, міне, енді «Думанның» думаны тарқайды» деген қауесет тарап, тұрғындар сан сұрақтың жауабын таппай сандалып жүр. «Думан» ықшамауданын бұзса, халық қайда барады? Кімге алақан жаяды? Бұл ауданның да біраз бөлігі заңсыз салынған үйлер мен құжаты жоқ жерлер. Жердің құжаты болса, үйдікі жоқ. Немесе, несиеге алынған, әлі төленіп бітпеген үйлер. Бұл ауданда да күн көрмекке ниеттеніп, ауылдан келген адамдар. Ауылдағы қара шаңырақты тастап келген ағайын қаншама. Бар мақсаты, баласының оқуы мен пәтер ақысына, күнделікті ішім-жеміне жетсе болғаны. Күнделікті күйбең тіршілік пен бала-шағасының қамын ойлап, бүгініне шүкір деп, ертеңіне үміт артқан халықты бұл сыбыс қатты үрейлендіріпті. «Думанды» сүрсе, не істейміз деген бір сұрақ үй иесінің де, пәтер жалдаушының да көкейінде жүр. 

Аталмыш мәселені алға тартып, Алматы қаласы әкімдігінің жер қатынастары басқармасына байланысқа шықтық. «Бақса, бақа екен» дегендей, халық бекер дүрлігіп отыр екен. Алматы қаласы жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары Аман Абдраманов халықты қажытқан әңгімені жоққа шығарды.

–Халықтың даурығуы орынсыз. Жүріп жатқан құрылыстар мен жол жөндеу жұмыстары тұрғындарға еш зиянын тигізбейді. «Думан» ықшамауданы сүріледі деген әңгімеде қаңқу сөз. Салынып жатқан спорт кешені «Думанға» жақындамайды да. Жолды кеңейтуге байланысты алдыңғы жиектегі үйлер алынуы мүмкін. Олай болған күннің өзінде де үй иелерінің жағдайын жасау толықтай қарастырылған. Сондықтан бүкіл ықшамауданды сүреді екен деген қорқыныштан арылыңыздар», –деп халықты сабырға шақырды Басқарма басшысының орынбасары Аман Алдабергенұлы. 

"Думан" тұрғындары демалатын сүйікті де көрікті саябағы

Мемлекеттің басты байлығы – халық. Бұл Ата заңымызда да бар. Жер ата-бабамыздан қалған үлкен мұра. Тек ұлан-асыр жеріміздің қадірін білсек болғаны. Міне, осылайша даурыққан жұрт пен сабырға шақырған басшылық өзара түсінік тапқандай. Көзбен көріп, көңілге түйгеніміз осы.



Бөлісу: