Дүкенбай Досжан. "Мектеп"

Дүкенбай Досжан. "Мектеп"
жеке
блог

Көрнекті жазушы, көркемсөз шебері Дүкенбай Досжан өткен жексенбіде қайтыс болды. 71 жасына дүниеден қайтты. Сондықтан да, «Бейсенбілік әңгімемізді» осы жазушының шағын әңгімесіне арнағанды жөн көрдік.
     Дүкенбай Досжан – нағыз көркемсөз шебері. Оның қай әңгімесін алсаңыз да, барынша қарапайым тілмен үлкен-үлкен идеяларды айтатынын байқайсыз. Оның әсіресе шағын туындылары оқырман көңілін тез баурап алғыш келеді. Ауыл қариясының әңгімесін тыңдап отырғандай болатыныңыз да содан. Интернет беті болғандықтан жазушының шын дарынын аша түсетін көлемді шығармаларын жариялай алмайтынымыз белгілі.
    Десек те, автордың «Арман баланың бастан кешкен қызықты оқиғалары» атты қысқа әңгімелерінің ішінде ең бір сүйкімді, тәтті шығармасы – «Мектеп». Оқырманымыздың көп бөлігі мектеп қабырғасындағы жастар мен университет білімгерлері болғандықтан, әңгімедегі балалық шақ сезімдері бөтен емес, қайта өз өмірлеріңіздегі қызықты шақтарды еске еріксіз алдырады.

Мектеп

  «Ертең мектепке барасың», - дегенде ойлағам, қызыққа кенеледі екем деп. Әжеммен ілесіп тойға барғандай майлы палауға тоямын деп. Әуелгі әңгіме шашымды ұстарамен қырғызудан басталды. Қамыс қалпақтың қолы қатты екен. Төбемді тесіп кетті. Нағашымның «ерім» деп мақтағаны есіме түсіп, тістендім-ай кеп, тістендім-ай.
Сосынғы егес шалбардан шықты. «Өз бұтыңа өлшедің бе, осынша үлкенін алғаның не?!» - дейді апам. «Бала тез өседі, келесі жылы кисін дедім», - дейді көкем. Шалбарға солайымен сүңгідім. Әжем ақыл тапты. Шұбалған балағымды ішіне қайырып тікті де берді.
Келесі әләулей бас киімнен басталған. «Шәпке кисін», - дейді апам. Қамыс қалпақ қалпағын бермекші. Көкем жалаң бас жүргенімді қалайды. Жалаң бас жүрсем, торғай қонды дейді, жалақ аламыз дейді – балалардың шапалағы менің басымда боларын білемін. Әжем сандықтан әдемі тақия әперді.
Қамыс қалпақтың артына мінгесіп, ылдидағы мектепке келейін. Мектеп дегені – қаптаған балалар. Құлақ тұндырған шуыл. Сосын сорайған ұзын үй. Қамыс қалпақ қайтып кетті. Қараймын: ұсақ балалар тізіліп тұр. Тақымым дымданып, сөмкемді сүйретіп мен де жетейін.

Үйіріліп ағайлар мен тәтейлер тұрған. Әжемнің тәлімі есімде: үлкенге қол бер, дейтін; көзге түс, дейтін. Шетінен қол алып шықсам деймін.
-  Ассалаумағалейкум!
-  Бұл қай бала? – дейді таңырқап.
- Есен-саумысыз?
- Бас киіміңді ал! – дейді түксиіп.
- Сапқа тұр, балақай!
- Сәлеметсіз бе?
- Екі тау арасында түк көрмей жабайы болып өскен бала ғой, - деседі ағайлар. «Кемпірдің тәрбиесі бұл», - дейді тәтейлер. Артынша-ақ ішке топырладық.
Буы бұрқыраған палау да, екі иықты жұлып жеген ойын да ұмытылды. Партасы керім! Қос-қостан жайғастық. Қасым кішкентай ақсары қызды отырғызды. Өмірімде қызға жуып көрмеген ем. Жаман қысылдым. Ащы қымыз ішкендей терледім. Қозғалсам ғой, тиіп кетемін. Содан дір-дір етемін.

 

Әдемі тәтей әңгіме айтты. Әліппе, сосын піл, сосын кит туралы. Аузым ашылып қалыпты. Әдемі тәтейдің әңгімесі таусылмас еді. Қойбағаров деген бала ұйықтап қалды. Таубаев: «Қарным ашты», - деді. Қоңырау сылдырлады. Дүркірей сыртқа сытылдық.
Бұрын мұнша көп халықты көрген емеспін.
Осынша ұзын бөлме болады екен. Табан асты тақтай. Дүсір-дүсір, дүңк-дүңк. Таубаев нан жеп тұрған. «Жарысайық», - дедім. Қойбағаров қорықты. Бәтеңкені шешіп, іргеге тізіп қойдық. Таубаевтың нанынан бір тістедім. Ал, кеттік!..
Қызып алсам, тоқтамайтын әдетім. Әлдекімге соғылдым. Әлденеден секірдім. Түсі суық ағай шап беріп ұстай алды. Саусағын безеді. «Бұл саған екі тау арасы емес! Енді жүгірсең құлағыңды кесіп аламын!» - деді. Осы жерде әжемді сағынайын. Қарап тұрып қамыс қалпақты іздейін.
Кешке үйге келгенде бәрі аузыма қарайды. Таубаевтан озғанымды айттым. Қойбағаровтың сыныпта ұйықтап қалғанын айттым. Сосын екіні-екіге қосса төрт. Мұхитта – кит. Жер – домалақ. Ал түсі суық ағайдың құлағыңды кесем дегенін, қасыма кішкентай, әп-әдемі, ақсары қыздың отырғанын айтқаным жоқ.

Автор туралы қысқаша мәлімет:

Тұңғыш өлеңдер жинағы 1964 жылы жарық көрді. Досжан проза саласында өнімді еңбек етіп, 8 роман, 18 повесть, 100-ден астамәңгіме жазды. Досжанның көркем шығармалары мен зерттеу еңбектерінің тақырып аясы кең. «Отырар» (1965), «Фараби» (1965), «Жібек жолы» (1973) хикаяттары мен романдарына тарихи оқиғалар арқау болса, «Зауал» (1970), «Кісі ақысы» (1978), «Дария» (1975), «Табалдырығыңа табын» (1980), «Жолбарыстың сүрлеуі» (1984) атты шығармалары бүгінгі заман тақырыбына арналған. Ұлы адамдар өмірін көркем тілмен сөйлеткен «Мұхтар жолы» (1998), «Абай айнасы» (1994), «Алыптың азабы» (1997) романдары өз алдына бөлек топтама құрайды. Досжан шығармалары даралық стилімен, бейнелі тілімен ерекшеленеді. Жазушы кейіпкердің жан толғанысын сезім шырғалаңы, ой ағыны арқылы суреттеуге машық. Оның «Екі дүние есігі» (1998) атты зерттеу еңбегі – Түркістан қаласының тарихын, сондағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің салыну жай-жапсарын мейлінше мол қамтыған дерекнама. Досжанның шығармаларыәлемнің 19 тілінде жеке кітап болып шыққан. Екі томдық таңдамалы шығармалары жарық көрді (1990). «Құм кітабы» үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған (1996). Досжан Түркістан қаласының, ЖаңақорғанСозақОтырар аудандарының құрметті азаматы.