Сенемін!!!

СЕНЕМІН!!!

Қазіргі дамыған заманда интернет ауадай қажет екені рас. Әйтсе де, оны бірі мойындаса, бірі мойындай қоймас... Осы мақаланы оқығаннан соң тым құрығанда бір адам интернетке деген көзқарасын өзгертсе, құба-құп! Бірде massaget.kz сайтын ақтарып отырғам. Ішінде әдебиет те, өнер де, саяси жаңалық та – бәрі табылады. Осындай бір парақшаларды қарап отырғанымда, көзіме Салтанат есімді қыздың Дима Биланның «Belive me» әнінің қазақша нұсқасын ұсынғанын көзім шалды. Өте әсерлі! Басына пролог ретінде қысқа әңгіме бар, кейіннен өлең шумақтарын тарту етіпті. Ол әуен өзіме баяғыдан ұнайтын, бірақ мынау – өзгеше әсер берді.  Дереу өлеңнің минусовкасын алдым да, монолог ретінде оқыдым бір мектепішілік шарада. Көрермендер ішінде көзіне жас алғаны да, өзіне қосымша күш-жігер жиған адам да табылды. Бұл тақырыптың жаныма жақын болғаны шығар?!  Болашаққа нық сенім мен үлкеееен үміт бар. Жалпы адам баласы сеніммен өмір сүруі керек деп ойлаймын. Жақсы ой игі іске жетелесе, заңғар сенім болашаққа бағыттайды. Мен де сенемін, болашақтың жарқын боларына. Тағдырдың жазуы қандай болса да, мойымай, алға басу керек! Өмір – қатал, сынына шыдамағаны – артта қала береді. Бір орнында тұру деген қағида жоқ болса керек. Не алда жүресің, не көштің соңында қаласың. Ал, ерік-жігері аз адамнан қандай кәсіби маман, керемет тұлға шығар дейсің? Пәлсафаға толы бұл дүние мені осынысымен қызықтырады. Сан-қилылығымен, қызылды-жасылымен. Мен мына ӨМІРГЕ ғашықпын! Бұлтарыс-қалтарысымен, сұрғылт тұманды таңдарымен, бәрімен-бәрімен сүйемін! Себебі, менің алақандай ғана жүрегімде – дәрияға да, асқар тауға да, шақпақ тасқа да орын бар. Ең бастысы – сенімге орын бар! Сенімдерініңізді жоғалтпаңыздар!



Бөлісу: