Үмітім менің, неге алдадың?

Бір өкініш, бір ҮМіТ...

I бөлім

Жаз... Жайдары, Арайлы, Заман деген сөздердің бастапқы әріптерінен құралған сөз сияқты болатын да тұратын ол үшін. Десек те, осы жаз оған онша арайлы басталмады. Неше-түрлі жағдайдар қажытып жіберді. Кейде мен ен далаға шығып, бар даусымен шыңғырып алғысы да келеді. Ал, әзірге... Тек жастықты көл-көсір сулағаннан басқа амал жоқ. Әсерлі әуенге елітіп, өткен-кеткендерді еске алып, сезімге бой алдырады. Неге жылайды, білесің бе? Осынша аңқау болғанына налиды. Алыстан, өте алыстан бір жарық сәуле көрініп келеді. Бірақ, қорқады. Ол сәуле де алдамшы ма деп. Қолы тиген нәрсенің бәрін қирататынын білгендіктен.

Ол  екеуі жақсы сөйлеседі(алыстағы сәулесімен). Бірде келіспей қалады, бірде тату-тәтті боп кетеді. Оның осы мінезі ғой оған ұнайтыны,негізі. Бір күн даусын естімесе, бейнебір аспаннан «күнін» ұрлап кеткендей сезімде болады. Күн сәулесі денесіне тараған сайын, бойына жаңа күш-қуат құйылғандай болады. Бірақ,  кім білсін? Ол күш-қуаттың қанша уақытқа жететінін. Өмірінің соңына дейін емес қой, әрине... Ол  әлі де сенімсіз оған.

II бөлім (Ендігі жерде бас кейіпкеріміз өз атынан сөйлейді)

Таң атады. Арайлап күн де шығады. Сол шыққан күнмен таласа мен де ұйқылы-ояу көздерімді ашып, Тәңірдің сыйлаған тағы бір күніне риза боламын. Менімен бірге «ОЛ» да оянады. «ОЛ» - әрқашан менімен қатар жүреді. Бар әлем маған қарсы келгендей болып қалған қысылтаяң сәттің өзінде «ОЛ» мені тастаған емес. Кейде бар сырымды бүкпесіз айтып тастап, көңілімнің сыр пернелерін де шертіп қоямын. Ешқашан менің сөзімді бөлмейді, ренжітпеуге тырысады, болашаққа сенімділік пен табандылық керектігін ескертіп отырады. Мен – су болсам, ол – жалын. Десе де, мен оны өшірмеймін. Тек кейде аздап қана су бүркеп қоятыным болмаса... Әйтсе де, «ОЛ» оған сөнбек емес. Соған қарағанда «ОЛ» өзі мықты болды-ау, шамасы. Өмірімнің соңына дейін болса екен. Не дегенмен, ол менің – «Үмітім». Ал, «ҮМІТ» - ешқашан сөнбейді. 

III бөлім

Артық қылам деп, тыртық қылып қойдым. Менің бүркіген суымның мөлшері көбейіп кетті. «ОЛ» - сөніп тынды. Тек шоқтары қалды. Анда-санда ғана бықсып қояды. Соңғы кездері өзіме қатты ұнап жүрген Ди-Арт дуэтінің «Үмітім менің» әні маған арналғандай болды. Бұйырмаған бағым... Біз үрлеп жаққан сезімнің оты, сөнердей боп тұр бүгін бірақ та.

Ұмытар шақта қайғының барын.

 Ұмытылмастай тағы да алдадың.

Үмітім мені неге алдадың?

Базары бар жерде азабын тартқан дөңгелек дүние-ай десеңші...

IV бөлім

 Махаббат бейнебір автобус сияқты деседі. Бір орнында тұрмайды. Аялдамадан аялдамаға көшеді де тұрады, көшеді де тұрады. Әне, бір автобус тоқтағалы жатыр. Іші де бос сияқты. Мүмкін, маған орын алып қалған шығар?! Басқалары мінбей тұрғанда, қаттырақ ұстап алайын. Олай етпесем, осы оқиғаны сан-мың мәрте қайта көретін секілдімін. Қандай оқиға болғанын келесіде айтармын. Ал, әзірге: -Қош, сау бол! 



Бөлісу: