Сыйлаймын кімге гүлімді?!

Сыйлаймын кімге гүлімді?!
жеке
блог

Сағыныш сарқып сарыала болған күз-жанды,

Кеудемді керіп әлдебір үміт, наз қалды.

Сағым боп кеткен бейнесі салып сыздатты,

Үнсіз үздігіп сағыныш мені жылатты.

 

Бейнесі бейне бейтараптанып белеске,

Тұнық боп тұрып, айналып кетер елеске.

Қолыммен қармап, жармасып жатып етекке,

Жеткізбей қойған өкпем бар менің сол түске.

 

Балалығым мен шалалығымды кешірген,

Боқмұрын қыздан «осындай» адам өсірген.

Табан тоздырып айналып жерді шықсам да,

Анашым, артық адам табылмас бір сенен!

 

Мереке келді! Сыйлаймын кімге гүлімді?!

Үздіге шыққан еститін кім бар үнімді?!

Суарып саған сыйлар гүлімді көз жаспен,

Жалғастырамын өзіңсіз өмір сүруді...

 

Айларды қуып жылдарым жылжып барады,

Әрбір шаттықтан әлдебір сағым қалады.

Өзіңмен өткен өшпес күндерім «ойнақтап»,

Жаныма келіп саябырсиды, «талады».

 

Менде де болған «аналы өмір», қамсыз күн!

Бауырына кіріп, алаңсыз ұйықтар сансыз түн!

Шүкір Аллаға, сыйлаған сіздей адамды!

Болғансыз менде, боласыз да, барсыз шын!

 

Сыйлашы, пенде, барында «алтын, құнсызды»!

Ананы қадір тұтпаса... сыйлар кім сізді?

Бақытты бола берейік әркез, әр сәтте!

Тілегім менің жүректен шыққан тек ізгі!

 

Жайнаңдар, құрбы-қыздары, мынау қаламның!

Жайқалып өскен гүлдері болып даламның!

Бақыт құсы да қонады тек біз бар жерге,

Біздерсіз, сөзсіз сәні кірмейді ғаламның!