Еуропаға саяхаттан естеліктер - 2

Еуропаға саяхаттан естеліктер - 2
жеке
блог

Қаланың түнгі өмірі сағат екіден кейін басталады. Айнала самаладай жарық. Кез келген жол бойымен қорқынышсыз емін-еркін жүре бересің, тонаушыны еске алмауға да болады. Құнды ұялы телефон мен әмбебап фотоаппаратты қысылмай ұстап, жырқ-жырқ суретке түсіре бересің.Көше бойына бірнеше үстел қойып кафе аша салатын италияндықтар үшін таңға дейін - көңіл көтеру уақыты.

Еуропада ең қиналғанымыз тамақтану машақаты болды. Шошқаның етінен мың түрлі ас дайындайтын кафе, ресторандардан көз сүрінеді. Тіпті кейбірінің кіре берісіне басына қалпақ, аузында сигара, көзінде көзілдірік киген шошқаның қазандай жиіркенішті басын іліп қойған. Құдды «Ассаламуалейкөөөөөм, қош келдіңіз!» деп тұрғандай. Халал тағам табу қиынның қиыны. Оның өзі бірен-саран ғана түрік бауырлардың және бангладеш, үнді мұсылмандарының кафелерінен табылады. Бұл халықтардың ащы дәмдеуішпен дайындайтын тағамдарынан кейін олардан да бетің қайтып қалады. Сабындай езілген спагетти мен пиццалардан және Макдональдстың бургер, фрилерінен әбден ашынған асқазан «ерікті түрде бас тартты». Бәрін қойшы, іздеп жүріп сиырдың етін тауып алып, оны қазанға асып, сондағы сорпасын ішкендегі маңдайға тердің бұрқ ете қалғанын айтсаңшы, жарықтық. Туған еліңе, бала жастан таңдайды еріткен жеңсік асыңа, айналып кетейін қазақтарға, көлді, шөлді, құнарлы, мұнарлы, таулы, баулы, кең байтақ туған жеріңе ештеңе жетпейді екен, соны анық білдім.

Мұндай мүмкіндік туа бермейді деген біздің тобымыз шаршауды ұмытып (саяхаттап жүрген адам әсте шаршай ма) Римді, Венецияны, Миланды аралап бітіп, одан соң Испанияға жол тарттық. Онда Салоу жағажай қаласына келіп, теңіздегі ғажайып бір аптаны өткіздік. Жоғарыда айтқанымдай, еуропа жұртшылығы мұсылмандықтың ең ұлы сипаттарын бойына жинаған ел болғанмен, рухани жұтаңдап, имани азғындаған ел. Оны жағажайға жиналған қалың көпшілікке қарап күмәнсіз айтуға болады. Еуропалық топлесс, яғни тыр жалаңаш жүру «мәдениеті», дәлірек айтқанда жахилиятының түп-төркіні осында бастау алып жатыр. Жас-кәрі, ұл-қыз, ана мен қызы, әке мен баласы демей, ешкімде титтей ұяттың белгісі жоқ. Иманы бардың ұяты бар дейтін қазақ ұлдары және толықтай киімшең қазақ қыздары таң ерте атқанда және күн батқанда бүкіл жағажай адамнан босағанда ғана барып теңіздің таудай толқындарымен арпалысып, суға жүзіп жүрді.

Барселона қаласына барып, бір апталық оқуымызды тәмамдадық. Адам және Франк есімді мұғалімдеріміз ағылшын тілінде сабақ өтіп, білгенімен бөлісті. Ол да бізден Қазақстан туралы көптеген мағлұматқа қанықты. «Сендер бақыттысыңдар» дейді ол. Мойындау керек, сабақтың уақытында ұстаздан Испания туралы, өзі туралы, Каталония туралы тәптіштеп сұрадық. Бізге қызық болғаны Каталонияның Испаниядан бөлінгісі келгені. Ол жайында Адам былай дейді:

-  Мемлекетке негізгі басым пайданы түсіріп отырған Каталония. Соған қарамастан мемлекет бұл өңірге ешбір өзгеріс, ешбір көмек, зауыт, мектеп, өндіріс салмады. Бір ғана мысал, Испанияны өзге елмен қосатын жаңа бір темір жол құрылысы салынбақшы. Бұл құрылыс таулы тасты болып келетін аудандар арқылы өтпекші, оған кететін шығынды есептеудің өзі қорқынышты. Ал неге темір жолды Каталония арқылы жүргізбейді? Жер де тегіс, шығын да аз, шет елге шығуға да қолайлы. Енді өзіңіз ойлаңыз, біз қаншама салық төлейміз, алайда балаларымыз ескі мектепте, мешеу аудандарда, жеткіліксіз біліммен, жұтаң өмір сүреді. Бұл үрдіс созыла келе көптеген көкірегі ояу, көзі ашық адамдар ойлана бастады. Сендер осында көптеген үйлердің балкондарынан сары түстес Кубаныкіне ұқсайтын жалау көрген боларсыңдар. – Иә! – деп жауап бердік әңгімеге қыза түсіп. – Міне, өздерің білесіңдер, кезінде Куба Испанияның отары болды, кейіннен бостандық үшін күресіп, тәуелсіздігіне қол жеткізді. Қазір де Каталонияда сол іспеттес бостандық қалаған азаматтар осындай жалауларымен ерекшеленеді. – Адам ұстаз, бұл үрдіс қаншалықты тез жүріп жатыр? Демократиялы ел бұл бөлінуді бейбіт жолмен шешуді құптай ма? – деген сұраққа: - Білесіздер ме, қазір Каталонияның Испаниядан бейбіт бөлінуін халықтың 60%-ы қолдап отыр. Неге түгелдей қолдамайды дейсіздер ғой? Жалпы әрбір испан отбасындағы алғашқы бала әке-шешесінің орнын басады. Былайша айтқанда, ол мұндай бөлінуді құптамайды деуге болады. Қара шаңырақтың отын үзбей отырсам болды деп санайды. Екінші бала дін қызметшісіне айналады, яғни оның да қақ-соқпен шаруасы жоқ, жаны тыныш болса бітті. Тек үшінші балаға шекаралар ашылып, еркін өседі, ол шетелге оқуға кетеді немесе өз алдына бизнеспен айналысады. Бір сөзбен айтқанда тәуелсіз, өзіндік пікірі бар, көзі ашық, өзгеше ойлауымен ерекшеленеді. Қазіргі кезеңде осы үшінші бала толқынының нәтижесінде Каталонияның бөлінуі жүзеге асуда. Мен де осылардың қатарынанмын. Бұл үрдіске өзім белсене қатысамын, - деп толқыныспен жауап берді ұстазымыз.