Көктен сұрама, көптен сұра.

  Үйленгендеріне бірнеше жыл өтсе де, бала сүйе алмай жүр. Отағасы түнімен көз ілмей Құдайдан жалбарынып бала сұрайды. 

- Е, Құдайым, тым болмаса үш күнге бала сыйлашы. Үш күн болса да, баланың иісін сезіп, жылаған дауысын естиін!,-дейді. Сонда көктен бір дауыс естіледі.

-Тілеуіңді орындаймын. Үш күндік бала беремін. Үш күннен соң қайтып аламын!,-дейді.

Көп ұзамай келіншегінің аяғы ауыр болып, маңдайы торсықтай дүниеге ұл келеді. Әкесінің қуаныштан басы айналып, үлкен той жасайды. Тойға мыңға жуық адам келеді. Екі күн тойлап, үшінші күні баласының өлетіні есіне түсіп, дайындала бастайды. Бір апта өтеді. Бала әлі тірі. Сонда отағасы:

-Е, Құдайым, мына не мазағың? Үш күнге сұраған баланы неге алмай жатырсың?,-дейді. Сол кезде көктен тағы да бір дауыс шығады.

-Ұлың дүниеге келгенде той жасадың. Тойға шақырған әр адам тілек айтып, бата жасады. Олар сенің ұлыңның ұзақ ғұмыр жасауын тіледі емес пе?,-депті. 



Бөлісу: