Білесің бе, мама...

Осы күнге дейін өзіңді іздемеппін, сол үшін кешірім сұраймын өзіңнен. Іздемегенде қалай? Іздедім ғой. Бірақ, дәл қазіргідей емес. Жарық дүниеге келгенде өзіңнің аяулы құшағыңда болған шығармын, бір сәтке болса да. Ол менің есімде жоқ. Ұмытшақпын ба, қалай өзі? Әрине жоқ, анашым. Екі жасар қыздың есінде не болсын дейсің. Қазіргі сәбилердей, зерек болмаған шығармын. Сені есіме алсам (күлемін-ау) еске алатындай естеліктер жоқ қой сенімен өткен. Тек бір ғана сәт сақтаулы санамда. Неге екенін білмеймін, тек соңғы сапарға аттанып жатқаныңды ғана еміс-еміс білемін. Жатын бөлмедегі төсек. Үстінде өзің. Бірақ, денең суып кеткен. Бойыңда таралып жатқан жылы қан жоқ. Соны көрдім де, жылай бергенмін. Сені үлкен камазға салып жұрт алып кетіп бара жатты. Болды. Осыдан өзге ештеңені білмеймін. Мен ешкімге көнбей, жылап қала бердім. Палаушы ата ұрсып жатқан, жекіп. Содан кейінгіні қанша тырыссам да есіме оралта алмай-ақ қойдым. Міне, содан бері мен өзің жайлы ештеңе білмеймін. Әрине, кейде әкем, кейде жұрт айтып жатады сен жайлы. Ал, өздігімнен сұрамаппын. Жасқанған болармын. Жо-жоқ, анашым мен әкеме ауыр болмасын деп өзің жайлы сөз қозғалса, үстел үстінде ыңғайсызданып, ылғи тұрып кететінмін. Осыны ұққан болар, әкем де ары қарай жалғастырмайтын әңгімесін. Ал, бауырларым мен бар жерде өзіңді сөз етпейді. Ауыр болар деп ойлайтын шығар. Қазір бірақ, сол сен жайлы көп дүниені сұрап алмағаныма қатты өкінем. Өйткені, көзіңді көріп, жаныңда болған әкем де жоқ енді. 

 

Жұрттың айтуы бойынша сенің дәріханада фармацевт болғаныңды білемін. Сол жұмыста жүріп әкеммен танысқаныңды да білем. Ол милиция қызметкері, сен фармацевт жас қыз. Соны ойласам, романтикаға батам, қызық ия. Тура кинодағыдай.

Туған жердегі сен жұмыс жасаған дәріхананың жанынан өткенде, кейде сонда кіріп тұрамын. Ешқандай дәрі қажет болмасада. Өзіңді сонда табатындай күйде болам. Ақ халат киген аяулы жан маған өз қолымен дәрі ұсынатындай. Жоқ, ондай жан енді жоқ. Көңіл күйім құлазып, содан шығам. Өзіңді іздеймін. Таба алмайтынымды білсем де, іздей берем. Іздеуге арналған жандай.

Әкем сені ылғи айтатын «сенің анаң мектепті үздік медальмен бітірген, оқуын да қызылға бітірген» деп. Сен де анаң сияқтысың. Жақсы оқисың деп. Соны естігенде анамның суретін қолыма алып қарап қоям, шынымен анама ұқсаймын ба деп, баламын ғой. Сол өзің қарайтын суретіңнің де жанымда қалғандығына шүкіршілік айтамын. Тым болмаса, сол сурет арқылы өзіңмен жүздесем. Әкем сенің жоқтығыңды білдірмей өсірді мені. Өзі әке, өзі ана, өзі дос болды. Мен ерлердің арасында бойжеттім. Содан да болар, менің бойымнан нәзіктік атаулы алшақ тұрады. Өмір деген қызық қой. Сыртымнан сөз ететіндер де бар, «анасыз өскесін осындай мінезі» деп. Білесің бе мама, олар айта берсін әңгімелерін мен жайлы. Мейлі, жамандасын, мейлі сөксін. Менің оларда шаруам жоқ. Ия, жаныма батады әрине. Бірақ, олар менің өмірдегі әр бір басқан тасымды, жүрген түрлі жолымды жүрген жоқ. Олар менің жан жүрегіме үңіліп көрген емес. Өскен сайын, есімді білген сайын мен сені іздейтінді шығардым, біле білсең. Алматы маған өзіңді іздеттіріп қойды. Анашым, шынымды айтайын ба, мен сені сағындым. Көрмесем де, жүздеспесем де мен сені сағындым. Сөйтсем, көрмеген жанды да сағынуға болады екен ғой...



Бөлісу: