Қос Аққу

Қаз-қатар боп, кейіппен бір сыйласқан

Аққу қайтты сұлу көлін қимастан

Қиқулаған әнін тыңдап көз жасын

Жаңбыр етіп төгіп жіберді күзгі аспан

 

Аққулардың әні тұрды құлақта

Көлін тастап ұшты жылы ұраққа

Көлі қалды мұңға толып айдыны

Тек екі аққу қалып қойды бірақта

 

Аққу құстың махаббаты берік пе ең

Бірін-бірі еркелетіп, еріткен

Жүздері де мұңға толы екі аққу 

Басқа аққудан қалып қойды неліктен

 

Күтті аққулар айдын көлдін тұнғанын

Кеш батқан соң қосылады мұңға мұң

Тек сол кезде жақындап кеп байқадым

Бір аққудың қанатынын сынғанын

 

Жаралы аққу тұрды білем қамығып

Амалы жоқ қу тағдырға бағынып

Жолатпай жүр ол сыңарын жанына

"Мені таста, ұш" дегендей жалынып

 

Сүйгені үшін құрбан етер өмірін

Түсіндім мен аққудың пәк көңілін

Кетпей қойды қалыспады жанынан,

Көрсетті ол сезімінің берігін

 

Күннен күнге құласа да тірегі

Сыңарына ұзақ ғұмыр тіледі

Нәр татпады ғашығыммен өлем деп

Неткен адал аққу құстың жүрегі

 

Күн суытты күздің есті самалы

Аққулардың қалмады енді амалы

Қол ұстасқан ғашықтардай аяңдап

Көлге қарай зорға кетіп барады

 

Дауыл соқты, толқындарды тербеді

Бекер емес көлге аққулар келгені

Ерлік дер ем сол аққудың жарына

Құрбан етіп бірге жанын бергені

 

Ешкім жоқ ед қарап тұрған бұл маңда

Өзім едім бәрін байқап тұрғанда

Екі аққу бірге барып көз жұмды

Қатал тағдыр жарға әкеп ұрғанда



Бөлісу: