Қоңыр күз элегиясы

Қоңыр күз элегиясы

Тастай қатқан асфальт жолдың екі жағында жапырақтарын сары түске бояп алған, ақ көйлектерін өмірі тастамайтын қыз балаша сызыла қайыңдар тізіліп тұр. Қайыңдардың осы бір көрінісіне, тұрыстарына қарасаң, бейне біреуді күтіп тұрған сияқты...

         Бірде ойға шомған егде кісідей, бірде ренжіп қалып, аузын бұртитайын деп тұрған балаға ұқсас сұрғылт бұлттардың  жан-жақтан бәсеңдеп, күздің мұңайған көгілдір-сұр аспанын торлап келе жатқанын көріп, мына аспан не дер екен деп ойлайсың...

         Күз  аспанындағы Күн қыз - қайыңдардың жапырақтарының арасынан ойын ойнаған балаша, әр адым аттаған сайын жымың-жымың етеді. Ойнағысы келе ме, әлде ауа-райы жайында бір хабар бергісі келе ме екен...

         Қайыңдар  бір-бірімен әңгіме айтып, сырласып, мұңдасып тұрған құрбы - қыздар сияқты, жел соққан сайын сыбыр-сыбыр етіп, бірде тоқтап, енді бірде желмен бірге қайта бастайды.

         Күз атаның күрсісінен туған қоңыр жел соққан кезде, күннің нұрына соғылып, ауада қалықтаған алтын жапырақтар: «біз еркінбіз, әсембіз, көппіз, сендер біздей бола алмайсыңдар,»- деп, қызығушылығың мен қызғанышыңды арттыра, жел-жігіттің жотасына жайғасқан күйде, жерге жол тартады. Қоңыр салқын күздің желі баяу соққан кезде, қайың-қыздар жапырақтары мен - бірінші, мен - бірінші, деп ойнап жатқан балаша, аударыла, төңкеріле, айнала, бейне күздің қоңыр желі оларды қытықтап ойнатып жатқандай, кезек-кезек, топтаса, бірі тастай қатты асфальтқа, енді бірі  ескі достарының жанына түсіп, шебер табиғаттың күз - кілемінің жетіспей тұрған жерлерін жамап, жаңа әр беріп, жерге баяу түсіп жатыр. Қоңыр жел бірде келіп бетіңе еседі, бірде басыңнан сипайды, енді бірде денеңді тітіркендіріп, бірде денеңе жұмсақ тиіп, қытықтап, «тұр», «отырма», «жүр, бізбен бірге ойна» дегендей болады. Ойларында бізге жеткізуге тырысқан қандай сыр-мұңдары бар екенін, әрине біздің түсініп-білуіміз еш мүмкін емес. Мүмкін болмаған да,  болмайды да... Бірақ бұл  әсем жаратылыстарды сырттан бақылаудың өзі неге тұрады?

         Шебер күз - ата жапырақ -  кілемін бар әлемге төсеп қойған. Күз кілемінің үстінде  үш-төрт жерде сәкілер(скамейкалар) орналасқан. Сәкіде отыра кетіп, күздің осы келбетіне қарасаң, ойдың терең тұңғиығына түсіп кетесің. Табиғат не деген сұлу еді, тылсым еді, құпиясы не деген көп, не деген ғажайып әлем... Табиғатқа бүтіндей еніп, сырласқың, мұңдасқың келіп, жұмысы, проблемалары көп адам екеніңді ұмытып, өзіңді бір сәтке қайыңдар қатарына қосып, сол бір әдемі жаратылыстардың саптай тізілген әсем қатарынан орын алып, жаңа дос тапқың келеді.

         Қара асфальтқа төселген күз кілемшесімен келе жатып, қайыңдарға қарасаң, желмен бірге тербеле, сыбырлай, «жүр», «тез-тез», «жылдамдат», «алдыңда ғажайып әлем бар», дегендей әр адым аттаған сайын қолпаштап, жол сілтегендей болады. Жапырақтарды еріксіз таптап, расымен де алдыңнан бір ғажап, тылсым, керемет, сұлу әлем шығады деген үмітпен жылдамдатып, асығып жүріп келе жатып, күз кілемшесі бітіп,  аяғың суық, қатты асфальтқа тиіп, машиналардың жағымсыз гүрілдеген, дөрекі дауыстарын естіп, адамдарды көргенде, өзіңнің де адам екенің, өзіңнің де осы бір дөрекі әлемнің бір  түйіршігі екенің, жаңағы өткен әлемнің тылсым, сыры көп, ғажап дүние екені, қазір сабаққа асықпасаң, кешігіп қалуың мүмкін студент екенің есіңе түседі. Есіңе түседі де, күрсіне артыңа соңғы рет бір қайырыла қарайсың... Күз атаның ғажап әлемдерінің бір бөлшегімен, дәл сол қайыңдармен, қоңыр желмен жалғастырған ғажайып жіпті уақытша үзіп, қайың - қыздармен үнсіз қоштасып, сол әлемнің пердесін жауып, адамдар әлеміне, дәл осы дөрекі әлемге аяқ адымыңды еріксіз де еріне бастайсың...

         Шіркін, бір уақыт қайың болсам,  тіптен болмаса солардың бір түйір жапырағы болып көрсем... тым болмаса бір-ақ сәтке...



Бөлісу: