Сүремін жалғанды...

Сүремін жалғанды..


Күлкімен күнді батырдық,

Біреуді алдап қатырдық,

Дәретсіз басты қисайтып,

Тағы бір таңды атырдық.

Және бір күнді бастаймыз,

Өсектен, әсте, қашпаймыз.

Май құйып көркем сөзбенен,

Адамды бірден даттаймыз.

Жағымпазданып, құбылып,

«Көкелерімізді» мақтаймыз.

Бұл күнде адал дос жоқ-ау,

Амал достарды сатпаймыз.

Ұрпағың ұятты білмесе,

Дәстүрді қалай сақтаймыз?!

Тіліміз шұбар, өспейтін,

Орыстың тілін жаттаймыз.

Қазақтың тілін сыйлауға,

Қашан біз аяқ аттаймыз?!

«Мен» деген көп, «біздер» аз,

Әрқайсы жеке бір төбе.

Мақтанға тұрар бар біраз,

Шашпаймын шаңды тым көпке.

Мен де ертең өтіп кетермін,

Кешегі өткен бабамдай.

Қалмаса екен, шіркін-ай,

Кірпішім менің қаланбай.

 «Әжеміз» біздің ғаламтор.

Ертегі тыңдау – ескі әдет.

Әділдікті айту - жалақор,

Аузыңды ашпа, сол жетед.

Күлкімен батар талай түн,

Аққұлақ қарнын тойдырып.

Мәнсіз де, құнсыз өтер күн,

Ақылды пұлға сойдырып.

Ұсақтап кетті бүгінде,

Адамның қалау, арманы.

Дегенмен шүкір деймін де,

Сүргенмін.

...сүрем жалғанды...

|2009|



Бөлісу: