Баян Есентаева сендіре алмай жатыр...

Баян Есентаева сендіре алмай жатыр...
жеке
блог

Біраз таныстарым «Баян Есентаеваға қарап бой түзейміз» дейді. Баянның киген киімі, боянған косметикасы, жүретін жері, ішетін тамағына дейін трендке айналған. Отандық шоу-бизнестегі жұмысы бір төбе. Қолына түскенді алтынға айналдыратын алхимик сынды. Кей тұстарға мен де қосыламын. Талантты, еңбекқор, ең бастысы өте-өте әдемі. Өзін жақсы күтіп, өзгеге үлгі бола алатын әйел дер едім.

Әр ісі көпшілік назарынан тыс қалмайтын Баянды бәріміз де бақылаймыз. Ол түскен жарнамадан бастап телебағдарлама, сериалдарына дейін жібермейміз. Баян да шаршамайды. Әр арнадан Баянның тікелей не жанама қатысы бар дүние көріп қалып отырамыз. Өзі продюссер, өзі әнші, тележүргізуші, актриса...

Ал жақында «Астана» арнасындағы «Саған сенемін. Мой Лучший» бағдарламасына көзім түсті. Жаңа жүргізуші – Баян Есентаева. Көрмегендерге құлаққағыс, былтырғы жылы шоуды Динара Сәтжан жүргізетін. Сонымен, Баянның жаңа жұмысы ғой деп бақылауға кірістім. Әзірге екі хабар ғана көрдім. Алғашқы әсерім – Баянға отырған жері ұнамайтын сияқты. Үстіртін жүргізеді. Бұл шоудағы жүргізушінің рөлі – күйеулерін сынауға келген әйелдердің арасында тартыс тудыру. Былтыр Динара Сәтжан жап-жақсы ойнатушы еді. Сөзге айналдырып, арқасын қоздырып, жеңіл (жақсы мағынада) жүргізетін. Оның алдында әйелдер қымсынбай сөйлеп, қысылмай ойын айтатын. Ал Баянның алдында бәрі тұтығып қалыпты. Менің ойымша бұл жолы әйелдердің ақылы кем, сөзі аз емес, тек Баянның мысы басатын сияқты. «Әй, өй» демесе де, бірнеше саты жоғары биіктіктен сөйлеседі Баян. «Тез-тез айтып, үйге қайтайық» деп асығып отыратын сияқты көрінді маған. Баянның қасында Берік те еркін сөйлей алмайды. Негізі шоудың мазмұнына Баян толықтай жарасып тұр. Тек ел білетін өткір тілді, ұшқыр ойлы, қылықты Баян Есентаева іске қосылса жараса түсер еді. Баянның селқостығын желілерден де көруге болады. Өзі кіріскен басқа жобаларды туит, инстаграм сияқты желілерде аямай жарнамалап, әр басқан қадамын суретке түсіріп, әр шығарылымын жариялап отырушы еді. Осы жолы үнсіздік. Былтыр «Саған сенемін. Мой лучшийдің» басталатынын Динара Сәтжанның «Мен бүгін былай киіндім, көріңіздер» деген сияқты туиттерінен қарайтынбыз. 

Бұл менің жеке пікірім. Баян Есентаеваның жанкүйерлері кешірсін. «Саған сенемін. Мой лучшийдің» келесі сандарынан қалып қоймауға тырысамын. Баян алғашқы бағдарламаларда үйренісе алмай, кейінгі хабарларда төселіп, бар өнерін ортаға салады, ал қатысушы әйелдер ашыла түседі деп үміттенемін. Әзірге Баянға сенбей жатырмын... 

Ал сіз бұл бағдарламаны көрдіңіз бе? Баян мен Динараның қайсысы жақсы жүргізеді деп ойлайсыздар?