Өз-өзімнен алынған сұхбат!

Өз-өзімнен алынған сұхбат!
жеке
блог

-         Ассалаумағалейкүм! Сұхбатымызды кіндік қаныңыз тамған

жерден бастасақ...

-         Менің туып-өскен жерім – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы,

Байқоңыр қаласы. Ресей құжаттарында Мәскеу облысы деп жазылған. 1991 жылы осы топырақта туып, бала кезден шаң-тозаңын, құмын, желін жұтып өскенмін. Талға мініп, жидек те жедік, тұт та жедік. Әйтеуір, аман-есен өстік.

-         Мектепті де сонда бітірдіңіз бе?

-         Иә. Балабақшаға да барғам. Әуелі қазақ балабақшасында болғам.

Кейінірек үйдің жанындағы орыс балабақшасына ауыстым. 1998 жылы Абай атамыздың атындағы №5 орта мектебінде алғашқы класымды оқыдым. Екінші кластан бастап Циолковский атындағы №2 қазақ орта мектебінде оқығам. Бірінші класта бірге оқыған оқушылардан есімде қалғандары да бар. Мәселен, Әйгерім деген қыз «4» алса, жылайтын. Сондықтан оған тек «5» қоятын. Айта берсем, тағы да басқалары бар.

-         Мектепте сабақ үлгеріміңіз қалай болды? Жақсы оқыған

шығарсыз?

-         Жетінші класқа дейін «беспен» оқыдым. Сол жылы тарих апайымыздың

орнына Алмагүл апай келіп, мені «төртке» шығарған. Содан кейін реніш пайда болып, сегізінші класта «төрттер» көбейді. Содан соң отбасыдағы жағдайға байланысты сабақтарым нашарлады. Бірақ мұғалімдер онша қинамай, көтермелеп қоя берді. Оныншы класымда мүлдем оқымадым. Тіпті, физика апайыма мектептен шығамын деп те айта бастағам. Дегенмен, оныншы класымда қазақ тілі мен әдебиетінен қалалық олимпиададан бірінші орын алып кеттім. Сегізінші класымда химиядан «бестік» бағаны өте көп жинағам, екінші тоқсанда, шамасы. Басқалары түсінік айтып, элементтерді түсіндіріп жатса, мен тек пропорциялық есептерді шығарып «бес алатынмын». Бірақ кейді тақырыпқа қатысты бір-екі сұрақ қоятын. Ал мен тақырыпқа үйден конспект жасайтынмын. Мүдірмей жауап та беретінмін. Үшінші қатарда – есік жақта отырсам да, есепті бірінші боп шығарып, қалғандарынан озатынмын. Көптеген қызықты кездер, басқа да жағдайларды бастан өткердік.

-         Не себепті мектептен шығамын дедіңіз? Отбасыңызда қандай

жағдай болып еді?

-         Енді... ол жағын айтқым келмейді. Ондай жағдай көптеген отбасыларда

бар. Тек менде ғана бар деп айта алмаймын. Сонымен қатар менде ғана емес деп, мәз боп, көңіл күйім тоқ боп жүре алмаймын. Қиындыққа қалай шыдаймыз, қалай күресеміз – соған байланысты. Кейде күресіп шаршайсың, кейде мойымай жауап қайтарасың.

-         Оқу орнында оқыдыңыз ба?

-         Иә, Абай атындағы ҚазҰПУ-да бакалаврды тәмамдағам. Онда да неше

түрліні көрдік. Мен жұмсақ адаммын. Өмір қанша азаптаса да, мені бәрібір де қатайта алмайды. Менің қуанышым да, қайғым да қысқа мерзімді. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқығам.

-         Магистратураға тапсырып көрмедіңіз бе, бағыңызды сынап?

-         Бакалаврдың өзінде әрең дегенде шыдап жүргенім де жетер. Мен оны

«мәгәстратура» деймін. «Мәгәс» деген сөздің мағынасын айтпай-ақ қояйын. Және де мен ғылымға ғашық адам емеспін. Кейде өкінем, замандастарым күнделікті жаңалықтармен жарысып өмір сүріп жатыр деп. Мен болсам, арасында түк түсінбей, қатарластарымнан қалып, өз түсінгеніммен ғана өмір сүріп жүрмін. Ғылымға махаббат болмағандықтан, ол жерде тек «дәреже-атақ» үшін екі жыл жүргім келмейді шын лайықты біреудің бағын быт-шыт қылып. Универде Оразахынова Нұрша апайымыз сабақ оқымасақ, солай ұрысатын. «Оқығың келмесе, кет, біреудің орнында отыруға ұялмайсың ба!?» деп сөзбен сабайтын. Дегенмен, сол сөздерді қаперіне ілмей кеткендер өте көп екен.

-         Университет қабырғасында сабақты қалай оқыдыңыз? Студент

боп не бүлдірдіңіз?

-         Универде, анау айтқандай, керемет оқымадым. Алғашқы курста,

әйтеуір, орыс тілін, неміс тілін оқыдым деп мақтана аламын. Қалған сабақтарда ілініп-салынып жүрдім. Айтарлықтай, студент боп басқалары секілді қыдырып, «шырылдауық шегіртке» болғам жоқ. Сол 2009 жылы Қазақтелекомнан бір жігіт заңсыз түрде интернет орнатып берді жиен қарындасымның нөуітбоғына. Сол кезде маған құқықтан бақылау тұғын. Ал мен әлгі интернетті орнатып берем деген соң, сонда кетіп қалғам. Сөйтіп, соңғы курсымда құқығымды әрең жапқам. Алғашқы курста да кредитіне ақша төледім, соңғы курста да. Ал сол жиенім пәтерді сатып жіберуіміз мүмкін деп, маған осы бастан пәтер іздестіре бер дейді. Мен мында бәлеңкәмет деп, одан қалды қандай жұмысқа орналасам деп итім шығып жүрсе. Ол болса, мәгәстріне грантқа түсті, інісі де техникумға грантқа түсті. Әрине, оның да өзіндік қайғы-мұңы, қиындықтары бар ғой. Тек ол айтпайтын уақытта «суық хабар» жеткізді да. Осы кезде Алматы маған қайтадан арман қала боп қалды, я жетеріңді, не жетпесіңді білмейсің армандап. Менің өзім де бөлек шыққым кеп жүрген. Бірақ мұндай жолмен емес.

-         Көңіл күйіңізді түсірмеңіз... Бәлкім, студент болған кезде қыздарға

ғашық болған шығарсыз? Сол жөнінде айтсаңыз...

-         Алғашқы махаббатым деп Жұлдызды айтып жүрмін. Жұлдызбен 11-

класымда танысқам. Оны мүлдем көрмегем өмірде. Иә, көбісі «қалай сонда?» деп түсінбей, сенбей жатады қолын бір сілтеп. Дегенмен, алғашқы сезім болды, оны мен жақсы білемін. Басқалары басын ауыртпаса екен деймін. Алғашқы курсымда қысқы каникулда Данамен танысқам. Алматыда кездескем де. Бірақ ол мені тек дос ретінде көрді. Одан соң Анар деген қыздың соңынан жүгіріп қиялдағам. Осылай кете береді. Сөйтсем, қыздарға еркек мінезді қатты жігіттер, сөзбен сындыратын серілер ұнайды екен. Сондайларға тез сынады екен. Байқадым. Қазіргі кезде Әлия Телебарисоваға сүйсініп жүрмін. Соған деген сезімнің күшімен шығармалар жазбақшымын. Пьесалар, киносценарийлер дегендей. Әрине, қиялдаймын. Бірақ үміттеніп емес. Мен өз орнымды жақсы білемін, Әлияның да орнын. Шектен тыс қиялға берілмеймін. Уақытында көрерміз...

-         Сонда қанша қызға ғашық болдыңыз? Кездесіп жүрмедіңіз бе?

Қайсысы есіңізде қатты қалды?

-         Көп емес. Мен қызқұмар емеспін. Тек сезімімді қоятын орын

таппадым. Есімде бәрі де бар. Бірақ мен үшін Жұлдыз бен Айымгүлдің орны бөлек. «Сәби болғым келеді» драмасын Жұлдызға арнадым. Ал Айымгүлге басқа драма арнап жазбақшымын. Бірақ осы кезде көбінесе шығармаларымды Әлияға арнамақшымын. Мен ешқандай қызды «сындыра алмадым». Табиғатым ондай емес, бәлкім. Мен бірден үйленетін шығармын деп таңдағам. Қазір бірақ қатты басымды ауыртып жүргем жоқ. Әлияны ойлап, қиялдағаным да жетіп жатыр қайғы-мұңнан бір сәтке арылу үшін.

-         Сонда сіз жазушысыз ба? Әлияға қалай ғашық боп жүрсіз?

-         Мен жазушы емеспін. Әрине, шамам келгенше жазып жүрмін. Бірақ

білімім өте аз десем де болады. Драматургия саласында қызмет еткім келеді. «ЖОО» деген алғашқы қысқа пьесамды универде бүкіл аудиторияға қойғанбыз. Бәріне ұнады. Ұстазым да содан кейін мені жақын тарта бастады. Одан кейінгі «Желсіз түнде жарық ай» драмам Шымкенттегі конкурста 30 мың теңге ұтты. Бірақ мен мақсат қойдым: не жазсам да, отбасылық драма жазамын деп. Өмірдегі ұстанымым да – осы отбасы деген ұғым. Отбасыңда саясат қалай жүргізілсе, сыртта да сондай боласың. Отбасың «революциядан» көз ашпаса, құрдымға кетесің. Әлияны алғаш рет «Ағайындылардан» көргем. Ол кезде экрандағы адамдарды «тірі» деп ұғынбайсың. Әйтеуір, көрсетіп жатады, көресің. Ғашықпын деп айтқым келмейді. Әйтеуір, бір сүйсінетін сезім бар. Аман жүрсе болар. Айтпақшы, универде бірінші курсымда 8-наурызда қыздарға арнап рэп жазғам, қағаздан қарап оқып бердім концертте. Кешегі жылы Айымгүлге де арнап жазғаным бар еді, алдағы күндері соның жалғасын жазғым келеді. Проза жаза алмаймын, негізі. Бірақ өзімше «Мен көрген түс» повесін жазбақшымын. Әрине, өзім үшін. Әлияға арнап. Орыс тіліне аударғым келеді. Орыс тілді қыздар көп қой. Соларға оқытып, бағасын алғым келеді. Өзім үшін, әлбетте.

-         Қызық екен! PR деп ойламайсыз ба? Отбасын құрмаған екенсіз.

Қашан құрмақшысыз?

-         Пиар деп ойламаймын. Егер ниетім сондай болса, бәлкім, ниетіме

жетер ме едім. Әлияға қай жігіт ғашық емес дейсің! Көп қой! Маңырап-мөңіреп жүрген қойлар көп! Бәлкім, жазғаным Әлияға да жетер. Бірақ одан ол зымырансыз аспанға зымырап кетеді деп ойламаймын. Көзім ашылған адаммын ғой! Дегенмен, нәтижесін білмеймін, уақытында көрерміз. Отбасын құру ойымда жоқ. Кейде жанұямның болғанын қатты қалаймын. Бірақ... білмеймін... қорқатын шығармын. Дегенмен, отбасын құрмауға тырысамын. Алматыға жетіп алсам, жұмысқа орналасып алсам... мақсатым сол болып отыр. Отбасын құрмауға да өз себептерім бар. Бірақ «анау-мынау» деп «ақыл» айтатын адамдар өте көп. Оларға дауа жоқ.

-         Отбасын құрғыңыз келмейтіні қызық екен. Сонда карьера жолын

қуасыз ба?

-         Жоға! Карьера қуатындар – ақша қуатындар ғой! Мен тек Алматыда

жұмыс жасап, шығармашылығыммен айналысқым келеді. Әке-шешемді асырағым келеді. Өкінішті... Отбасым туралы қатты ашық айта алмаймын. Сырласатын адамым да жоқ. Әйтпесе, таңда үйден шығып, түнделетіп жүріп, үйіне таңда келетін бұзық жігіттерде де сыр бар.

-         Достарыңыз жоқ па сонда?

-         Дос, жолдас, танысым деп бөле бергім келмейді. Әйтеуір, ниеті жақсы

болса да жетіп артылады. Достарым жоқ десем, мені дос тұтып жүрген адамдарды ренжітіп алуым мүмкін. Тек олармен көріскен кезде ғана сөйлесіп, әңгімелесіп, сырласамын. Ал былай телефон арқылы хабарласып... өте сирек сөйлесеміз. Дегенмен, менімен төрт жыл оқыған адамдар маған деген жақсы ниетте, жақсы қарым-қатынаста. Тіпті, кластастарым да көрген жерінде амандасып, жағдайымды сұрап жатады.

-         Түсінікті. Өзіңізді қандай адаммын деп есептейсіз?

-         Енді өзімді мынандаймын деп нақты сенімді боп айта алмаймын.

Құбылмалы адаммын. Кейде күліп тұрып, ашуланып жұнырып кетем. Бірақ көбінесе ашық жарқын жүзді боп жүрем. Енді әр адамның «не айтады екенін» аңдып жүре алмайсың ғой. Кейде жақсы боласың, кейде жаман боласың. Бірақ адамнан тек жақсылықты ғана күтуге болмайды. Себебі Алла адамның бойына жақсылық пен жамандықты бітірді. «Мен жамандық жасамаймын» деген адам өзінің ақымақ екенін жақсы біледі. Жамандық деген – нәтижесінде адам зиян шегеді, қиянат жасалады. Менің де жамандығым аз емес.

-         Мәселен...

-         Google-ға «Жансанов Медет» деп терген адам көптеген мәліметтер

табады деп ойлаймын. Мені жұрт агент арқылы жақсы таниды. Агентте не істемедім, бірақ өкінемін деп айта алмаймын. Әрине, қателіктер жасадым, жамандықтар да. Алайда қазір агентті қойыңқырадым. Вконтактені паналап жүрмін. Әрине, «мен осылай жасадым» деп күнәларымды жайып айта бере алмаймын. Алла менің күнәларымды жасырса, менің оларды жария етуім – өзіме екі есе кесір. Кейде адамдар менің де сондай тірліктерімді жария етіп жатады. Мен ренжімеймін. Себебі мен не ойланып жасадым, не қызық көріп жасадым, не білместікпен жасадым. Абай атамның бір қара сөзінде осы жайлы айтылады. Мәтіні нақты есімде жоқ. Айтады: қазақта ауылдасы ұятқа ұшыраса, жұртпен бірге жабылып кеп жамандайды. Ал өзі ұятқа қалса, «жұрттың бәрі сөйтіп жүр, менің де жасағаным сөз боп па» деп. Сол секілді менің де қателіктерімді, қисық қозғалыстарымды журналисттер секілді «сенсация» жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Киноларда айтып жатады ғой: «Ты портишь мне репутацию» деп. Жоқ! Мен өз абыройым үшін алаңдамаймын. Мен қателік жасасам, егер оның қателік екеніне сенбей, соңына шейін айтқанымда тұрып алсам, сондай кездерде «мынауың дұрыс емес!» деп адамдар жаны ашып айтса, бәлкім, ойлануым мүмкін, есім бүтін болса. Болмаса одан да бетер адасуым мүмкін. Ал егер осындай қателіктеріме «мынау сөйтіп жүр екен» деп айдаладан айтып жүрсе, ондай адамдардың ешқандай да жаны ашып тұрған жоқ. Бар болғаны қызық көріп, ұпай жинап, мені мазақ қылғаны. Ал егер мен өз қателігімді мойындап, оны дер кезінде тоқтатсам, онда одан кейін адамдардың ақыл айтуы бекершілік. Себебі мен адамдар айтамын дегенше райымнан қайтып қойғанмын. Қателік деген, әлбетте, жақсылық емес, бірақ зиян шегуші адам кеңшілік жасап, көрегендік танытып жатса, мәселе басқаша болар ме еді! Ал зиян шегуші адам тым қатты «әсерленіп» кетсе, өзінің де ақымақтығынан бар. Жамандық пен қателіктің айырмашылығы жер мен көктей. Жамандықта жасаушының ниеті жаман, ойы арам, пиғылы теріс болуы керек. Ал қателікте тек қызық үшін, нәпсі қалауы бойынша немесе жәй ғана ашу болуы мүмкін. Бірақ арам ой, жаман ниет болмайды. Сондықтан жамандық пен жақсылыққа критерий мен принцип қоюдың қажеті жоқ. «Жақсылыққа жақсылық әр адамның ісі еді, жамандыққа жақсылық ер адамның ісі еді» деген бар. Әрине, тереңірек айта беруге болады. Бірақ түсінетін адам бар, түсінбейтін адам бар. Өмірді қоғам боп сүреміз. Жалғыз емес. Сондықтан жалғыз өзімізге жамандық жасалып жатқандай айды аспаннан келтіріп, жұлдыздарды жерге шашудың қажеті жоқ деп есептеймін.

-         Түсінікті. Дұрыс қой, әр адам әртүрлі әлем өздігінше. Пікір де

түрлі. Айтыңызшы, интернетке кіретін шығарсыз, қандай сайттарға көбінесе кіресіз?

-         Бірінші кезекте поштамды тексеремін. Содан соң ВК-ға кіремін.

Интернеттің жылдамдығы керемет болса, кино көргім келсе, кино көремін. Болмаса youtube-ты шарлаймын. Massaget.kz-ке де кіремін. Онша көптеген сайттарға кіре бермеймін. Жаңалықтарға қызықпаймын, модаларға қызықпаймын... Тағы не айтуға болады... Жалпы, оқуға ерінем, жалқаумын. Одан да адам баласымен бетпе-бет сөйлескім келеді. Бәлкім, болашақта интернетке кіруді азайтармын. Енді Мегалайн жоқ қой, рахаттанып кіретін. Интернетке кірмеген өзіме де жақсы. Бірнәрсені қызық көріп, сынайын деп, қуып кетуім мүмкін агенттегідей. Троллизм жасауым мүмкін.

-         Түсінікті. Массагет.кз жөнінде айтсаңыз...

-         Айтатын несі бар! Әйтеуір, адамдары өздерінің сүйікті істерімен

айналысып жатыр. Әрине, Массагетпен толықтай жүз пайыз келісемін деп айта алмаймын. Мен тек блогтарына кіремін. Өзімдікін жазамын, жұрттікін оқимын. Онда да тақырыптарына қараймын. Поэзияны онша оқи бермеймін. Сосын қате жазылған болса, оқуға ынта бола бермейді. Тақырыбы маған қызықты болса ғана оқимын. Жалпы, Массагетте тек қазақ жастары жарысып жазады. Массагетте екінші аккаунтпен жүрмін. Біріншімді белгілі себептерге байланысты «пічік» еткізген сондағылар. Дегенмен, ренішім жоқ. Қателік өзімнен болды. Енді тағы қателік жасап, «пічік» болсам, жаңадан аккаунт ашпаймын. Бірақ жұрттікін оқып жүретін боламын. Пікір жазуға онша жоқпын. «Рахмет! Бақытты болдарды» ғана жазатын сияқтымын.

-         Қанша тіл білесіз, Меке?

-         Қазақ тілді де тиісті дәрежесінде біле бермейміз. Орыс тілін ұмыта

бастадым ба, әйтеуір, миым ашитын болыпты. Ағылшын тілін мектепте үйреткенінен есімде қалғаны болмаса. Тіл үйренуге ниетім жоқ. Түрік тілін үйреніп, келешекте Түркияға көшкім келген. Әрине, оның да өз себептері бар. Адамдар «мияулай» беруі мүмкін. Бірақ болашағымның қандай болатынын білмеймін. Шығармашылығымның қызығын көрсем бе деймін тек.

-         Сұхбатыңызға рахмет! Келесі сұхбатта кездескенше!

-         Сізге де рахмет!