Құдиярбек Ағыбаев: «Шынайы шығармашылық - қызметтің құлы, мансаптың буы, жарнаманың пұлы емес»

  Қазақтың мұңын айтып, жоғын жоқтайтын, елі үшін еміреніп, өзіндегі барды өскелең ұрпаққа дарытуды ойлайтын, жалынды жастарына ақыл қосып, тек соларды қолдайтын алаштың нар тұлғалы азаматтары жоқ емес. Солардың бірі және бірегейі - Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА-ң доценті, республикалық ән байқауларының жүлдегері, сазгер - Құдиярбек Ағыбаев. Жастайынан эссе, өлең, әңгіме, мақала жазып, Шерхан Мұртаза, Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов  сынды тұлғаларды өзіне мектеп етті.

Соғыстан   кейінгі 50-ші жылдардың ұрпағы ол – бір кісідей қиындықты көріп өскенін жасырмады. «Күздің ызғарлы суық желі  анамнан жастай қалған мені самал боп аймалап сүйді, қыстың бет қаритын аязы жұдырықтай жүрегімнен тараған қан тамырларыма айрықша жылу құйды, шілденің құс қанатын күйдіретін аптап ыстығы жаныма жай таптырар салқын леп боп есті, көгілдір көктемнің жаймашуақ күні бұғанамды бекітіп, сүйектерімді қатайтып, аяғымнан қаз тұрғызды » , - дейді ол.

Өмірдін сан алуан соқпақтарын көрген Құдиярбек аға 1987-2000 жылдары тағдырдың бұйрығымен ұзақ уақыт үлкен шаңырақ Қазақ радиосында кіші тілшіден бастап, бас директорға дейін қызмет атқарды. Республикадағы тұңғыш электронды БАҚ-ң бірі ретінде Қазақ радиосында «Тәулік тынысы» , «Панорама дня» секілді бағдарламалардың санды аппаратурадан хабар таратуына  атсалысты. Он екі жылдай газет-журналдарда еңбек етті. «Жігітке - жеті өнер де аз» деген қағиданы ұстанатын Құдиярбек ағаның сазгерлік қабілеті тағы бар.

Қазақ радиосының Алтын қорында 30-ға жуық әні сақталған. Оңаша отырып, ән жазғанда рухани күш алып, ұлттық мұра құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттап, оның бүгіні мен ертеңін ойлайды. Эстрада - заманның талабы. Алайда,  әнге  деген көзқарас өзгеріп, дәстүрлі әнімізді ұмытпасақ, оның түп негізін ұлттық әуендерімізден іздесек екен», - деген тілегі бар.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң журналистика факультетінде білдей ұстаз, көпке үлгі, үш бірдей құлынының әкесі, төрт бірдей немеренің атасы. Ұлы- Ағыбаев Алмас – Халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Американ университеті (2001ж) және   Англияның Орвик университетінің магистратурасын бітірген (2013ж). Қазір Қазақстандағы ірі қаржы орталығының бірінде  басқарма төрағасы болып еңбек етеді.

Қызы - Аида ҚазҰУ-ң журналистика факультетін бітіріп, ҚР- экономика және бюджеттік жоспарлау  министрлігінде басқарма басшысы.

Кенжесі - Әнел Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігінде менеджер болып істейді.

Өсіп, ер жетіп елің үшін аянбай тер төксең, одан асқан  бақыт бар ма, сірә?! Құдиярбак аға бары да, нары да болған үш балапанын мақтан тұтады. Алдағы уақытта да, кәсібінен берекет тауып, жанына ләззат алып, «шығармашылықты қызметтің құлы, мансаптың буы, жарнаманың пұлы емес», - деп түсінетін ағамызға Жаратқан иеміз қажымас қайрат беріп, үш бірдей құлындарының, балдай тәтті немерелерінің тек қуанышына тоймай, шәкірттерін биік шыңнан көруге жазсын деп тілейміз.Әзірге осы...



Бөлісу: