Алғыр Айдос

Болашақ жасар 25.09.13

Шетелдің табысты жастары туралы естігенде таң қалып, жағамызды ұстап жатамыз. Бірақ, олардан бір мысқал кем түспейтін дарынды жастың өз арамызда жүргені туралы мүлде ойланбаймыз да. Себебі, бағалау, дәріптеу, елге мақтана көрсету жағы кемшін. Сондай талантты жастарымыздың бірі - Алатаудың бөктеріне  журналист боламын деген арманды арқалап келген ҚазҰУ-дың 3 курс студенті Айдос Әріпбаев. Ол қазірдің өзінде он шақты сайттың авторы. Керек десеңіз, 1 курста 3D фильмін түсіріп, талайды таң қалдырып үлгерді. Бүгінде оның жасаған сайттарының кең қолданыста жүргендері - Intelligent.kz, Edulife.kz, Satirik.kz.

   Айдос Әріпбаев 1 курста оқып жүріп, ғылыми конференциялардың бірінде edulife.kz оқу-ағарту бейнепорталын таныстырған. Бұл портал компьютерлік дизайн, бағдарламалау сияқты қазіргі заманғы ең озық технологиялармен таныстыру мақсатында құрылған еді. Ондағы ең бір ілгері дүние - осы 3D анимациялық фильмді көрсетуге арналған. Оны түсіру үшін 3D анимациямен жұмыс жасайтын 3d max, Maya сияқты кәсіби бағдарламалар керек. Бірақ, олар өте қымбат. Студенттің қалтасы қайдан көтерсін?! Сондықтан Blender деп аталатын тегін бағдарламаны қолданып, тұйықтан шығудың жолын таба білген. Порталды да, анимациялық фильмді де жалғыз жасамаған, қасында ол кезде әлі мектепті де бітіріп үлгермеген, әйтсе де жаңа технологияларды ұршықша иіріп әкеткен Мұхаммедзафар Оразбаев деген серігі бар.

   «Шыны керек, 3Dанимация саласынан ешқандай хабарымыз болған жоқ. Интернет-портал арқылы бұл саланы үйреніп жүргендердің, оған қызығушылардың басын қосуға әрекеттендік. Бұған бірнеше себеп болды. Ең алдымен, шетелдің «Шрек», «Кун-фу панда», «Аватар» сияқты 3D форматтағы анимациялық туындыларын көріп, компьютердің көмегімен жасалған мұндай дүниелердің болашағы жарқын екенін аңғардық. Оған қоса, мұндай туындыға жас сәбиден бастап, ересектер де қызығады екен, - дейді Әріпбаев Айдос.

   Мойындау керек, жас таланттар елімізге үлкен жаңалық әкелді. Ол жылдары бізде мұндай саланың құлағы да қылтиып көріне қоймаған кез еді. Түсірілген «Алдар көсе» анимациялық фильмінің өзін шет лдік авторлар жасаған, ал қазақ аниматорлары тек көмекшінің ғана рөлін атқарған.

   Айдосты өз қатарластарынан оза шапқан ақбоз ат десек қателеспейміз. «Ауылдан келгенімде интернеттің не екенін білмейтінмін», - деген Айдостың жасаған жұмыстарына қарап таң қалмайтын адам жоқ . Небәрі 3 айдың ішінде осы сала технологиясының тілін үйреніп алған. Айдостың осындай өнерді үйренуіне жоғарыда айтып кеткен Мұхаммедзафар Оразбаев пен белгілі блоггер, веб-бағдарламалаушы Садық Шерімбектердің әсері мол. Оның айтуынша, ол әлі де өз білімін жетілдіріп жүр. Өйткені, үйренерім әлі алда дейді.

   Студент қазірдің өзінде барлық қазақ жерлерін аралап, арнайы тренинг өткізген. Тіпті шекаралас елдерге де сапарлап қайтқан. Түрлі жобалар жасап, көп байқауларда жеңімпаз атанып, арнайы степендияларды қанжығасына байлаған. Жаңа технологияны зертханалық түрде ғана меңгеріп қоймай, білгенін кітап беттеріне түсіріп, жариялады. Әрине, қазақ тілінде. Міне, білімді, алғыр жігіттің жеткен жетістіктері мен білімдарлығы өз жемісін берді. Бұл тек бастамасы ғана. Өйткені, оның алға қойған армандары биік. Ол жас журналистердің барлығы осы саланы үйренсе дейді. Себебі, бүгінгі қазақ интернет аудиториясы ақпарат пен контентке мұқтаж.

   Ия, бұл – бүгінгі қазақ жастарының жарқын бейнесі.                                                           Гүлжан Серік     



Бөлісу: