Автобустағы өмір

Автобустағы өмір
жеке
блог

Студент болған соң анда-мұнда қозғалыстың бәрі автобус арқылы жүзеге асады. Қарап отсам, 4 жылдық уақыттың кемінде екі айы автобуста өткен секілді. Бұл бір қызық орын автобустың іші деген. Мұнда неше түрлі тағдырлар, неше түрлі сұм ойлар, қаншама киімі жоқ адамдар, сан мың адамы жоқ киімдер, әдемісі де, түрі қайтыс боп кеткендер де...бәрі-бәрі бар, оның үстіне олар күн сайын бар, иә. Кіммен көрші болмайсың десейші, кәрі-құртаң, шал-шауқан, жасы-жасамысы, ойын баласы, ең ақыры иттерге де бір бұрыштан орын табылады.
Негізі байқаған адам болса, сәбиден сәбиге тән керемет жұмақтың исі шығады, ой бір рахаттанып иіскей бергің келеді. Ал қарттардан қарттың исі шығады, бұл енді анау бір нәрсенің исі сияқты деп салыстыра алмайм, өйткені ондай иіс жоқ шығар айта қоятын. Бір тұншыққаның сондай, жақтырмағаның түріңнен айқайлап көрініп тұрады. Бір қызығы, бұл иістер көбіне қаланың жасы келген адамдарынан, өзге ұлт адамдарынан шығады. Өз басым, ауылдық өлкеде бұлай сасыған бірде-бір егде кісіні кездестірмеппін. Тіпті немерелер деген ата-әжесінің құшағына тығыла түсіп, мойнынан асылып ап, жанынан шықпай қояды ғой. Сонда олардың осындай бір жағымды болғанының сыры қандай деп сол автобуста тұрғанда ойландым. Енді қала деп бәрін жамандаудан аулақпын, бірақ мына намазхан аталарға бір сүйсінемін. Миск деп аталатын хош иісті әтірді сеуіп алып, мұнтаздай таза, көбіне ақ түсті киіммен мешітке қарай бара жатады. Бұл кісілермен көрші боп қалсаң, тағы да бірге тұра тұрсақ екен деп ішің жылып, ұнатып қалғаның.
Бұл қала дегеннен бір ұнатпайтыным – орыс кемпірлердің футболка мен шортик киіп жүруі. Көзіме шын ерсі көрініп, бетті қоя бер, денедегі жуылғаннан кейінгі мыжылған киім секілді әжімді теріні көргеніңде, езуіңе ұшық шықты дей беріңіз. Ол ашық дене онымен қоймай автобустың ыстығынан жіпсіп, терлей бастайды. Фууу, не айтып кеттім, не айтсам да шындықты айтып жатқаным рас. Айналайын ауылдың ақ әжелері-ай, тіпті орамалынан шығып жатқан бір-екі тал шаштың өзін тықпыштап, етек-жеңін жинап, түрлі-түсті киімдерімен көз алдыңда гүл болып жүреді.
Қыз туралы әңгіме бөлек. Рас, аңқып танауды қытықтап, қолқаны атып, ғажайып исімен құлатып тастайтын қыздардың исін де құшырлана иіскей алмайсың, өйткені мұрынның зинасын жасап жатқаныңды білесің. Оқыс тоқтаған не бұрылыс жасаған автобустың әрекетінен қайта-қайта жаныңдағы қызға соқтығысасың, ал қыздар ондайда әлсіз болғандықтан, кенеттен болған тоқтаудан үстіңе мініп кете жаздайды. Түріңде еш өзгеріс болмайды, сыр білдірмейсің, ал бірақ ішіңде алай-дүлей толқындар сапырылысып жатады сол сәтте. Тағы да соға түссе екен деп қаласың, еркек боп жаратылған табиғатың бар ғой енді.
Кемпірлерге олай соқтықпайсың, тұтқадан тас қып ұстап аласың да орныңнан мызғымайсың. Оларды да өзіңе соқтырмауға тырысасың. Жақтырмайсың ғой, өйткені денелері ашық-шашық.
Осындай қайнаған өмір автобустың ішінде күн сайын болып жатады. Қаншама адамға, әсіресе қыз баласына көзіңді қадап қаласың байқамай, шайтан шіркін қойсын ба. Өзіңе де қаншама көздер қадалып жатады. Ондайда мойныңды тіктеп, шашыңды түзеп жатқаныңды өзің байқамайсың, әй қыз алдындағы еркектің табиғаты-ай.
Жаныңда көрші болған адам сүйкімді, жағымды иісті, әжептеуір адам болса, автобустан түсер кезде одан айырылғың келмегендей бір қимастықпен қоштасатын секілдісің. Шығар есіктің алдына келіп тұрып, қайтадан сол адамға, көбінесе қызға қарайсың, оның да саған білдіртпей қарағанын байқап қоясың.